Басты ақпаратҚала тіршілігі

ЕСІЛГЕ ТҮКІРГЕННІҢ ЕСЕСІ КЕТСІН



Есіл өзені – елордамыздың ерекше көркі. Өзен Қарағанды облысының солтүстігіндегі Нияз тауы етегінен бастау алып, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарын басып өтіп, Ресей аумағындағы Ертіске құяды. 1998 жылы Есілдің бойындағы елге ел қосылып, жаңа қала бой көтергенде елорданың мөлдір алқасының жағалауын көркейту қолға алынды. Есіл жағалауы қала халқы мен қонақтарының демалып, қайықпен серуендейтін жеріне айналды. Есілдің Астана қаласының әкімшілік шекарасы шегінде Кенесары айлағынан басталып, сол жағалауға дейін 45 минутқа созылатын туристік су жолы ашылды. Қаланы қиып өткен өзеннің екі жағалауын көмкерілген көпірлері жақындатса, жыл – он екі ай Есілге қармақ салған балықшылар үшін өзеннің орны бөлек.

Есіл өзені шортан, тұқы, сазан, ақ шабағымен бай. Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы өзенді балыққа тол­тырып, оны аулаудың тәртібін бекітетін бірден-бір мекеме. Спорттық, әуесқойлық мақсатта балық аулауға рұқсат беріп қана қоймай, балық ресурстарын қорғау, балық аулау ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Инспекция Есілдің балық ресурс- тарын молайту мақсатында жыл сайын бағалы балық түрлерімен, атап айтқанда, тұқы, сазан, балықтарымен толықтырады. Биыл жаздың басында 10 млн тұқы балығын жіберуді жоспарлап отыр. Одан бөлек күздің алғашқы айларында суға шабақтар жіберіледі. Балықтар инкубациялық цехта ұрықтандырылып, «Майбалық» питомнигінде жетілдіріліп, қайтадан өзен суына жіберіледі. Қолдан балықтандыру Есіл өзенінің суасты экожүйесін қалыпты ұстап тұруға септігін тигізеді.

Есіл өзенінің елордадағы екі арнасы – Сарыбұлақ пен Ақбұлақ. Ақбұлақтың жағалауы көркейтіліп болса, Сарыбұлақтың экологиялық жағдайы алаңдатады. Қала тұрғындарының суды ластауға жол беруі, тұрмыс қалдықтарын тастап, арнасын тарылтуы олардың мәдениетінің төмендігінен деп айта­мыз. Бұл – суын ішіп отырған құдыққа түкірумен бірдей. Адамдар тастаған қоқыс арқылы ауыр ме­талдар, улы заттар Есілдің суына түседі. Себебі, екі бұлақ та Есілге құяды. Сол себепті, белгіленген тәртіппен жағалауларда су қорғайтын алаңдар жасалуы қажет. Лас сулардың да өзенге құйылуын қадағалаған жөн. Ондай жерлерде ағаш отырғызып, гүл егіп, лас судың ағынына қорған салу қажет. Бірақ тұрған жерін ластайтын тұрғындарға тиым салудың тиімді жолы айыппұл салумен шектелмесе керек.

Қала халқын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған Есілдің суы. Оның қорын пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттік басқару мен мемлекеттік бақылауды жүргізетін мекемелердің бірі – «Су ресурс- тарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясы». Бұл мекеменің құзырына су кешенін тиімді басқару, су қорын пайдалану мен қорғауға, су нысандарын қалпына келтіру, арнайы су пайдалануға рұқсат беру жұмыстары кіреді. Судың жай-күйіне әсер ететін өндірістік, ауыл шаруашылық және тұрғын үйлер мен азаматтық мақсаттағы ғимараттардың, өндіріс орындарының тиімділігі, олардың қоршаған ортаға зиянын анықтап, оның жолын кесетін шараларды үйлестіру жатады. Міне, Есіл суының сұрауы осы мекеменің міндетінде. Қала халқы ауыз суын алып отырған, қазір «Астаналық» аталған, бұрынғы «Вячеславка» су бөгені 1969 жылы салынған екен. Жоба бойынша 410,9 млн.м3 суға арналған. Қазіргі көлемі 254,91 млн.м3, 62,04 пайызға толтырылаған, яғни, 156 млн.м3 тапшылығы бар. Бүгінде жердің әрбір алтыншы тұрғыны ауыз судың тапшылығын сезініп отыр. БҰҰ зерттеулеріне қарағанда, 2025 жылы жер шарының жартысы­нан астам мемлекеті ауыз судың жетіспеуін сезінеді. Ал, ғасырдың ортасында төрт адамның үшеуіне су жетіспейтін болады екен. Ендеше, ел ырзығы – Есілдің суын ел болып қорғап, сақтаудың жөні бар.

Айгүл УАЙСОВА 




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button