Мәслихат

Гараждар орнына – мектеп



«Южный» және «Рассвет» гараж кооперативінің «жыры» бітпей жатқанына 10 жылдан асты. Жуырда қалалық мәслихат депутаты Сәрсенбек Жүнісов аталмыш гараж иелерімен екі рет кездесіп, түйткілдерін тыңдады. Депутат құрылыс салушы мен жауапты органдарға шығып, анық-қанығын тұрғындарға жеткізді.

Бұл гараждар ысыры­лып жатыр екен. Алайда иелері өтемақы ала алмай отыр. Сондай-ақ, тұрғындар ысырылу кестесі қайта-қайта өзгере берген соң, аумақтың толығымен босайтын уақытын біле алмай, дал болған. Оның үстіне, бұл жер қоқыс тас­тайтын орынға айналып кеткен. Маңайда біреудің мүлкін ұрлау жағдайлары да жиілеген.
Тұрғындар аталмыш жер теліміне құрылыс са­лушының белгіленгенін немесе белгіленбегенін білу, өтемақы қашан төлене бастайтынын анық­­тау үшін мәслихатқа шағымданды. Сәрсенбек
Жүнісов мұның бәрін анықтап берді.
Белгілі болғандай, құ­рылыс салушыға гараж­дарды ысыруды, өтем­ақы төлеуді жалғастыру үшін алдында қалалық әкімдікпен жасалған ке­лісімшартты созу керек. Депутат бұл қағаздарға қыркүйек айында қол қо­йылатынын жеткізді.
«Бүгінгі күні құрылыс салушыны ауыстыру қиын тиеді. Себебі ол 15 мыңға жуық гаражды сатып алып үлгерген. Әкімдікке ол үшін осыншама гаражды құрылыс салушыдан сатып алу керек болады. Тиісті фирма өзін жақсы жағынан көрсеткендіктен, осы күнге дейін алаяқ­тыққа бармағандықтан, әкімдік онымен келісімшартты созу шешіміне келді» деді С.Жүнісов гараж иелеріне. Бұған қоса, ысыруды жылдамдату мақсатында аумақтың бір бөлігі тағы бір ірі құрылыс компаниясына беріледі.

Жер телімдерін игеру бірнеше кезеңді қамтиды. Бүгіндері құрылыстың жобасы әзірленіп, бекітілген. Бірінші кезектегі құрылыс биыл Оқушылар сарайы артында басталады. Екінші және үшінші кезектегі жобалау мен құрылыс 2019 және 2020 жылдары қолға алынады. Гараждарды алу тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл үдеріс иелерімен келісу негізінде және инвестор бекіткен бағамен жүреді. Осы баға қазіргі күнге 2 млн теңгеден асады.
Сәрсенбек Жүнісовтің сөзінше, бұл аумақта мемлекет мұқтаждығы үшін үш жер телімі қарастырылған. Бұл жер телімдерінде 1200 орынға арналған мектеп салынады.
«Бұл ауданға кемінде екі мектеп керек. Егер осы жерде қазір тұрғын үй кешенінің құрылысы басталса, әкімдік өз тарапынан аумақты мектептің құрылысы үшін игере бастайды. Біз гараждар аумағының мүмкіндігінше жылдам игерілуіне мүдде­ліміз» деді депутат. Гараж иелері болса жағдайдың созылып кетпеуіне, өтемақы көлемі бойынша келісімге келетініне үмітті.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button