Мәдениет

Көк жәшiктен келер қауiп қандай?



Теледидардың отбасымыздың бiр мүшесiне айналып, оның ересектердi елiктiрiп, балаларды өзiне байлап алғалы қашан?..
Балаңызға бiр сәт назар аударыңызшы. Күнi бойы көгiлдiр экранға телмiру, телекейiпкерлерге елiктеп, соның образына ену – сiзге жақсы таныс көрiнiс болар. Көрсеңiз де, көңiл бөле қоймаған шығарсыз.
Демек, сiз баланың теледидарға тәуелдiлiгi психологиялық тұр¬ғыдан ауру саналатынын бiлмейтiн болып шықтыңыз. Иә, солай.
Бiздiң бүгiнгi айтарымыз, бала¬лар «телемания», яғни, теледидарға тәуелдi болудың денсаулыққа ти¬гiзер зияны, оны жеңудiң жолдары жайында болмақ.

«Телемания» дегенiмiз не?
Бұл – кез келген құмар ойын¬дары секiлдi, барлық шаруаны ысырып тастап, барлық уақытты көк жәшiк алдында өткiзуге деген қажеттiлiк. Телемания – бала үшiн өте қауiптi. Теледидар құмарлы¬ғына салынған бала театрға, мұра¬жайға, киноға бару, серуендеу, өз қатарлас¬тары¬мен аулада ойнау секiлдi дүниенiң бәрiн экранға кiрпiк қақпай қада¬лумен алмас¬ты-рады. Мiне, осыдан кейiн сәбидiң өмiрдi тәжiрибелiк жолмен тану, бәрiне шынайы көз¬қараспен қарау сияқты дамуына қажеттi қабiлетi жоғала бастайды.
Американдық ғалымдар: «Теле¬ман балалар өздiгiнен елестету қабi¬летiнен толықтай айырылады, оларға елестету, жете ойлану, қо¬ғаммен байланыс құру секiлдi жайттар таңсық болып келедi. Себебi, мұның бәрiн теледидар жасап бередi», – дейдi.
Телеманияның
зиянды тұсы:
• Көздiң көру қабiлетiн нашар¬латады. Ертелi-кеш көгiлдiр эк¬ранға телмiрген баланың көз өт¬кiрлiгi азаяды. Бұл – дәлелдеудi қа¬жет етпейтiн, жалпы жұртқа белгiлi жәйт.
• Теледидар алдында ұзақ оты¬рудың әсерiнен баланың омыртқа жотасы қисаяды.
• Аз қозғалғандықтан денеде артық май жиналып, семiздiкке әкелiп соғады.
• Жүйке жүйесiндегi ауытқулар пайда болуы мүмкiн. Ұйқының бұзылуы, жасқаншақтық, жалтақ¬тық, тез ашулану, сабырсыздық т.б орын алады.

Мамандар бала теледидар ал¬дында отырғанда гипноздық әсерде отырғандай күй кешетiнiн айтады. Ондағы кейiпкерлер сәбидiң виртуальды достарына айналып шыға келедi. Бар дүниенi тек экран арқылы қабылда¬ған¬дықтан, сәби миының оң жақ бөлiгi ерекше қарқынмен дамиды. Сол жақ бөлiгi дұрыс жетiлмейдi. Мұның салдарынан баланың жүйке жүйесi дұрыс жетiлмейдi. Ашуланшақтық пайда болады.
Алты жасқа дейiнгi сәбидiң санасы көрген-бiлгенiн тек сол қалпында, еш сыннан өткiзбей қабылдайды. Осы жасқа дейiн тек теледидардан ғана өмiрдi танып өскен бала сол көрген мультфильм не кино кейiпкерлерiне ұқсауға тырысып бағады. Солардың әре¬кеттерiн қайталаумен әлек¬тенедi. Телеөмiр шынайы өмiрдiң орнын басады.

