Басты ақпаратМәселе

Киіктің киесі күшті



Қазір елімізде «мал жайылымын құртады, егістікті ­отайды» деген желеумен киіктің санын реттеу ­мәселесі қолға алынды. Яғни белгілі бір мекемеге осы дала ­еркесін атуға рұқсат берілді. Бірақ бұл түпкілікті ­ойланбай істеліп отырған қадам болып отыр.

Көз жанары тұнық, тұңғиық киік өлер алдында көзі мұңға толып, жасаурап жатады. Бірақ маңырап дыбыс шығармайды.

Киелі жануарды атуға бұйрық берген, атқан, атуын қолдағандарды киіктің киесі ұруы әбден мүмкін. Киіктің киесі ұрса, ұрпақ ақылынан да, дене мүшесінен де кемтар болады. Мүгедек балалардың көбеюіне Үкіметіміз жол ашып беріп отыр. Бейкүнә жануардың көзін құрту арқылы адамдар өз ұрпағының болашағына балта шауып жатыр. Сонау жылдары киіктерді атып, қырғанда елде ауру балалардың саны күрт өсті. Мұны тоқтатпасақ, жағдайдың қайталануы ықтимал. 2-3 жылдан соң, тіпті оған жетпей неше түрлі індет тарап, ауру балалардың дүниеге келуі жиілеуі бек мүмкін. Киікті мыңдап қыру мыңдаған ұрпақтың мүгедек болуының алғышарты боп жүрмесін!

Даланың сәні мен мәні – киік. Оны жойып алсақ, даламыздың шөп шүйгіні көп түрлілігінен айырылады. Бірқатар жер ақ тақырға айналып, шөп өспей қалады. Дала сұрықсыз болып шыға келеді. Киік жоғалса, жыртқыш аңдар үй малына, киік көбейді деп байбалам салушы қожалықтарының төрт түлігіне шабады. Қасқырдан бастап қарсақ, түлкі, күзенге дейін ауылға кіруі мүмкін. Мал мен құсыңды қырып, індеттің көкесін өршітеді. Мұндай оқиғалар болды ғой. Естеріңізде шығар? Ауылдарға күзенге дейін кіріп кетіп, күтектегі тауықтарды қырды. Қасқыр шауып, малды тартып кетті. Адамдарға да шапты. Мұның бәрі – адам қолымен табиғаттағы Құдай салған тәртіпті, тепе-теңдікті бұзудан болған салдар. Табиғатта барлығы бір-бірімен өте тығыз байланысты. Бір киікті өлтіру арқылы неше түрлі зауалды шақырамыз.

Әлпештеп отырған ұл-қызың ауру, дімкәс болғаны керек пе? Біз қазір соған жол ашып қойдық. «Киік киелі» деп ата-баба талай айтып, өсиет етті. Оның солай екенін көріп, біліп отырмыз. Бірақ біз сонда да қоймаймыз. Сабақ алмаймыз. Неғылған ақымақ басшылар елді басқарып отыр? Табиғатты қорғауға емес, құртуға құштар.

Бүгінгі киік ату, жер мәселесі сұраусыз кетпейді. Ал зауал көп күттірмес. Сақтансаң сақтайды.

Киік отары даланы өрттен сақтайды. Киік шөптің тұқымын тасушы ғой. Киік болмаса, көктемде өріске шыққан малдың барлығы дерлік көк тышқақ болады, тіпті содан топалаң тигендей тоңқалаң асады. Киік – даланы індеттен сақтаушы. Суыққа төзу үшін уланған, қар астынан шыққан улы шөптерді жеп, үй жануарларына жол ашады. Киіктің тек шөптің басын кертіп жейтіні сондықтан. Ол улысын жейді. Сексен түрлі шөптен мүйізіне дәрілік уыт жинайды. Киік жеп кеткен шөптің ортасы қой, ешкі, сиырдыкі болса, тамыры – жылқының қорегі. Мұны бұрынғы қазақ білген, ал бүгінгі қазақ ақша жасаудан басқаны білмейтін болып алды.

Киікті ату өз ұрпағыңды атумен тең! Киіктің киесі күшті!

Мұнайдар БАЛМОЛДА,

журналист




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button