Басты ақпаратБілім

Жаңа оқу жылына дайындық қалай?



Жылдан-жылға білім саласына қойылатын талап күшейді. Білім мазмұнына енгізілетін өзгеріс­тердің мәні құндылықтарға бағдарланған оқыту тәсілін қолдануды көздейді. Бұл стандарттарда көрсетілген ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды білім алушылардың бойына дарытуды іске асыру екені түсінікті. Ал, оны жүзеге асыратындар – заманауи біліммен қаруланған білікті кадрлар, маманданған педагогтар. Биылғы тамыз кеңесінде білім саласының өзекті мәселелері сөз болды. Астанада білім саласындағы серпінді жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін елордада біршама жұмыс атқарылды. Жиында сөз алған Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев елордадағы тиімді білім берудің даму бағытын сөз етті.

Мектепке дейінгі мекемелер

Мектепке дейінгі білім ұйым­дары өткен жылмен салыстыр­ғанда 113 балабақшаға көбейді, бүгінде елордада 67 642 баланы қамтитын 505 балабақша жұмыс істейді. Мектеп жасына дейінгі балалар санының жылдан-жылға артуына байланысты күн сайын балабақшаға кезекке 110-нан 150-ге дейін бала тіркеледі.

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту мақсатында 2023 жылдың басынан бастап 8 957 орындық мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Осы жылдың соңына дейін қосымша 1 360 орынға мемлекеттік тапсырыс орналас­тырылып, 500 орынға мемлекеттік балабақша филиалдары ашылады.

Барлық балабақша жаңа мемлекеттік стандартқа және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік бағдарламасына көшті. Жаңа оқу жылынан бастап алғаш рет мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан балалардың жекелеген санаттарына тегін тамақтану ұйымдастырылады.

Биыл қыркүйек айынан бастап 4 балабақшада, 4 шағын орталықта эмоциялық еркi жағынан және мінез-құлқында (аутизм) бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзия­ны қолдау кабинеттерін және жекеменшік балабақшаларда түзету топтары ашылады.

Қала әкімдігінің қолдауымен мемлекеттік балабақшаларда материалдық-техникалық база мен ойын алаңдарын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Орта білім жайы қалай?

Бүгінде елордада 169 мектеп жұмыс істейді (оның ішінде 101 – мемлекеттік, 61 – жекеменшік, 7 – республикалық мектеп).

2023-2024 оқу жылында білім алушылар саны шамамен 255 мың білім алушыны құрайды. 1 қыркүйекте 27 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын аттайды.

Бірінші сыныпқа қабылданған балаларды бейімдеу мақсатында 78 мемлекеттік мектепте қысқа мерзімді «Балақайлар мектебі»  (4229 бала) ашылды.  Жазғы демалыстан кейін оқушылар мен ата-аналарды бейімдеу мақсатында тамыз айында «Аdaptation days» жобасы басталды.

Білім алушылар санының артуына, сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынатын 90 мың орындық 24 мектептің құрылысына байланысты қаламызда 2026-2027 оқу жылына қарай 4 мың педагогке қажеттілік туындайтын болады (16 300 орындық 11 мектеп салынуда, оқу жылының басында 4 мектеп тапсырылады).

Кадр тапшылығын шешу мақсатында жыл сайын жергілікті бюджет есебінен педагогикалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс ұлғаюда. Бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру гранты бойынша 4 мыңнан астам студент білім алуда. Бірақ бұл біздің кадрларға деген қажеттілігімізді толығымен шешпейді. Осыған байланыс­ты Ғылым және жоғары білім министрлігі қала әкімдігімен бірлесіп, елордалық педагогика университетін ашуға бастамашылық жасап отыр.

Педагогтардың шығармашылық әлеуетін, олардың кәсіби деңгейі мен құзыреттерін дамыту үшін жоғары оқу орындарында педагогикалық кадрларды даярлау ғана емес, сондай-ақ жұмыс істеп жатқан педагогтардың кәсіби өсуі де маңызды.

Тек қаңтар мен тамыз аралығында 3 754 педагог пен 42 мектеп директоры біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

«Мың көшбасшы» республикалық кадр резервіне елорданың 20 мектеп директорының орынбасары еніп отыр. Сонымен қатар, өткен оқу жылында 30 мектеп директорының орынбасары қатарынан кадрлық резерв қалыптастырылып, олар қазан-қараша айларында MBI бағдарламасы бойынша оқытылады.

Жыл бойы елорданың 200-ден астам мектеп басшылары мен педагогтары Сингапур, Жапония, Грузия, Финляндия мемлекеттерінің оқу орындарында халықаралық тәжірибе алмасып, тиімді әрі қолайлы компоненттерді мектептердің оқу-тәрбие процесімен сабақтас­тыру мақсатында  тағылымдамадан өтті. Бұл тәжірибе жаңа оқу жылында жалғасады.

Сондай-ақ оқушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған халықаралық  жобалар іске асырылуда. PASCH (неміс тілі), GLOBAL SCHOLARS (ағылшын тілі), Cisco (информатика), қала деңгейінде «Профессор сабағы», «Көшбасшылық – кәсіпқойлардың сабақтары», «Дипломат», «Шеберден тәлім»,  «Құндылыққа негізделген білім беру» жобаларының іске асырылуы оқу-тәрбие процесінде өзінің оң нәтижесін көрсетіп отыр.

