Денсаулық

Израиль мамандарымен тәжірибе алмасты



Израильдегі ең ірі медициналық кешендердің бірі – Хаим Шиба медицина орталығының бір топ мамандары Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен консультация беру және әдістемелік көмек көрсету, акушерлік жағдайдағы төтенше жағдайлар бойынша шеберлік сабақтарын өткізу мақсатында елордаға келді.

Осы орталықтың таңдап алынуының бір себебі, мұнда жылына 12 мыңға жуық бала дүниеге келеді екен. Осы кешеннің акушерлік-гинекология бөлімінің мең­герушісі, профессор Ярон Рабиновичтің айтуынша, соңғы 16 жылда бұл клиникада аналар өлімі оқиғасы тіркелмеген.
Осындай жетістіктерге қол жеткізе білген израильдық дәрігерлер бұқаралық ақпарат өкілдерімен де кездесуге уақыт тапты. Шетелдік мамандар қаланың перинаталдық орталықтарында болып, жұмысымен танысып, әсерлерімен бөлісті. Перинаталдық орталықтарда қызмет етіп жатқан әріптестерінің біліктігін лайықты бағалап, ғимараттардың заманауи технологиялармен жабдықталған базасымен танысты. Әйтсе де, қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсіп қарауға болмайтынын, әрдайым заманауи технологияларды меңгеріп, дәрігерлер біліктігін арттыра білгенде ғана жүйенің одан ары кемелдене беретінін айтты. Керісінше болған жағдайда, салада тоқырау басталатыны жасырын емес. Сарапшылар жалпы әлемдік статистикалық мәліметтермен салыстыра келе, елорда қоғамдық денсаулық сақтау саласының акушерлік және гинекология жүйесіндегі оң нәтижелерін алға тартты.
Олар соңғы айларда болған жас туған аналардың қазасына қатысты пікірлерін білдірді. «Біз ресми қорытынды шығарып, бағасын беретін арнайы комиссия емеспіз. Дегенмен соңғы оқиғалар тұрғысында өз пікірімізді білдірмес бұрын, дәл осындай жағдай орын алғанда, өзіміз не істер едік, жас аналардың өмірін сақтап қала алатын ба едік деген сұрақ қойдық. Өкінішке қарай, науқастардың ауру тарихымен таныса келе, бізде де басқаша болуы мүмкін емес еді деген тоқтам жасадық» дейді қонақтар.
Бастысы, мұндай оқиғаларды болдырмау керек. Ол үшін міндетті түрде профилактика жұмыстарын жүргізіп, әйелдердің өз денсаулығына әлеуметтік жауапкершілігі – босану үстінде қаза бол­дырмаудың бірден-бір жолы деген ор­тақ ойларымен бөліскен шетелдік мамандар елорда дә­рігер­лерінің бі­ліктігіне жоғары бағасын берді.




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button