Саясат

Жолдау халық арасында қолдау табуда



БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫНА ЗОР МҮМКІНДІК АШЫЛДЫ

Қайырлы ТӘУКЕН, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауы ерекше болды. Президент үш жылды қамтып, осы кезеңде елде жүзеге асырылуы тиіс міндеттерді белгілеп берді. Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компания­ларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырып, заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер 2020 жылдан бастап күшіне енуі керектігін, 2020 жылдың басынан микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімі күшіне енетінін айтты.
Президенттің бұл шешімі микро және шағын кәсіпкерліктің тиімділігін арттырады. Бұған қоса, кәсіпкерлікпен жасырын айналысып жүрген азаматтарға бизнестерін заңдастыруға, бизнесмендерге Ұлттық қордан кәсіпкерлікті қолдауға бөлінетін 100 миллиард теңгеге жуық қаржыны алуға мүмкіндік береді. Әсіресе, ауылда тұратын адамдарға істерін ашуға жол ашады.
«Бизнестің жаңа жол картасы» аясында үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлінетін болды. Мемлекет басшысы әлеуметтік бағыттарға, соның ішінде отбасы бизнесіне, ең алдымен, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға бизнесте қолдау көрсетуге айрықша көңіл бөлді.
Сауда ассоциациясының вице-президенті ретінде Президенттің халықаралық нарықтағы ұлттық бизнес пен өнімділігі жоғары орта бизнес­ті қолдауын қуана қабылдадым. Соның ішінде салықтық, қаржылық, әкімшілік ынталандыру шараларының енгізілетіні өте дұрыс болды.
Жергілікті бюджетті қалыптастыру және жинақтау кезінде келесі жылдан бастап шағын және орта бизнестен қосымша салық түсімдерін өңір билігінің құзыретіне беру туралы шешім аймақтарға үлкен демеу болады. Осылайша, тағы көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздыққа тосқауыл қойылып, халықтың өмір сүру сапасы артады. Жалпы Жолдау­да шағын және орта бизнесті қолдаудың маңызды мәселелері дер кезінде көтерілді.

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – МЕКТЕП ПАРТАСЫНАН

Жазира АСАНОВА,
Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы Стратегия,
талдау және цифрлық технологиялар бөлімінің жетекшісі:

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында білім мәселесіне ерекше тоқталғаны белгілі. «Жыл сайын 21 мыңдай мектеп түлегі кәсіби немесе жоғары оқу орындарына түсе алмайды. Жастардың бұл санаты жұмыссыздар мен маргиналдардың қатарын көбейтеді. Олардың көбісі қылмыстық және экстремистік топтардың торына шырмалады» дей келе, Президент оқушылардың қабілеттеріне негізделген кәсіби бағдарлау саясатына көшуіміз керектігін айтты.
Осы ретте елордалық Білім басқармасы еңбек нарығында талап етілетін мамандықтарды таңдауға бағытталған жоғары сынып оқушыларына арналған кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуде. Балаларға қаладағы Жарықдиод зауыты, Металл құрастыру зауыты, Локомотив құрастыру зауыты, «Цесна Астық» концерні, «Тұлпар-Тальго» АҚ, BI-Group құрылыс компаниясы, «Еврокоптер Қазақстан Инжиниринг» ЖШС секілді беделді ұйымдарда экскурсия өткізіліп, аталған мекеме мамандарының жұмыстары таныстырылды. Сондай-ақ мектептерде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Нәрікпаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университеті, Сулеймен Демирел университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Назарбаев университеті секілді ЖОО өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылады. Мұнымен қоса, кейбір астаналық мектептерде «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы іске асырылып, соның аясында шәкірттер хатшы-референт, тігінші, бала күтуші, ЭЕМ операторы, даяшы, шаштараз, маркетолог мамандықтары бойынша білім алып шықты.
Алдағы уақытта да мұндай іс-шаралар жалғасын табады.

 

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС КҮН ТӘРТІБІНДЕ

Дәулеткерей РАХМЕТУЛЛИН,
«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс»
РҚБ төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры:

Жолдауда бірнеше жылдан бері сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күрес мәселесі күн тәртібінен түспегені, сонымен қатар, орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына сарапшылар мен қоғамның қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы қалпына келтіру қажеттілігін ерекше атап өтті.
Сыбайлас жемқорлық қылмысы болған орында бірінші басшысы заңнамалық және нормативтік тұрғыдан жауапты болуы керек.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган қызметкерлерінің заңсыз жұмыс әдістері мен араңдатушылық әрекеттері байқалған жағдайда жұмыс әдістерін қатаң бақылап, тергеу орындарынан шеттеткен жөн.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жетілдіру бойынша қабылданған шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаны қазақстандықтар толығымен қолдайды. Жағымды өзгерістермен қатар мемлекеттік органдар, сондай-ақ азаматтар тарапынан болатын құқықтық нигилизмнің көрініс табуы алаңдатушылық туғызады.
Ресми құқықтық статистикаға сәйкес (1-ші форма), прокуратура органдары 2018 жылы мемлекеттік органдардың 2878 заңсыз актілеріне наразылық білдірді, 4 миллионнан астам әкімшілік іс тіркелді, прокурорлық қадағалау актілері 15,7 миллион адамның құқығын қорғады. Мемлекеттік ішкі аудит органдары жыл сайын қаржылық тәртіптің миллиардтаған заң бұзушылықтарын тіркейді.
Осыған орай, «Жаңару» бірлестігі кезек күттірмейтін мынадай ұсыныстарын жариялайды:
Біріншіден, нақты мерзімдері мен орындаушысы бар жол картасы түрінде алдағы үш жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны әзірлеу.
Екіншіден, қоғамда сыбайлас жемқорлықтың барлық көрініс­терінде одан тұрақты түрде бас тартуды алдын алу және қалыптастыру. Бұл үшін, жұмысты қоғамдық ұйымдарға жүктеп, «Білім қоғамы» қағидаты бойынша халық арасында ағарту жұмыстарын күшейту маңызды болып көрінеді.
Үшіншіден, соңғы екі жылда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта насихат жүргізу іс жүзінде гранттық қаржыландырудан алынып тасталды. Біз уәкілетті органның бұл ұстанымын қате және негізсіз деп санаймыз.
Төртіншіден, жақын арада саяси мемлекеттік қызметшілердің кірістері мен мүлкі туралы декларациялардың міндетті түрде жария етілуі туралы шешім қабылдау.
Бесіншіден, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қыз­метінің барынша ашықтығын қамтамасыз ететін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясатты жүргізу үшін өңірлер мен орталық мемлекеттік органдардың ресми рейтингісін енгізу.
Алтыншы, қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің жергілікті іс-шараларын насихаттау үшін 2015 жылдан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа да облыстарда жұмыс істейтін «ЖАҢАРУ» қозғалысының қоғамдық сенім орталықтарының тәжірибесін пайдалануды ұсынамыз.
Жетіншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама практикасына қайта оралып, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, сондай-ақ қолданыстағы заңдарды тәуелсіз сарапшылар мен қоғамдық ұйымдарға беру.
Сегізіншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауды тәуелсіз сарапшылар мен қоғамдық ұйымдарға жүктеу.
Тоғызыншы, мемлекеттік деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу жүргізетін журналистер мен жарияланымдарға қолдау көрсету және қорғау.
«ЖАҢАРУ» жалпыұлттық қозғалысы жемқорлықты барлық көріністерінде жоюға күш салады. Біз Президент Жолдауында айтылған мәселелердің халық арасында қолдау тауып, оны жүзеге асырудағы жобалар оң нәтиже беретініне сенімдіміз.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button