Басты ақпаратҚоғам

Келінді қашан жоғалттық?



Қазіргі алпыстан асқандар көресіні өз келіндерінен көріп жүр десек қателеспейтін болармыз. Бұлардың көбі – қазақтың қаймағы бұзылмаған ауылында дүние­ге келгендер. Жасында әкелерінің құда-жекжат сыйлағанын көріп, беттеріне жел болып тимеген жеңгелеріне еркелегендер. Сол жеңгелердің ата-енелеріне көрсеткен құрметін, олардың келін десе жүрегі елжіреп, маңда­йынан сипап аялағанын көріп өскендер.

Соны енді өз ке­­лін­дерінің бо­йы­нан көріп, өз шаңырағында сезінгісі келеді. Алайда қазіргі жас келіндердің мінезі мүлдем бөлек, тумысы жат. Қайын ата, қайын ене оны қалай тәрбиелеуді білмейді. Жылы сөйлесе төбесінде тасыраңдайды, қатты айтса, баласын құшақтап кетем дейді. Осыншама бейшаралыққа жеткізген не нәрсе деген сұрақтың жауабын іздемеген жан жоқ шығар.
Жауап көп, бірақ одан түзеліп жатқан келін жоқ. Статистика сол қалпында. Ажырасу тоқтар емес, тірі жетімдердің саны артып келеді. Қазақтың ибалы келінін қай жерде жоғалтып алғанымызды өзіміз де білмейміз.
Босағадан аттаған біреу­дің баласын өзегіне теппей тәрбиелейтін, мынадай жол­мен жүрсең жөн болады деп көрсететін жол да бұлдыр. Жол бар-ау, елдің аузында жүрген дәстүр де бар, бірақ қолданыста жоқ. Қолданайын десе, көмескіленіп қалған, оның астарын түсінетін де парық жоқ. Мұндайда өзіңнен үлгі болмаса, келіннің бетіне басудың пайдасы шамалы. Үнемі бұқтырып ұстауға ешкім көнбейді. Ыдыс-аяқтың сылдырын телефоннан тыңдап отырған келіннің шешесі құлдығыңа салып қоятын қызым жоқ деп шығады. Содан төркініме қайтып кетіп, қайтадан қыз болам дейтін алаң көңіл келіннің көкейінде көпке дейін өшпейді. Қыз күні мен келін болудың арасында бір ғана жол, кері қайырылатын көпір жоқ екенін бұрынғылар білсе де, қазіргілер естен шығарған.
Тағы ескертетін бір нәрсе, біздің жеңгелеріміз келін болып түскен кезде шешелеріміздің ата-енесін баққан, ағайынмен араласқан ғибратын көрген болатын. Әр әулеттің өз жөні, қадір тұтар адамдары, қалыптасқан із-жолы болатын. Оны сөзсіз қабылдап, ортақ игілікке қызмет ету арқылы келін сол ортаның бір адамына айналушы еді.
Қазіргі түскен келіннің бір қызметі азайды, бай-баласына ие болып, ата-енесіне маңдайы жарқырап отырып шәй құйып берсе болды ғана. Алайда оған шамасы жетіп жатыр ма?!
Бір жылдары Тәжікстанның Қорғантөбе қаласына бардым. Біраз күн қонақтап жатып, сол жердің адамдарының әдеттеріне көңіл аударып жүрдім. Біз түскен үйдің қонақ күтісі ерекше таңғалдырды. Тамағын әзірлеп, түнде қасымызға шөлдесеңіздер ішерсіздер деп көк шәй құйылған шәйнегіне дейін қойып, қабағымызға қарады. Енесі шәйін құйып, әңгімесін айтып отырады. Осыншама ізеттілікті үні жоқ келін көке­йіне байлап жатқан болар. Өзбек болып кеткен, тәжік сияқты тілі майда деп менсінбесек те, мұндай мәде­ниет адами қатынастар үшін маңызды. Осындайда баяғы кеңес заманында Лениндік сыйлық алған түрікменнің «Келін» деген киносы ойға оралады. Бүкіл фильм бойы бір сөйлемеді-ау сол келін.
