Басты ақпаратТуризм

Ұлы Даланың Ұлытауы

Ұлытау – ежелгі тарихи ескерткіштерімен, жанға жайлы өзгеше аурасымен талай адамды тартатын шежіре мен сырға толы қасиетті өлке. Палеолит, неолит дәуірлерінің іздері сайрап жатқан өңірде одан бергі замандардан да хабар беретін мұралар жеткілікті. Ұлт ұясына баланатын мекенді көрген де, көрмеген де арманда.

ҚАСИЕТ ҚОНҒАН ӨЛКЕ
Бұған қашан, кім айтқаны белгісіз «Ұлытауға бардың ба? Ұлар етін жедің бе?» деген сөз дәлел бола алады.
Таяуда Қарағанды облысы­ның әкімі Ерлан Қошанов об­лыс­тық мәслихаттың сес­сия­сында депутаттар алдында есеп беріп, Ұлытауда қонақтарды қабылдайтын орталық пен этноауылдың құрылысы жос­парланып отыр­ғанын мәлімдеді. Бұл туризмді дамыту үшін баяғыда қолға алынатын нәрсе еді. «Ештен кеш жақсы» демекші, енді бұл жоспардың көпке сөзылмай іске асуын тілейміз. Себебі бұл өңірде кө­ретін де, бір көрген адамды рухани ба­йы­татын да мұра көп.

АҚМЕШІТ ӘУЛИЕ – АСАН ҚАЙҒЫ МА?
Қазақстандағы жалпыұлттық қасиетті нысандар тізімі­нің жобасы жасалып, оған 100 нысан енгені белгілі. Оның
өзі бірнеше тармаққа бөлінеді. Соның ең алғашқысы «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» деп аталатын тармағын Ұлытаудағы Ақмешіт әулие биігі ашып отыр. Яғни, кезінде академик Әлкей Марғұлан зерттеген бұл нысанға жобада №1 орын берілген.
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, осы нысан тізімде Алтын шоқы және Едіге биігімен топтастырылып, ансамбль құрап отыр.
Бір қызығы, Оңтүстік Қа­зақ­стан облысы Бәйдібек ауданы аумағында Ақмешіт әулие үңгірі деген жер бар. Екеуінің арасында қандай байланыс барын білмедік, Ұлытаудағы Ақмешіт әулие биігіне келсек, филология ғылымдарының докторы Шәм­шиябану Сәтбаева «Асан қайғы бабамыз Ұлытауда, Ақмешіт әулие деп аталатын қорымда жатыр» деп жазады. Кейбір зерттеушілер Ақ­мешіт әулие Асан қайғының өзі десе, кейбірі әулиені бабамыздың досы дейді.
Қалай дегенмен де, жердің қасиеті одан кеміп қалмайды деп ойлаймыз. Оның үстіне, онымен бірігіп тұрған Алтын шоқыға Әмір Темір құлпытас қойдырып, белгі қалдырды. Құлпытасты өткен ғасырдың отызыншы жылдары экспедиция кезінде академик Қаныш Сәтбаев тапқан. Оның көшірмесі қазір Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында, ал түпнұсқасы Санкт-Петербургтегі Эрмитажда тұр. Кезінде Тайқазан қайтарылғанда бұл жәдігерді де алдырту мәселесі көтерілген. Алайда іс аяқсыз қалды. Осыдан екі жылдай бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында бұл мәселе тағы қаузалды. Әзірге нәтиже бермеді. Ал Едіге биігінде бір-бірімен шабысып өткен Алтын Орданың хандары Едіге мен Тоқтамыс қатар жатыр.

ТЕРЕКТІДЕ ТЫЛСЫМ БАР
Жезқазған қаласының шы­­­ғы­сынан 90 шақырым,
ал Те­ректі стансасының сол­түс­тік-батысы­нан 20 ша­қы­рым жер­­де ежелгі дәуірде тасқа қашалған суреттер мен пет­ро­­глифтермен тартатын Теректі әулие деген жер бар. «Ар­хео­логиялық және архитектуралық ескерткіштер» тар­мағына енген бұл нысан түрлі аңыздар мен мифтерге жетелейді. Тастардағы аң­­дардың бейнелерінде, халық арасында «әулие сырғанағы» атауымен белгілі және жылқы тұяғының ізі деп тү­сіндірілетін «Періштенің ізі» деген белгілерде тылсым бар. Бұл жер­дің таста­рында Әзірет Әли мен оның тұлпары – Дүлдүлдің іздері де қалған дейді кейбір ғалым­дар. Дәлел ретінде олар ХІ ғасырда өмір сүрген атақты ғалым әл-Бирунидің жазбаларын келтіреді.

