Басты ақпарат

ФОТОШЕБЕР: ШЫНЫ МЕН СЫРЫ



Журналистермен бірге әрдайым қыз-қыз қайнаған тіршіліктің ортасында болып, көпшілік байқамайтын дүниелерді «шырт еткізіп», қас-қағым сәтті мәңгілік ететін «сиқыршылар» арамызда жүр. Сиқыршы деп отырғанымыз – біздің сүйікті фототілшілер. Астана елорда болғалы бері қаланы әртүрлі ракурстан сан мың рет түсіріп жүрген астаналық фототілшілер жайлы білетініңіз көп пе? Бүгін біз «Қазақпарат» агенттігінің фототілшісі Мұхтар Холдорбековпен және «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Игорь Бургандиновпен сұхбаттасып, оларды әңгімеге тарттық.

Игорь Бургандинов, 1998 жылдан бастап
«Казахстанская правда»
газетінде фототілші:

1. Негізі мамандығым – құрылысшы-инженер. Фототілшілікке кеңес заманының қайта құру кезеңінде келдім. Әуесқой фотограф ретінде кеңестік және шетелдік көрмелерге қатысып тұратынмын. Ал 90-жылдары фотосуреттерімді ағылшын тіліндегі журналдарға жіберіп, нәпақамды табатынмын.
Фотожурналист мамандығын арнайы оқымағандықтан, кәсіби фототілшілерден бар білгендерін үйреніп, фотоклубқа қатыса бастадым. Кейін Мәскеуде халықтық өнер институтына ақша төлеп, оқуын оқып алдым. Міне, сіз сұрамасаңыз, «Казправдаға» алғаш рет 25 жыл бұрын келгенімді ұмытып та кетіппін.


2. Суретті бір көргеннен-ақ «Ох!» деп таңдансаңыз – сол кадрдың ұтымды шыққаны. Ол міндетті түрде фото­­өнер­дің барлық қағидасына бағынуы шарт емес. Керісінше, сол заңдарға қайшы келсе, тіптен тамаша! Маған жанрлық суреттер ұнайды, ол дейтініміз – адамның қимыл-қозғалысын, көңіл күйін шынайы кейіпте көрсету.
3. Өміріме қауіп тудырған түсірілімдер биіктікпен байланысты болды. Ұшақта, тікұшақта отырып-тұрып шүріппені басу өте қиын. Көп жағдайда есікті ашып, басымды шығарып қойып түсіруге мәжбүр болдым. Фотоаппаратты мо­йынға іліп алып, сықырлаған баспалдақтармен жоғары қабатқа көтерілуге де тура келді.
4. Суреттерімді бір рет сыннан өткізіп алуды жөн санаймын. Бірақ қалай дегенмен де, өз-өзіңе әділ баға беру қиын. Кейде саған керемет туынды болып көрінген фото, шын мәнінде, нашар болуы мүмкін. Ол кезде суретті қоя тұрып, оған біраздан ке­йін қараған дұрыс. Он жыл бұрын көпшіліктің пікірін білгім келіп, бір сайтқа суреттерімді жүктеген едім. Жақында ғана сол сайтқа кірсем, фотоларым әлі тұр екен. Сонда «мына суреттер тәуір екен ғой» деген ойға келдім.
5. Елордада ерекше ұнайтын көріністің бірі – өзеннің жағалауы. Маған ағып жатқан өзен мен жайқалып тұрған ағаштардың айналасында тынығып отырған адамдарды объективке тарту ұнайды.

6. Адамдарды жағымсыз кейіпте көрсетіп тұрған немесе өңі қашқан, дәрменсіз халін түсіруден бас тартамын. Өлім-жітік, соғыс алаңын түсіру де қолымнан келмейді. Әсіресе, ол жерде балалар болса, психологиялық тұрғыдан күрделі.
7. Арманым – көшеде қайнап жатқан тіршілікті барынша көрсететін суреттің авторы атану. Жалпы планнан ірі планға дейін кем дегенде алты планнан тұратын фотода бүкіл өмір бейнеленсе деймін.
8. Әрине, Астана жылдан-жылға көркейе түсуде. Бір қызығы, ешқашан салынып жатқан ғимаратты «болашақта керек болар, түсіріп алайын» деген ой болған жоқ. Көбінесе қаланың тыныс-тіршілігінен сыр шертетін суреттерді түсіріп алуға тырысатынмын. Мен үшін ең бас­тысы – мән-мағыналы және эмоцияға толы фотоларды түсіру.

Мұхтар Холдорбеков,

2003 жылдан бастап «ҚазАқпарат» агенттігінде фототілші:

1. Өзбекстанның Сырдария өңірінде дүниеге келдім. 15 жыл бұрын тарихи отаным – Қазақстанға оралып, Астанада тұрақтандым. Ташкент мемлекеттік университетінің журналистика факультетін өзбек тілінде тәмамдадым. Елге оралғаннан ке­йін фототілші мамандығына ауысуға тура келді. Көңіліме де жақыны – осы сала. Жас­тайым­нан фотоға түсі­руді үй­реніп, машық­танып алдым.


2. Композиция және техника жағынан үйлескен кадр сәтті шығады деп ойлаймын.
3. Жұмысымды алғаш бастағанда небір қиындықтарды бастан өткердім. Осылай жүріп, бұл салада 15 жылды артқа тастадым. Кәсіби тәжірибе жиналды, сондықтан болар, сурет түсіру барысында қиындыққа аса тап болмаймын.
4. Сынға оң көзбен қараймын. Сын бар жерде өсу де, өрлеу де болады. Ал өз жұмысыма баға бере алмайтынымды нақты білемін.
5. Менің ойымша, Ақорданың терезесінен түсірілген кадр елорданың ең көрнекті жерлерін көрсетеді.
6. Түсіруге рұқсат етілмейтін ғимараттар мен нысандар бар. Қазіргі таңда этикаға қайшы кадрлардың дұрыс ракурсын таба алсаңыз, фото ерекше (креативті) болып саналады.
7. Жабайы жануарлардың тыныс-тіршілігі мен табиғаттың тылсым құбылыс­тарын түсірсем екен деп армандаймын.


8. Иә, осы жылдар аралығында елордадағы көптеген өзгеріс­тердің куәгері болдым. Мәселен, жыл сайын қала күнінде Елбасының қатысуымен жаңа ғимараттың ашылу салтанаты өтеді. Тарихи оқиғаның куәсі болып, оны суретке түсіру – мен үшін үлкен мәртебе.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button