Таным

Халық мұрасын зерделеген



1_html_62b35c32

Әр халықтың ұлттық этникалық, шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан әдебиеті бар. Қазақ халқы да дүниежүзілік өркениеттің даму барысында әлем тарихының төрінен орын алатын сан қырлы, терең философиялы бай әдеби мұра жасап, өзінің ерекше танымымен, дара сипаттарымен прогрестік маңызы бар дәстүр қалыптастырды.

Соның ішінде көп ғасырлық тарихымызбен бірге жасатып, ұлттық сана, наным-сенім, салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігімізді танытатын рухани қазынамыз – бай ауыз әдебиетінің, фольклордың орны ерекше. Ықылым заманнан бері сан ұрпақтың таразы-талғамынан өтіп, ой-санасын жалғастырған, бірден-бірге, ауыздан-ауызға ауысып отырып біздің дәуірге жеткен рухани мұраның таным қуатын, тағылымдық сипатын аша түсу дегеніміз – ұлттық жаңғыру үшін, өткенін біліп өмірге сіңіру арқылы өркениетке жетудің тарам тарауларының бірі.
Алайда осы бай мұра – фольклорымыз біршама зерттелді десек те өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарына дейін өз дәрежесінде жан-жақты ғылыми айналымға түсіп кете алған жоқ еді. Қазақ фольклортануында көп ретте зерттеу сипатының, ғылыми талдаудың белгілі бір үлгісі ғана қайталай дамып, зерттеушілік жүйенің алғашқы сатыларынан аса алмай келгені ақиқат. Оған басты себеп – аз ұлттардың өткен тарихын, жасаған мәдениетін, рухани байлығын жоққа шығаруға тырысып баққан коммунистік тоталитарлық жүйенің насихат машинасы таптық категориясын жалпы адамзат мүддесінен жоғары қойып, әдебиетті тек сол ұғыммен ғана тануды қағидаға айналдыруы. Соның нәтижесінде тамырын тереңнен тартқан мыңдаған жылдық тарихы бар халықтың қоғамдық саяси ой-пікірі, әдебиеті әділетті бағаланбай, саналы түрде керітартпа, реакциялық тұрғыда сипатталды. Жас ұрпақтың ұлттық санасын тек таптық санамен уландырып, ауыз әдебиеті, фольклорлық туындылардың көбі қажетсіз саналып қалған сәттері әдебиет тарихынан белгілі. Ұлттық әдебиеттану ғылымына, оның ішінде фольклортануға көзқарастың төменгі дәрежеде болғандығынан бұл саладағы мамандар да жеткіліксіз болып келгені шындық. Осы бір олқылықты толтыруға, қиын түйіннің күрмеуін шешуге жоғарыда айтқан өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан кейін ғана мүмкіндік туа бастады. Жаңа көзқарастағы, азат саналы, терең білімді, жігерлі жастар ғылымға тартылды. Сол дарынды жастың бірі де, бірегейі Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы, Махамбет атындағы, Жамбыл атын­дағы сыйлықтардың лауреаты, Халықаралық фольклортанушылар қауымдастығының мүшесі (Финляндия), ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов еді.
Ол қазақ фольклортануына зерттеудің тың үрдіс-үлгісін, жаңа бағытын әкелді. Қазақ фольклортануындағы қалыптасқан зерттеу дағдыларына қоса әлем­дік ғылым қағидаларын терең меңгерген ғалым ұлттық фоль­клортану саласын дамытуға айрықша үлес қосты. Ғылымға бейімдігін студент кезінде-ақ танытып, бар ғұмырын іргелі ғылымға арнап келе жат­қан ол алғаш рет халық прозасының, сондай-ақ қазақ мифологиясының типологиясы бойынша жүйелі зерттеулер жүр­гізіп, халық проза­сы­ның архаикалық түрінен көркем шығармаға дейінгі тарихи даму заң­ды­лықтарын анықтап берді. Оның дүниеге кел­тірген фольклортану ең­бектері жоғары са­палық белгілермен айқындалады. Осының нақты айғағы ретінде С.Қасқабасовтың 1990 жылы «Ғылым» бас­пасынан жарық көрген «Казахская несказочная проза» (Қазақтың ертегіден тыс прозасы), 2002 жылы «Аударма» баспасынан шыққан «Жаназық», 2010 жылы «Жібек жолы» баспасынан жарық көрген «Алтын жылға» деп аталатын монографиялық зерттеулерін айтуға болады. Жалпы С.Қасқа­басовтың ғалымдық жолына көз салсақ, бір ғана объектінің төңірегінде үздіксіз ізденіп, жан-жақты зерттеу арқылы өрнекті ой, терең пікір түюдің үлгісін көруге болады. Оның ұзақ жылғы ізденуінің нәтижесінде жазылған «Казахская
волшебная сказка» (1972), «Қазақтың халық прозасы» (1984) кітаптарының қатар түзеуі ға­лымның шығармашылық өсу жолын, бір сала­ның тереңіне бойлай түсу сипатын танытады.
Ғалымның «Казахская несказочная проза» атты кітабына жалпы методологиялық тұрғы­дан, теориялық өлшем деңгейімен талдау жасап қарасақ, аталмыш еңбектің құндылығы бұл та­қы­рыптың төңірегіндегі басқа зерттеулерге мүл­де ұқсамайтындығына, проблемены алғашқы болып көтеруіне байланысты. Шын мәнінде қазақ фоль­­клортануында бұл тақырыпқа ешкім моно­графиялық деңгейде арнайы қалам тартқан емес.