Сонымен базарына бар­ғанымызда басына ақ желекті тақиясымен бастырып киіп алған жас адамға көзім түсті. Кім дегенде «келінчек» деген жауап алдым. Яғни жаңа түскен жас келіншек келген жеріне үйреніскенше басынан желегі мен тақиясын тас­тамайды екен. Бұл – әлеуметтік икемделу жағынан алғанда өте дұрыс дәстүр. Өйткені кешегі қыз бүгін келін атанып, әлеуметтік дәрежесі өзгергенін өзі сезініп, айналасы да қабылдауы тиіс. Енесі базар болса да, ағайын болса да аралатып, сол жердің салтымен таныстырады. Келін біртіндеп өз жағдайына мойынсұнып, айналасына басқа көзбен қарай бастайды. Қыз күнінің келмеске кеткені санасына жетеді. Жас келінге барлығы қошемет көрсетіп, батасын да береді. Ең бастысы, бөтен жерге келмегенін, өзінің топырағы екеніне бойы үйреніп, көзі жетеді. Міне, осындай нәзік психологиялық өзгерістің өзі келінге үлкен жауапкершілік жүктеп, бір әулеттің, бүтін елдің жаңа адамына айналады. Мұндай сенім мен үміт келіннің алдағы уақытта әр қадамын аңдап басып, дұрыс қадам жасауына ықпал етеді.
Қыз кезінде киген киім кию мәнерін де өзгертпеген күйі өзі босаға аттаса да, санасы әкесінің үйінде қалып қойған қазақтың келінінен не сұрауға болады? Екі ортадағы байланыс­тың үзілмеуіне шешелері де кінәлі. Бұл жерде «ішіме сыйған қыз сыртыма да сыя­дыдан» басталатын әңгіме ешкімді ұшпаққа шығармаса да маңызды. Келін болып кішіреюді кемдік деп, үлкенге құрметін қажетсіз, кішілік қыз­метін әділетсіздік деп түсінетін адамның беті қатты келеді, иілмейді. Өйткені келген жерінде бедел жоқ. Өзі өскен ортаның құнды­лықтарын өзімен ала келген келін келген жерінің құндылықтарымен түлетпей, оны кемдікке саяды. Осылайша туыстық ар­қауы жалғанбайды. Тосырқап жүрген кісікиікке ененің де жүрегі елжіремей, шеттету осыдан басталады.
Одан басқа, алпыстан асқан енесі шашы жалбырап, шорты киіп жүрсе, келіннен не сұрауға болады? Пайғамбар жасына жеткен атасы бедел бола алмаса, оның да себебін келіннен көрудің қажеті жоқ.
Енді өткенге қайтып орал­майтын сияқтымыз. Көп нәрсе өзгеріп жатыр. Ен­деше келіннен көп нәрсе күтіп үміттенбей, бүгінгі кейпіне құлдық ұрып, санамыздағы ибалы келін, асыл жар, тағысын тағы басқа дүниелеріміздің ұнамды образын ұмытып, мына өмірдің шындығына өзіміз икемделуіміз керек шығар. Өйткені алдыңғы толқын ағалар мен апалар жоғалтып алған дәстүр үшін бүгінгі келін жауап бермейді. Және міндетті емес те. Қоғам түбегейлі өзгеріп жатқанда жалғыз келіннің қолынан не келеді?!




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

  1. Ия, жоғарыда айтылған әңгіме дұрыс қой, бірақ сол алпыстағы енелер, кеше бұттарына шалбар киіп, қытай сөмкесін арқалап, бір отбасын асыраған жоқ па? Сол кезде,тер азаматтар, екі қолға жұмыс таппай, жылы пештің жанында, сөмке арқалап, тамақ тапқан әйелінің көлеңкесі болды. Бүгін сол әйелдер- енелер! Әр заманның өз өзгерісі бар! Қазіргі тайраңдаған келіңдер, ертең ене болады, сонда ғана түсінер….!!!

Пікір үстеу

Back to top button