Рухани жаңғыру

Мұрағат шертер шежіре-сыр көп

Архив туралы айтқанда, адамдар оны өткен оқиғаның шындығын нақтылайтын, деректің шынайылығына, дәлдігіне көз жеткізетін мекеме ретінде біледі, солай қабылдайды. Ол солай. Бірақ архивте жұмыс істейтін біздер архивтің рөлін одан гөрі кеңірек, маңыздырақ бағалаймыз. Құжат бұл ауа сияқты, ол барда біз оны байқамаймыз. Ол – керек емес кезде өткеннің дерегін сақтайтын, шаң басқан қағаздар жиынтығы. Ал бірақ тәжірибеде басқаша, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивіне жылына 9-10 мың адам әкімшілік-құқықтық сипаттағы сұраныспен келеді.

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен ұлт тарихын танып-білудің жаңа кезеңін бастап беріп отыр, әлемдік өркениетке қосқан үлесіміз бен жаһандық даму үрдісіне тигізген зор септігімізді қайтадан зерделеп, дүние жүзіне жаңаша дәріптеуге үндейді. Мақалада көрсетілген басым бағыттардың бірі – тарихи санамызды жаңғыртуға мол мүмкіндік беретін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жүзеге асыру және мектептер мен барлық өңірдегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру.
Осы ретте жас ұрпаққа өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру, мәдени деңгейін көтеру, туған жерінің табиғатын, халқын, шаруашылығын, тарихын, мәдениетін білуге деген құштарлық сезімін ояту мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің жанынан тарихи-өлкетанулық экспозиция ашу жоспарланып отыр.
Туған жердің текті тарихынан сусындап өскен ұрпақ қана ел қамына жарар азамат болып өсетіні белгілі. Мақсатымыз – халқымыздың мыңдаған жылдар белесінде жинақтаған тарихи жетістіктері мен мәдени байлығын тәуелсіздігіміздің рухани азығына айналдыру, оқушылардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, олардың шығармашылық ынтасы мен әрекетін бабалар дәстүрін жалғас­тыруға бағыттау, қоғамның қызығушылығын арттыру.
«Халық пен архив – синонимдес ұғым, архиві болмай, шежіресі болмай, ұлт – ұлт болмайды. Ар­хив қорларын байыту керек. Ел­дің ел екендігін, тамырымыз­дың терең жайылуын ойласақ, архивтерді насихаттап, архив қызметкері болып жүрейік» деп еді Зейнолла Қабдолов ағамыз архивистермен бір кездесуінде.
Халыққа өз тарихын көрсететін уақыт келді. Үлкен тарихи-өлкетанулық көрме ұйым­дас­тыру бағытында жүргізіле бастаған жұмысқа барлығыңыз атсалысады деп ойлаймын.
Қолдарыңыздағы құжаттарды, деректерді лақтырып тас­тауға асықпаңыздар немесе тек өзімдікі деп қойныңызға тықпаңыздар, архивке өткізіңіздер.
Астананың тарихи көрмесін бірге жасайық. Нұр-Сұлтан қаласының тарихы – бұл тә­уелсіздік тарихы, бұл – мемлекеттің тарихы, бұл – ұлттың та­рихы.

Ғазиза ИСАХАН,
Нұр-Сұлтан қалалық
­мемлекеттік архиві

ғылыми-зерттеу
бөлімінің басшысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button