SportЖаңалықтар

«ХАПОЭЛЬДІ» ҚАПЫ ҚАЛДЫРДЫ



Астана-Хапоэль 222

«Астана» футбол клубы УЕФА Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде өз алаңында Израиль елінің «Хапоэль» командасын қабылдап, 3:0 есебімен айқын басымдылықпен жеңді. Бұл жеңіс елордалықтардың ғана емес, барша қазақстандықтардың қуанышына сеп болды.

Алғашқы гол пенальтиден соғылды. Қонақтардың қор­ғаушысы Орель Дгани Кете­воаманың әдемі пасына ұмтылған Таңат Нөсербаевты өз айып алаңында шалып жық­қанымен қоймай, төреші тарапынан қызыл қағаз алды. 11 метрлікті Рохер Каньяс орындап, астаналықтар 1:0 есебімен алға шықты. Ойын­ның бірінші бөлімі осылай аяқ­талған болатын.

Ал екінші таймда тағы да қос доп соғылып, «Астананың» келесі кезеңге өту мүмкіндігі ұлғая түсті. Екінші тынысы ашылған біздің футболшылар сан басымдығын пайдалана отырып, шабуылды үдете түсті. Сондай сәттердің бірінде команда капитаны Таңат Нөсербаев Фокси Кетевоамадан тағы бір әдемі пас қабылдап алып, допты он алтылықтың сыртынан шірене тепті. Бұл соққы «Хапоэль» қақпасын қақыратып жіберді. Орындау шеберлігі жағынан Таңаттың осы голы жыл үздігі атануға әбден лайық.

Үшінші гол да алыстан соғылды. Оның авторы – Абзал Бейсебеков. Осылайша елордалық команда қарымта ойынға басымдықпен аттанады. Ендігі кездесу 24 шілде күні сырт алаңда өтеді.

Сонымен қатар, қазақстандық тағы екі команда УЕФА аясындағы кезекті матчтарға қатысты. Ал­матылық «Қайрат» Данияның «Эсбьерг» командасын 1:0 ұтып жатып, соңғы минуттарда өз қақпаларына 2 доп өткізіп алса, қарағандылық «Шахтер» сырт алаңда Литваның «Атлантасымен» тең ойнады. Есеп 0:0.

Осы ойындардан кейін 2.125 балл жинаған Қазақстан УЕФА рейтингінде екі саты жоғарылап, 32-орынға табан тіреді.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button