Басты ақпаратМәдениет

«Жан пида» жан дүниемізді қозғады

Адамзат үшін жанын пида еткен жандар туралы қойылым

Еліміздің өнер өлкесінде дара жолымен танылып, халықаралық, республикалық  театр фестивальдерінде үздіктер қатарынан көрінген Жастар театрының талантты  ұжымы  көрерменін жаңа туындыны ұсынды. Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдық мерейтойына арналған VI  Халықаралық «Айтматов және театр» фестивалінде ГРАН-ПРИ жүлдесіне ие болған  Ш. Айтматовтың «Жан пида», «Жан азабы», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ақ кеме,  О.Бөкейдің   Жетім бота, Р.Мұқанованың  «Мәңгілік бала бейне» шығармалары негізінде қойылған «Жан пида» трагедиясының премьерасы 31 қаңтарда сахналанды. Залда ине шаншар орын болмады, премъера аншлагпен өтті.

Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрқанат Жақыпбай.

– Адамзатта мейлің ол Православ болсын, ислам дінін ұстансын, католик я басқа болсын, Аллаға сенім, үміт, шындық біреу ғана. Осы премъерада бірнеше шығарма тұтас бір симфониялық дүние болып көрерменге жетті деп ойлаймын. Шыңғыс Айтматов – сүйікті жазушым, барлық шығармасын білемін, әрқайсысын жеке-жеке сахнада қойғанмын. Осы жолы атақты жазушының бірнеше шығармасын бір сахнада қоюды жөн санадым, айтар ойды спектакльде ойнаған әртістер – шәкірттерім түсінді деп есептеймін,-дейді режиссер Нұрқанат Жақыпбай.

– Шығармада әрқилы тағдыр, әртүрлі қимыл болғанымен айтар ойы біреу ғана, ол – адам үшін ең қиыны – күнде адам болып өмір сүру, туған жерге сүйіспеншілік, мәңгүрттенген ұрпақ мәселесі. Айтматов айтқан ойларды қазіргі «Z» буынының шындықтарымен жалғастыра отырып суреттейді,- дейді Едіге рөлін сомдаған әртіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов.

Ғасырдан да ұзақ көрінгенімен, уақыт-ағзам алақанында пенде ғұмырының жарқ еткен сәулесі қас-қағым. Жүректі жан үшін сол өлшеулі сәттің құны да, бағасы да теңдессіз. Әйтсе де өркениет өрістеп, құндылығы өзгерген бүгінгі біздің тым-тым қатыгездеу қоғамда адам жанына үңіліп, арман-мұңымен бөлісудің өзі қияметке айналып бара жатқаны жасырын емес.

Адам арманынан материалдық құндылығы басым түскен қоғамда кейде санаға сәуле құйып, ойға төңкеріс жасайтын шығармаға сұранады адам жаны.  Әдебиет әлемінің үш бірдей суреткері туындысындағы тамыры үзілмес ортақ тінді режиссер осы ой биігінде сараптайды.Рухани құлдырау мен қағынан жеріген мәңгүрттердің әрқилы әрекетін, ұрпақ сабақтастығын сақтап қалу мен сол  алтын көпірдің үзілмеуі мәселесінортаға салады. Табиғат пен адам баласы арасындағы күрделі қарым қатынасты биік адамгершілік деңгейде көтеріп, оның мәңгілік ажырамас байланысына философиялық астармен қарауға  үндейді.

Жарық дүниеде адамға не қиыншылық кездеспесін, ол кімнен қиянат көрмесін, бірақ, шындық мәңгі өмір сүреді. Адам туады, өледі, бірақ мәңгі-бақи өлмейтін шындық бар, ақиқат бар…

…Армысың, Ақ кеме! Ақ кеме! Бұл жүзіп келе жатқан– мен…Сенімен осылай қоштаса отырып, маған, сенің: «Армысың, ақ кеме! Бұл келіп тұрған мен ғой!» – деген сөзіңді қайталау ғана қалды…

…Ал  пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады…

Спектакльде ең басты рольдердің бірі Бұғы Ананы сомдаған актриса Айнұр Рахипова мәңгүрттің анасының азабын ғана емес, Жер-Ананың ащы азабын, бар ауыртпалығын, қайғы-қасіретін көрсетті, көрерменге көп ой салды.