Зерттеушінің бұл еңбегі ондаған жылдар бойы көз майын тауысып, бұрын ғылыми айналымға түспеген, зерттеушілерге беймәлім болып келген материалдарды сөйлетіп, оларды халықтың рухани игілігіне айналдырады.
Монография зерттеу тақырыбының маз­мұнын ашу барысында өзінің бір-бірімен тікелей байланыста шешімін тапқан алты тарауға бөлінген. Ғылыми еңбектің ерекше назар аударатыны – фольклор жанрларының теориялық мәселесі. Ғалым осы күнге дейін аз зерттелген, алайда әр түрлі деңгейде пікірталас тудырып келген фоль­клор жанрларының теориялық мәселесіне терең талдау жасайды. Бұл мәселені шешуде автор әде­биеттегі жанрдың фольклордағы жанрдан айыр­машылығы бар екенін дәлелдей келе фольклортанушылар сапынан алғашқылардың бірі болып: «Фольклордағы жанр – бұл сюжетті шығармаға айналдыру және оның қызмет істеу тәсілі, орындау мәнері», – деп тұжырым жасайды.
Қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі про­залық үлгі бұрынғы зерттеулерде, басқа зерт­теушілердің еңбектерінде қиял-ғажайып ертегі, хайуанаттар жайлы ертегі, тұрмыс-салт ертегі, аңыз деп қана бөлінетін. Ал ғалым С.Қасқабасов осы халықтық түрде қолданылып келе жатқан жанрлық бөліністі ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерделей зерттеу нәтижесінде жаңа жанрлық атаулармен байытады. Яғни халықтық прозаны ертегіден тыс проза деп үлкен екі топқа бөледі де олардың әрқайсысын тағы да жанрлық түрлерге жіктейді.
Біз сөз етіп отырған монографияда халықтық прозаның бір тобын «ертегіден тыс проза» деп бөліп алады да онда автор қазақ фольклорындағы фольклортануда біршама бұлыңғыр болып келген, нақтылы айқындалмаған миф, аңыз (предания), әпсана (легенда), хикаят (быличка), ауызша әңгіме сияқты өте күрделі мәселенің қазақ фольклорындағы көрінісін, олардың арақатынасын, айырмашылығын мұқият зерттеп, ғылыми тұрғыдан жаңа, жинақы пікір түйген. Зерттеушінің тұжырымы бойынша аңыз бен әпсана қазақтың ертегіден тыс прозасында көркемдік дамудың екі сатысы деп бағалануы – өте орынды идея.
Бұл монографиядағы негізгі объект «ертегіден тыс прозаның» басты ерекшелігі – оқиға болған мезгіл мен мекеннің көрсетілуі, соған орай оқиғаға тыңдаушының сенуі, шындыққа жақын келуі, аспан, жер, табиғат құбылыстарын тануға құштарлық жатуы. Яғни, көркемдіктен гөрі танымдық сипаттың мол болуы ғалымның егжей-тегжейлі зерттеу жүргізуі арқылы дәлелденеді.
Қазақ аңыздарындағы утопиялық ұғымдар мен көріністерге теориялық тұрғыдан терең талдау жасалғандығы С.Қасқабасов еңбегінің жемісті нәтиже бергені деп қарау керек. Қазақ халқының фольклорындағы аңыздардың әлеуметтік-утопиялық идеяларына мән бере келе автор бостандық, еркіндік, теңдік өмірдің шектеліп, дағдарысқа ұшырау астарын философиялық оймен ашып береді. Атап айтсақ, зерттеуші теориялық қорытындысын Асан Қайғы сияқты қайраткерлердің «Жер ұйық», «Жиделі байсын» сияқты жер іздеуі әлеуметтік дағдарыстан құтылудың бір ғана сатысы деп дәлелдейді.
Жалпы С.Қасқабасовтың монографиясының
қай жерін ашып қарасақ та жаңа, бұрын әдебиет­тануда көтерілмеген идеяларға толы. Жеке зерттеуді талап ететін проблемаларға өте бай. Ғалымның
зерттеу болмысы, тарихи-генетикалық танымы, мето­до­логиялық өлшем, құралдары ұлттық сана-сезіммен үйлесім тауып отырады. Міне, осыған байланысты болар, монография – ғалымға да, қарапайым халыққа да жақын, түсінікті жазылған әрі маңызды проблеманы шешуге арналған құнды еңбек. Бір сөзбен айтқанда, С.Қасқабасовтың көп жылдар бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесі болған бұл кітаптарды қоғамдық ғылымды дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, фольклортанудың соңғы жетістіктерінің бірі деп есептейміз.
Кезінде Р.Тагор: «Әр ұлттың борышы әлем алдында өзінің ұлттық мәнін ашып көрсету. Егер ұлт әлемге ешнәрсе бермеген болса, онда ұлттық қылмыс болып қаралып, тіпті өлімнен де жаман болады және адамзат тарихының алдында кешірілмейді. Ұлт өзінде бар жақсының бәрін жалпының игілігіне айналдыруы тиіс» деген екен.
Шын мәнінде С.Қасқабасов та халқының ұлттық дарынын, қиял келбетін, қайталамас беттерін саралап, әдебиеттану ғылымында айқын із салып отыр. Зерттеулердің айтулы бөлігінің орыс тілінде жарық көруі оқырман аясын көбейтіп, ұлттық дәстүр, ұшқыр қиял өрісін өзге жұртқа танытуда маңызды екені айқын.

Құныпия Алпысбаев,
филология ғылымының докторы, профессор




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button