Таным

Халқының от жанары, оқ қағары



Мәңгілік есте қалар майдангерлер

Адамзат тарихында айрықша орын алатын Ұлы Отан соғысының аяқталғанына – биыл 68 жыл. Көпұлтты Кеңес Одағы ерекше қаруланған фашистік Германияны тізе бүктіріп, тек өздерін ғана емес, бүкіл әлемді құлдық бұғаудан құтқарып қалғаны сөзсіз.

Майданға аттанғандардың ішінде бір отбасынан бірнеше жан, тіптен отау құрып үлгермеген, 18-ге жаңа толған жастар қаншама!
Әкеміз сол күндерді есіне алып күніренеді, жыл сайын осы асыл ерлеріне, өз замандастарына, ағайын-туғандарына құран бағыштап отырады.

Бауырлары Қали Исабекұлы, Қамзе Иса­бекұлы 1941 жылы желтоқсан айында соғысқа кетіп, Калинин бағытындағы шайқаста қаза табады. Исабек атамның тағы бір бауырының баласы Дауылбай Алтынбекұлы Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп жүрген кезінде соғысқа аттандырылады, жау қолына түсіп, немістің концлагерінде қамауда отырып, ауылына ауру болып оралады.

Мұқыш Алтынбекұлы соғыстың алғашқы күнінен соңғы күніне дейін еңбек лагерінде болған, Қарағандының шахтасында жұмыс істеген. Немере ағасы Шөмен (азан шақырып қойған есімі – Садық) Жылқыбайұлы 1941 жылы жау қолына түсіп, соғыстың аяғына дейін концлагерьде болады. Еліне келгеннен кейін «сатқын» деген айып тағылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылады да, мерзімін Қарағандының іргесіндегі әйгілі Долинка лагерінде өтеп, туған ауылына дімкәс болып қайтады.

Ахмет нағашысының үш бірдей ұлы – Нұрбек, Егінбек, Қалибек соғыстың алғашқы күндерінде әскерге шақырылыпты. Егінбек пен Қалибек Сталинград шайқасында шейіт болған. Елге аман оралғаны Нұрбек көрінеді.

Әкеміздің ағасы Смағұл Әділбекұлы 1913 жылы туған, әскерге соғыстың алғашқы күндері шақырылып, соңына дейін жері үшін жаумен шайқасқан. Ең алғашқы жауға тойтарыс берген Сталинград майданы жауынгерлерінің қа­та­рында болған. «Смерч» деп аталатын барлаушылар тобымен Балтық жағалауында, Украинада шайқасып, Қиыр Шығысқа дейін жеткен.

Қазір сол Қойгелді ауылының боздақтарынан қалған жалғыз тірі көз – біздің әкеміз Темірғали Әділбекұлы 90 жаста. Ол ауылдағы жетіжылдық мектепті бітірген соң, Ақмола педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Бірақ, арманы мен үмітін үзген сұм соғыс білімін әрі жалғастыруға мұрша бермеді.

Әскерге шақырылған әкеміз Башқұртстандағы Алкино-2 бекетінде екі айлық байланысшылар даярлайтын қысқа мерзімді курстан өткен соң, 221-і жеке батальон құрамында қайнап тұрған соғысқа кіреді. 1943 жылға Курск доғасындағы шайқас тарихта неміс фашистерінің толық талқандалуының басы болып саналатындағы белгілі. Бұл атақты шайқаста жеңісті жақындату үшін мыңдаған жауынгер құрбан болды. Ал, әкеміздің ажалы жоқ екен. Бірақ ауыр жарақат алып, Мордовиядағы әскери госпитальда емделгеннен кейін елге оралады.
Алматыдағы милиция мектебін бітіріп, Ішкі іскер саласында Ақмола өңіріндегі Есіл, Державин (қазір Жарқайың), Вишневка (қазір Аршалы) аудандарында 32 жыл үзбей абыройлы қызмет атқарды. Еңбегі бағаланып, бірнеше рет марапатталды, соның ішінде өзіне ең қымбаты – «Үздік совет милициясы» деген атағы бар. 1975 жылы Мәскеуде өткен Ішкі істер министрлігінің үздік қызметкерлерінің Бүкілодақтық жиналысына Ақмола облысынан жалғыз өзі қатысқан. Өйткені, бар Кеңес Одағынан осы жиынға 322 адам қатысыпты, соның ішінде Қазақстанның әр облысынан бір адам. Сонда әкемізге «Құрмет грамотасы» және «Полет» сағатын салтанатпен табыс еткен.
Темірғали әкеміз қандай қиын-қыстау сәтте де бойындағы адами қадір-қасиетін, ертеңге де­ген үмітін жоғалтқан емес, оның бүкіл ғұмыры, ең­бек жолы заң күзетінде, адам өмірін қорғаумен өтті.

Әкенің орындалмаған арманын үш қызы жалғастырдық. Целиноград мемлекеттік пединститутын, Қазақ мемлекеттік университетін, Петропавловск пединститутын аяқтаған жо­ғары білімді ұстаздармыз. Ал, Айман қызы бай­ланысшы мамандығын игеріп, жасынан компартия қатарында болды. Әке жолын қуып, бір баласы мен жиені сол ІІМ-нің Алматыдағы арнаулы милиция жоғары оқу орнын бітірген. Енді бір жиен немересі Германияда білім алған. Қазіргі таңда әкеміз 14 немере-жиен және 14 шөбере сүйіп отыр.
Ұрпақтары асыл жанды, ардақты әкемізді мерейтойымен құттықтай отырып, әлі де ортамызда аманшылықпен жүре беруін тілейміз.

М.ӘДІЛБЕКОВА,
зейнеткер-ұстаз, еңбек ардагері
Ақмола облысы
Аршалы кенті




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button