Мәдениет

Кенеп бетінде – қала көріністері



Ұлттық музей қорларында қылқалам шеберлерінің кешегі Ақмола, Целиноград, бүгінгі Астана көріністерін бейнелейтін картиналар жинақталған. Жуырда ел назарына ұсынылған соның екеуін таныстырамыз.

Липецк облысында туған суретші Виктор Холуев Ленинградтағы И.Репин атындағы Кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірді. 1961 жылдан Ақмола қаласында тұрып, еңбектенді. 1984-1991 жылдары Целиноград қаласының Суретшілер одағының төрағасы болды. Оның 1965 жылы салынған «Алғашқы қар. Целиноград» картинасында сол кезгі жер үйлер, жол бойымен жүріп бара жатқан жүк көлігі, шағын автобус, жүргіншілер бейнеленген.

Ал Алексей Тереховтің суреті «Бораннан кейін» деп аталады. Қылқалам шебері Ташкент қаласында дүниеге келген. 1963 жылы Иркутск Көркемсурет училищесін бітіргеннен кейін Целиноград көркемсурет шеберханасына көркем безендіруші болып қабылданды. КСРО Суретшілер одағының және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Қазақстанның Мәдениет қайраткері атағын да алды. «Бораннан кейін» туындысы пейзаж жанрында салынған. Автор суретінде суық түстерді пайдаланған. Жұрт назарына шығарылған оның «Ауыл» деп аталатын екінші картинасы осыдан ширек ғасыр бұрын, 1999 жылы салынды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button