Қоғам

Кемеңгер тұлға



 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – әлемнің қазіргі тарихындағы кемеңгер тұлға, жер-жаһанға мемлекеттің бейбіт және ядролық қарусыз саясатын паш етіп, Қазақстанды жоғары халықаралық деңгейге шығарған Ұлт көшбасшысы.

Нұрсұлтан Әбішұлының бас­тамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік ре­формалар жүзеге асырылып, стратегиялық бас­­та­малары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сараб­дал саясаткерлігі арқасында көп­ұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, «Қазақстандық жол» және «Назарбаев моделі» деп баға береді. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі (1979-1990 жж.) Маргарет Тэтчер: «Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын» деген болатын.
Еліміздің тәуелсіздігін ал­ған­ға дейінгі мерзімде Ресей им­перия­сына толығымен күш­пен қосылып, осы мемлекеттің одан кейін Кеңес Одағының ажырамас аймағы ретінде танылып, отарлаушылардың мүддесіне орай бұзылып келген тарихи территориямызды айқындап, оны халықаралық қауымдас­тық тарапынан заңдастыру кезек күттірмейтін міндетке айналды. Қытаймен арадағы шекараны белгілеу де шешімін табуға тиісті болды. КСРО тарағаннан кейінгі алғашқы уақыттан-ақ Қазақстанның Кеңес Одағы құрамында бірге болып, осы уақыттарда территориялары империялық мүддеге сай қазақ жері есебінен өзгертіліп келген Өзбекстан және Қырғыз­станмен арадағы шекараны анық­тайтын мәселелер де бірден туындады. Тура осы мерзімдегі Елбасының жоғарыдағы аталған елдермен жүргізген сыртқы сая­сатының басты бағыты да аталған күрделі мәселелерді бейбіт жол­мен түбегейлі және әділетті тұрғыда шешуге арналды. Нәтижесінде қысқа мерзімде Қазақстан Рес­публикасының көрші мемлекеттермен, соның ішінде Қытай, Ресеймен арадағы шекаралары толығымен танылды. Ұлт Көшбасшысы
Н.Ә.Назарбаев тарапынан хал­қымыздың ғасырлар бойы же­рінің тұтастығын қамтамасыз ету жолындағы барша ұмтылысы мен арманы қысқа мерзімде және де бейбіт, дипломатиялық келісім жолымен іске асырылды. Осының арқасында қазіргі күні мемлекетіміздің территориясы барлық көрші елдер тарапынан толығымен танылып, халықаралық құқық негізінде заңдастырылды.
азақстан-Қытай шекарасының барлық мәселелерінің халық­аралық заңнама талаптарына сәйкес реттелуі Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақ елінің жарқын жетістігі болды. Қазақстан небәрі он жылдың ішінде Қытаймен территория­лық мәселені толық реттестірді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында басталып, әлемнің екі ірі ядролық державасын қарулы қақтығысқа дейін жеткізген талас Нұрсұлтан Әбішұлының іскерлігінің арқасында толығы­мен шешімін тауып, ұшқан құс­тың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын Алтай мен Атырауға созылып жатқан ұлан-ғайыр атырап, Ұлы дала елінің шекарасы түпкілікті түрде бекітілді.
Қазақстанның тәуелсіздігін алған алғашқы күннен-ақ мем­лекеттің сыртқы саясатын негіздеу басты міндеттің біріне айналды. Отанымыздың басқа елдермен, соның ішінде көршілерімен теңдік пен түсіністік жағдайындағы аталған бағыттағы қызметінің бастауын­да Елбасы Н.Ә.Назарбаев тұрды. Ол уақыт талабына сай жүргізген сындарлы қызметінің нәтижесінде қысқа мерзім ішінде тәуелсіз мемлекетіміз әлемдік қауымдастыққа берік еніп, өзін бейбіт сүйгіш, демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде таныта білді. Республика жер шарындағы қазіргі күнгі барша беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Соның ішінде атап айтқанда, Қазақстанның БҰҰ-дағы өзіндік орны қалыптасты. Ел Президенті аталған халықаралық ұйым мінбесінен бірнеше рет сөз сөйлеп, әлемдегі, жекелеген аймақтардағы бейбітшілікті қамтамасыз етуге арналған бағалы бастамалар көтерді. Солардың ішінде Елбасы тарапынан ядролық қаруды әлемдік тұрғыда сынауды тоқтату, оны толығымен жою бағытындағы бастамашылық қызметі Отанымыздың шеңберінен асып, дүниежүзілік маңызға ие болды.
Еліміз бүкіл әлемге ядролық қарудан бас тартқан бейбіт өмір­дің жаршысы ретінде танылды. Тарих беттеріне үңілсек, Семей полигонында 40 жыл ішінде бар­лығы 456 ядролық сынақ өткізіліп, оның 86-сы әуеде, 30-ы жер үстiнде, 340-ы жер астында жасалған болатын. Полигон аумағы 18500 шаршы метрдi құраған. Жылдам тараған улы радиация осы аумақта тұрған 1,5 млн адамға зиянын тигізді. Қазақ жерiндегi жарылыстар Хиросимаға тасталған бомбалардан 2,5 мың есе қуатты болған еді.
Ел мен тәуелсіздіктің тағдыры таразыға тартылған тұста Елбасының 1991 жылдың 29 тамызындағы Жарлығымен Семей атом сынақ полигоны жабылды. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың ең әуе­лі Қазақстанның тәуелсіздігін баянды ету үшін жасаған тарихи шешімі болды.
Қазіргі жаңа Қазақстан тари­хындағы маңызды белестің бірі елдің 2010 жылы Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақ­тастық ұйы­мына (ЕҚЫҰ) – Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналас­қан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төр­аға­лық етуі болды. Қазақстан – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасынан бұл ұйымға ең алғаш төрағалық еткен мемлекет. Мүше мемлекеттердің тең құқықтылығы қағидатын және «Ванкуверден Владивостокке дейінгі ортақ кеңістік» доктринасының пәрменділігін ЕҚЫҰ-ның сақтағанын көрсеткен бұл тарихи шешім – рес­публикамыздың халық­аралық саясаттағы артып келе жатқан рөлі­нің мойын­далуының айғағы.
Сондай-ақ өткен жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақ­стандық тұжы­рымдамалық көзқарас» атты саяси үндеуін, прагматика­лық принциптерге негізделген өз ұлттық мүдделерін басшылыққа алып, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткен болатын.
Қазақстан – Ислам мен Батыс өркениетінің арасындағы диалогқа дәнекер болып, әлемдік діндер съезін өткізді. Сондай-ақ Астана Сирия мәселесін талқылайтын алаңға айналды.
лбасының жүргізген сараб­дал саясатының бір бағыты – тегіміз бір, тарихымыз ортақ, түбірі бір түркі тілдес бауырларымызбен іргемізді берік ұстап, олармен қарым-қатынасымызды үздіксіз дамыта беру болды. Тұңғыш Президент түркі мәдениеті хал­қы­мыз­дың тарихында елеулі орынға ие екендігіне қашанда көңіл бөліп, тәуелсіз мемлекеттің дамуында түркі әлемінің мәдени байланысы мен дамуына үлкен мән берді.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан өзінің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың аса көрнекті көшбасшылығының арқасында кешегі Кеңес Одағының кенжелеп қалған қиыр өңі­рінен экономикалық жағы­нан қуатты, демократия тұрғысынан серпінді дамып келе жатқан мемлекетке, сыйлы өңір­лік дер­жаваға және халық­аралық қо­ғамдастықтың беделді мүшесіне айналды.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button