Телеаңыздар
Баласының теледидарды өте көп көретiнiн кей ата-аналар былай ақтауға тырысып бағады: «Балам тек сапалы балалар бағдар¬лама¬лары мен қызықты мультфильм¬дердi ғана көредi».
Мұндай болған жағдайда да бала телеманға айналады. Себебi, ата-аналар жинақтап берген сол «сапа¬лы» бағдарламалар тiзiмi сәби са¬на¬сын жаулап алады. Әрине, теле¬дидар көрсету баланы алдаусырату үшiн жасалуы мүмкiн. Ал, осы ал¬даусырату күнделiктi қайталанып және ұзаққа созылса – онда бұл қауiптi.
«Балақайымыз теледидарға қа¬ра¬майды, ол тек сол бөлмеде ойнап отыр» деген түсiнiк те жоқ емес. Баланың естуi арқылы да қабыл¬данған ақпарат мидың қабылдау бөлiмдерiне жазылып қалады. Сондықтан, бала телеэкранға үңi¬лiп отыр ма, жоқ па, бөлменiң бұры¬шында отыр ма, ол маңызды емес. Көк жәшiктiң әсер ету қабi¬летi қай жерде де бiрдей.
«Баламыз тек танымдық және ақыл-ойды дамытатын хабарларды тамашалайды».
Әрине, танымдық бағдарламалар пайдалы. Ал, егер жас сана қорша¬ған әлемдi тек сол бағдарлама көр¬сеткен қалпында ғана қабыл¬дай¬тын болса, онда бұл зиян. Баланың әуестiгi көк жәшiктен көргенiмен ғана шектелiп қалмауы керек.

Не кӨремiз,
не кӨрсетемiз?
Жалпы, теледидарға көп телмiру – зиян. Денсаулыққа физикалық тұрғыдан келтiрер залалы мол. Бұл – мәселенiң бiр жағы. Екiншi бiр қауiптенерiмiз, сол көрсетiлiп жат¬қан телеөнiмдер баланың пси¬хо¬ло-гиясына қалай әсер етедi?
Қазiргi телеөнiмдердiң тең жар¬тысы зорлық-зомбылық, қорқы¬ныш пен үрейдi насихаттайды. Себебi, ондай өнiмге деген сұраныс жоғары. Балаға атыс-шабысқа, зор¬лық-зомбылық әрекетке толы фильм¬дердi көруге мүлдем болмайды.
Ұру, соғу, төбелес, адам өлтiру – адамның басты мақсаты екен деген ой қалыптасады. Осыдан кейiн бала өмiрдiң ең басты қағидасы – өз қар-сыласыңды жою деп бiледi. Ере¬сектерге арналған бағдарлама¬ларды балалардың неге көруге болмай¬тынын сәбиiңiзге түсiндi¬рiңiз. Олай болмаған жағдайда баланың ол бағ¬дарламаларға деген қызығушы¬лығы арта түседi.
Қандай жағдай болмасын сә¬биiмiздiң ненi көрiп жатқанына қатты мән беруге тиiспiз. Мәселен, «Уолт Дисней» компаниясының өнiмдерi кiшкентайлар үшiн көруге әбден лайық. Десе де, тым көп көр¬сет¬пеңiз. Қазiр қандай да болмасын телеөнiм арнайы дәрежемен тара¬латын болды.
Не нәрсе болмасын шектен ас¬қан жағдайда зиянға айналады. Дәрумендi мөлшерден артық қа¬был¬дап жiберсек, гипервитаминоз сырқатына шалдығатыны секiлдi, тым артық теледидар көру бала са¬насын шатастырады. Денсаулығын әлсiретедi. Жас сәбиiңiзге қажет ақпаратты берiңiз. Әлi бiлмейтiн нәрсесiн үйретуден жалықпаңыз. Табиғат-анамен байланыста ұста¬ңыз. Жыламаса болды, құлағым ты¬нышталсын деген оймен теле¬дидар алдына төпелеп отырғызып қоймаңыз. Сәбиiңiз неге әуес, соны анықтаңыз. Дамытыңыз. Теле¬әлемнен басқа шын әлем бар екенiн ұғындырыңыз. Балаңызды шын дүниеге бейiмдеңiз.

Жәнiбек НҰРЫШ



Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button