 

… АЛАША ХАН БОЛҒАНДА
Алаша хан, Жошы хан,
Бесікте бала шошыған, – деген сөз бала кезімізден құла­ғымызға сіңісті болды. Қазір бұған алданбай, кеңес заманы­ның идеологиясы тудырғанын білеміз. Ұлытау топырағы осындағы Алаша ханның да, Жошы ханның да жер бесігіне айналды.
Алаша хан туралы алғашқы деректер Рашид ад-Дин еңбегі мен Әбілғазы шежіресінде кездеседі. Шоқан Уәлихановтың пікірінше, Түркістанның бір ханы (Қызыл Арслан) баласы ала болып туғандықтан, оны ұнатпай «Алаша» деген ат беріп, Сыр бойынан Арқаға жібереді. Аз уақыттың ішінде оның қасына жігіттер жиналып, елде беделі асады. Алаша білімпаз, кемеңгер кісі бол­ған­дықтан, алашаға салып, хан көтереді. Алаша хан, бір жағынан, алты Алаштың ортақ ата-тегі; екінші жағынан, иісі қазақтың ата-бабасының атауы.
Мәшһүр Жүсіп те Алаша хан тұлғасы туралы жазған. Белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев түрлі аңыздарды салыс­тыра келе, Мәшһүр Жүсіптің нұсқасын дұрыс әрі толымды деп тапты. Яғни, ғалымның пікірі Алаша хан алғашқы мәрте қазақ мемлекетін құрып, осы мемлекетті біртұтас елге айналдырды дегенге саяды. Оны оқып отырып, «Ұранымыз – Алаш, керегеміз – ағаш», «Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деген сөздердің сол дәуірден осы заманға жеткеніне көз жеткізгендей боламыз. Алаша хан аңыз бойынша «Алты Алашты» құраған тайпалардың түп атасы да болып саналады. Қазір кейбір зерттеу­шілер Шыңғысхан мен Алаша ханды бір адам дейді. Оның анық-қанығына әлі
ешкім жеткен жоқ.
Алаша хан кесенесі халық шеберлерінің қолымен XI-XII ғасырларда салынды. Ол
Қаракеңгір өзенінің аңғарында, Сарыкеңгір өзенінің құяр саласында биік жотаның үс­тінде тұр.
Ал Шыңғысханның тұңғы­шы Жошы хан туралы көбіміз білеміз. Ұлытауда орда тіккен оның өлімі туралы «Ақсақ құлан» атты халық күйі бар. Аңыз бойынша осы күй ар­қылы Кетбұға Шыңғысханға ұлы­ның қазасын жеткізген
деген әңгіме де бар. Домбыра­ның шана­ғындағы ойықты кейде сонымен байланыстырамыз. Ал кесенесінің салынған уақытын Жошы қайтыс болған ХІІІ ғасырға апарамыз. Ол кезде хан тура 40 жаста екен.

ЖОШЫНЫҢ ЖАУЫНГЕРІ
Жошының сенімді серігі, сарай мергені болған, Найманнан шыққан батыр Домбауыл кесенесі де Ұлытауда. Аңыз оның жауынгерлік өнермен қоса музыкамен байланысы болғанын айтады. Кетбұға күйші осы Домбауылдың ұлы деген жорамал да бар. Егер батырдың Жошымен шын байланысы болса, оның өмір сүрген дәуірін де ханның ғұмыр кешкен заманына апарамыз. Кесене де, сірә, сол заманда тұрғызылған. Алайда оның нақты уақыты анықталмаған.
Ұлытау жерінде тарихи ес­керткіштер осымен түгесіл­мейді. Мәселен, Болған ана кесенесі. Болған ананы әртүрлі аңыздар бірде Алаша ханның келіні, кейде Шыңғысханның немересі, Жошының қызы дейді. Ал «Саяси, тарихи оқи­ғаларға байланысты қасиетті орындар» тармағындағы Бұланты шайқасы – үлкен тақырып. Ол бөлек мақаланы қажет етеді. Бұйырса, алда Ұлытау тақырыбына әлі орала жатармыз.

Аманғали Қалжанов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button