– Аңызға айналған тәсілмен келген рөлімді мистикалық жолмен келген деуге болады. 9-сыныпта оқып жүрген кезімде Шыңғыс Айтматовтың  романындағы Найман-Ана туралы әңгімесін оқып, мәңгүрт ұлына қарап тұрып НайманАна ай мeн күн, күллі әлeм туралы, өзі туралы атақты жoқтау жырын айтқаны қатты әсер еткені соншалық, шығарманың әсерінен қатты жыладым. Сонда өзімнің актерлік қабілетімді айқындағандай болдым. Содан 10 класта оқып жүрген кезімізде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қойылған Ш.Айтматовтың «Плаха» – «Жан пида» спектаклін Найман-ана рөлін Гүлжан Қалабаеваның орындауында көрдім. Маған қатты әсер етті. Оқуға түсерде де Найман-ана рөлін жаттап алып, айтып, өттім. Репертуарыма енді. Өмір бойы ойнаған сайын жаңарып, жаңғыра беретін, шеберлігім шыңдала түсетін рөлге айналды, менің рөлім деуге лайықты дер едім. Осы шығармаларды үнемі қайталап оқып тұрамын, себебі, маған әр әріптің тұсында жасырынған бір сыр тұнып тұратын секілді, оқыған сайын сол жасырынған сыр ашыла беретін сияқты  әсер етеді. Әртіске ойнап шығу оңай емес, одан кейін жақсылап бір тынығу керек, қойылым соңында ішің босап, жапанда жалғыз қалғандай эмоционалдық күйзеліске түсесің. Себебі, жаныңды жеп ойнайсың ғой әр рөлді. Сахнадағы серіктесіңе де көп нәрсе байланысты. Дәурен Серғазинмен ойнау – маған керемет күш береді, оның рөлді бар жанын салып ойнауы «Сен мені танисың ба?» дегенімде көзінен аққан тарам-тарам жасынан көріп, одан сайын ширығып, сахнада барыңды салуға тырысасың, сахнадағы серіктестің мықтылығының осындай әсері бар. Режиссер, ұстазымыз Нұрқанат ағамыздың аналардың анасы, биік қасиетімен, құдіретімен бүкіл адамзаттқа ортақ тұлғаға айналған Найман-Ананы таңдап алуы, оның рөлімен көп нәрсені айтуы, біздерді, әртістерді барын салып ойнайтын трансқа кіргізіп жіберуі, көрерменге көп ой салуы – режиссердің асқан шеберлігі дер едім.Ағайдың айтуынша, әртістің әр қимылы, сөзі, тіпті көзіңді ашып, кірпігіңді көтергенде көрерменге ой салардай салмақ болуы қажет деп есептеймін деген кеңесін мықтап жадыма түйіп, сахнаға тас-түйін болып шығатынымыз да сондықтан.Биіктердің биігі, асылдың асылы – сол Ананы адамзаттың қорлап, зорлайтыны, сол арқылы адамзаттың азып-тозған әрекеттерін, мәңгүрттенген ұрпақ қасіретін ащы мұңмен, запыран толы өксікпен жеткізеді. Қазіргі адамзат Жер-Ананы да солай зорлап отыр,бауырындағы  мұнайын сорып алып, орнын да толтырмайды, жер бетін түрлі қоқысқа толтырып, табиғатқа алаңдамайтын мәңгүрттенген жастарды тәрбиелеп жатқанымыз шындық. Осыны режиссер ойлы көрерменге осы қойылым арқылы айтады, көрсетеді, – дейді ана рөлін ғажайып сомдаған актриса Айнұр Рахипова.

Шынында да табиғат пен адам баласы арасындағы күрделі қарым қатынас жайында үнемі жазған «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың ойын спектакль арқылы дамытқан Нұрқанат Жақыпбай  адамның табиғатқа жасайтын жауыздығы мен зор қиянатшылдығын қойылымда әшкерелегендей. Бірнеше шедевр шығармадан бір үздік қойылым жасаған режиссердің еңбегі қол соғарлықтай тамаша туынды, философияға толы еңбек. Режиссер бүкіл өмірінде қойған спектакльдерін ірі, күрделі бір дүниеге жинақтап, халқының алдында есеп берген сияқты. Оны Айтматовтың шығармаларын оқыған адам ғана түсінуі бек мүмкін. Ал, сахнада бейнеленген мәңгүрт ұрпақ, қазіргі заманның бейнесі – қолынан телефоны түспейтін, көркем шығарма оқымайтын, ата-анасына мейірімсіз басқа ұрпақтың келгенін айтуы – бүгінгі күннің шындығына сәйкес келетіні тағы ақиқат. Ішіңді ащы өксік тырнайтыны да сондықтан… Тек спектакль уақытының тым созылып кетуі аз ойды, қысқа уақытта саз етіп жеткізу қажеттігін айтар едік. Үш сағатқа жуық жанымызды шүберекке түйіп, қылбұраудай қысымға алған ұлы өнер, саңлақ өнер жаңа ұрпақпен әрі қарай жасай берсін дегің келеді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button