Қала тіршілігі

ІСМЕР ЖАСТАР ЖАРЫСТЫ



Елордадағы Кәсіптік-техникалық колледжде «World Skills Kazakhstan» атты халықаралық байқаудың қалалық кезеңі өтті. Онда кондитер, ресторатор, аспаз, шаштараз, дизайнер, дәнекерлеуші секілді мамандықтар бойынша білім алып жүрген студенттер мен жас мамандар бәсекеге түсіп, кәсіби шеберліктерін паш етті. 

– Бұл бәйгені екінші рет өткізіп отырмыз. Жарыс әлемнің 70-тен астам мемлекетінде ұйымдастырылады. Демек, сіздер де осынау дүниежүзілік қозғалыстың бір бөлшегісіздер. «World Skills» – ақпарат, тәжірибе және жаңалық алма­судың тиімді алаңы. Сондықтан аталған сайыс жұмыс берушілер үшін өз саласының болашақ майталмандарымен танысудың тамаша мүмкіндігіне айналған, – деп «Кәсіпқор» холдингі төрайымының міндетін атқа­рушы Айжан Ахметова жиынға жиналғандарға сәттілік тіледі.

Конкурстық бағдарлама аясында шаштараздар модель­дердің шаштарын қиып, соңғы үлгіде сәндеді. Дизайнерлер пиджак пішіп, көздің жауын алатын көйлектер тікті. Ал жас аспаздар үш түрлі тағам әзірлеп, сарапшылардың бағалауына ұсынды. Шеткерірек тұрған аққұба жігітті әңгімеге тартқанбыз. Өзін Бауыржан Аусақ деп таныстырған студент Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжінде оқиды екен. «Бүгін біріншіге – ботқа, екіншіге – тауықтың төсін дайындадым. Тіскебасар ретінде ірімшіктен жасалған десерт пісірдім. Эксперименттерді ұнатамын, бұл қабілет менің мамандығыма ауадай қажет қой» деп өнерлі өрен ағынан жарылды.

Екі күнге созылған чемпионат соңында кейіпкеріміз «Үздік аспаз» атанды. Ал ең дәмді кондитерлік өнімді Кәсіптік-техникалық колледждің студенті Азамат Сабырқұлов даярлады. «Мейрамхана сервисі» санатында Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің шәкірті Олжас Жүсіпназар топ жарды. Бұдан бөлек, «Құрғақ құрылыс және сылау жұмыстары» біліктілігі бойынша Политехникалық колледждің өкілдері Әміржан Қыздарбеков пен Константин Новиков, дәнекерлеушілер арасында «Тұран-профи» колледжінің студенті Алмас Матаев, балабақша тәрбиешілері ішінен Гуманитарлық колледж студенті Альмира Тұяқова жеңіске жетті. Сондай-ақ, Политехникалық колледждің студенттері Владислав Шлагерь желілік және жүйелік әкімшілендіру саласында жеңімпаз болып танылса, Юрий Апретов «Дарынды веб-бағдарламашы» аталымын иеленді. Менеджмент және бизнес колледжінің студенті Зарина Нурхалиева шаштараздық қырымен көзге түссе, осы колледждің тағы бір шәкірті Гүлмира Рузматова «Талантты модельер» жүлдесін қанжығаға байлады.

Енді олар мамырдың 1-і мен 5-і аралығында болатын республикалық байқауға қатысады. Ұлттық іріктеуден сүрінбеген жеңімпаздар Минск пен Мәскеуде өтетін «World Skills ТМД» конкурсына жолдама алады. Онда топ жарғандар келер жылы Әбу-Дабиде ұйымдастырылатын халықаралық чемпионатта бақ сынайды.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button