Жаңалықтар

КЕШЕН ҚҰРЫЛЫСЫ ШІЛДЕДЕ БАСТАЛАДЫ



ortcom expo

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің алаңына келген «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі Қанағат Тілемісов Көрме кешенінің құрылысы алдағы шілде айында басталатынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда құрылысқа қажет құжаттар дайындалып, сараптамадан өткізілуде. «Құрылыстың негізгі құрылымдары екі бөліктен тұрады. Біріншісі – 25 гектар аумақты алатын көрме өтетін алаң. Оның жалпы ауданы 240-250 мың шаршы метр. Бұның сыртында 750 мыңдай шаршы метрге қосалқы құрылымдар салынады. Мысалы, көрме қатысушыларына тұрғызылатын тұрғын үй, мейманхана өзге де тұрмысқа қажет ғимараттар» деді ол.

Сонымен бірге Қ. Тілемісов көрмеге қатысушы елдердің саны мен атауы 2015 жылдың екінші жартысында белгілі болатынын, Халықаралық көрмелер бюросының талаптарына сәйкес әр ел 250 шаршы метрден 1000 шаршы метрге дейін аумаққа тапсырыс бере алатынын айтты.

Экспо қалашығында көрме қатысушыларына арналған көп қабатты үйлерді инвесторлар салатынын, әзірге 4 мың пәтерлік үйлерді салу жоспарланғанын, көрме кешенінің құрылысы 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталу керектігін атап өтті.

Көрме кешені жобасына арналған конкурсқа 20-дан астам елден 50-ге жуық компания қатысқан. Оның қорытындысында АҚШ-тың Adrian Smith+Gordon Gill Architecture архитектуралық компаниясы жеңіске жеткен. Мұндай мәліметті Сәулет департаментінің директоры Қанат Мұқашев келтірді. Көрменің символы диаметрі – 80 метр, биіктігі – 100 метр болатын сфера тектес құрылыс екенін айтқан ол көрменің жалпы ауданы 173,4 гектарды алатынын жеткізді.

Белгілі меценат Сапар Ысқақов таяуда әлемнің 27 мемлекетін аралап келген екен. 120 күндік сапарында ол Қазақстанды және «Астана ЭКСПО-2017» көрмесін насихаттап жүріпті. Брифингте сол сапарлардан алған әсерлермен бөліскен ол ЭКСПО арқылы біздер кім екенімізді әлемге танытуымыз керек» деді. «Тілеп Қобыз» сарайында орналасқан, 29 қазақ ұлттық аспаптарында ойнайтын ансамбль де көрме кезінде еліміздің өнерін танытуға атсалысатынын айтып, компания өкілдеріне шетел азаматтарының қолы қойылған ЭКСПО жалауын табыс етті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button