Өткен оқу жылында 280 оқушы халықаралық зияткерлік жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, 206 марапатқа ие болды, оның ішінде 121 алтын медаль бар. Бұл да елордалық педагогтар Жеңіс Кенжекейдің, Мейрам Хазездің, Марина Концеваяның, Темірлан Хасеновтің, Дарын Ибраевтың, Динара Жақыпбекованың, Валя Қайсенованың, Мағжан Қабашевтің, Мақсат Төлегеновтің жемісті жұмысының нәтижесі.

Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин: «Ұстаз болу – бұл қызмет емес, бұл кәсіптің құдайы» деген. Сіздерге ұстаздық жолдағы елеулі еңбектеріңізге алғыс білдіреміз!

Білім алушылардың білім сапасын арттыру мақсатында жаңа оқу жылында оқу пәндері бойынша функционалдық сауаттылықты дайындау үшін барлық  мектепті интерактивті контентке, цифрлық тренажер-платформаға қосу жоспарланды.

Бүгінгі күні қала мектептері 100 пайыз жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген, 98 мектептің барлық оқушысы үшін электрондық оқулықтар сатып алынды.

Тұрақты тәрбие жұмысы

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайының екінші отырысында өскелең ұрпақты тәрбиелеу маңызды міндет екенін айтты. Мектеп – білім мен ағарту ошағы ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік міндеттерді орындауы қажет. Мұғалімнің мақсаты – біліммен қатар, оқушыға гуманистік тәрбие беріп, ізгі мұраттарды сіңіру екені түсінікті.

Елордада тәрбие жолында қойылған міндеттерді іске асыру арқылы тәрбиелік қызметті үйлестірудің бірыңғай жүйесі қалыптасты.

Тәрбие саласында ауқымды іс-шаралар мен инновациялық жобаларды өткізудің ерекше тәжірибесі байқалады. Оған айқын мысал ретінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Шаттық» қалалық шығармашылық байқауы, мектеп және студенттік парламент өкілдерінің бастамасы бойынша бірыңғай жаппай іс-шаралар күндері, «ALTYN URPAQ» және «Академиялық ұтқырлық» жобаларын атауға болады.

Биыл қосымша білім берумен қамту 79,9% құрап, өткен жылмен салыстыр­ғанда 7%-ға өсім байқалады (мектептерде 158 185 баланы қамтитын 2 188 үйірме мен секция жұмыс істейді).

Соңғы 3 жылда қалада 13 қосымша білім беру ұйымдарының филиалдары ашылды.  Мемлекет басшысының тапсыр­масын орындау мақсатында елордада 2029 жылға дейін 15 заманауи қосымша білім беру нысандарын салу жоспарланған, оның 5-уі алдағы екі жылда салынады.

Кәсіптік білім беру жалғасады

Әлемде технологияның дамуына байланысты кардларды даярлауға қойылатын талаптар қарқынды түрде өзгеруде. Қаламыздың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бұл өзгеріске дайын болуы қажет.

Биыл Құры­лыс-техникалық колледжінде «Жылжымайтын мүлікті басқару»,  Сервис және туризм колледжінде «Ландшафты дизайн» және «Флористика» бағыттары бойынша жаңа мамандықтар ашылды.

Сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында мамандарға қажеттіліктің өңірлік картасы – қаланың жаңа кәсіптерінің атласы әзірленді.

Соған сәйкес қаланың еңбек нарығында алдағы 3-5 жылда сауда, құрылыс және білім беру саласындағы мамандықтар сұранысқа ие болып қала береді. Сонымен қоса туристік сәулетші, автомобиль дизайнері және жөндеуші, электр және гибридті автомобильдерге қызмет көрсету маманы, виртуальды мерчендайзер сияқты жаңа мамандықтар пайда болады деп болжануда.

Қанатқақты жоба аясында осы жылы елордалық үш колледжде алғаш рет 10-11 сынып оқушылары үшін жұмысшы мамандықтары бойынша эксперименттік білім беру бағдарламалары енгізілді. 1,5 жылдан кейін оқушылар орта білім туралы аттестатпен бірге, тігінші, аспаз, авто-газ дәнекерлеуші мамандығы бойынша диплом алып шығады.

Неше апта болады?

Жаңа 2023-2024 оқу жылы 34 аптаға созылып, 25 мамыр­да аяқталатындығын Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова биылғы тамыз кеңесінде хабарлаған болатын. Сол күні Оқу-ағарту министрлігі жария талқылау үшін бұйрықтың тиісті жобасын ұсынды. Өткен оқу жылын 1 маусымға дейін ұзартудың бір дәлелі – оқушылардың күнделікті жүктемесін азайту және бес күндікке толық ауысу. Министрлік 34 апталық оқу жылына қарамастан алты күндік аптаға оралмайтынын түсіндірді.

«Оқу жылының 34 аптаға дейін қысқаруына байланысты қазақстандық мектептер алты күндік мерзімге орала ма?» деген педагогтардың, ата-аналардың сауалына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев былай деп жауап берді.

– Сенбіде сабақтар тек үш ауысымды және басқа да орын тапшылығы бар мектептерде өткізілуі мүмкін. Жұмыс аптасының ұзақтығы бес күн болып қалады. Мектептер министрдің 2020 жылғы 21 сәуірдегі №153 бұйрығын басшылыққа алуы тиіс, – деп атап өтті ведомствода. Осы бұйрыққа сәйкес мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, орта білім беру ұйымдарында үш ауысымдық оқыту режимінде жұмыс істейтін және оқушы орындары тапшылығы бар, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарынан басқа білім ордалары үшін бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button