Қоғам

Көмек арнайы хештэгке топтастырылды



Төтенше жағдайлар кезінде әлеуметтік желінің әлеуеті зор болатыны белгілі. Арыстық ағайынның ахуалын Instagram мен Facebook желілері арқылы тұрақты түрде бақылап отырып, осыған тағы да көз жеткіздік.

Осы орайда астаналық тұрғындар Арыс қаласына арналған көмектерін тұрақты хештэг аясына топтастыруды бастады. Енді елордалықтар апат аймағындағы бауырларымызға көмектесу жолдарын #НұрСұлтанқаласыАрыспенбірге, #Елордаданкөмек және #Помощьотстолицы хештэгтері бойынша іздеу жүргізу арқылы біле алады. Екі-үш күннің ішінде бұл хештэгтер 200-ге жуық рет қолданылып, сол арқылы Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының жұмыла жасап жатқан жәрдемін паш етті. Аталған хештэгтер қолданылған жазбаларды шолып шыққанымызда, «Қазақстан медицина жастары» ұйымының арыстықтарға қол ұшын созуда белсенді тірлік атқарып жатқанын байқадық.
– Біздің ұйымның бастамасымен медицина факультетінің студенттерінен тұратын волонтерлер бас қосып, апаттан зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсетуде. Қажеттілік туған жағдайда еліміздің барлық аумағынан осындай волонтерлерді тартып, жәрдем беруге әзірміз. Бұдан бөлек, елордадағы «Астана жастары» ресурстық орталығы, «Қазақстан студенттер альянсы», «Қазақстан жастар конвенті», «Жайдарман», «Студенттік құрылыс және еңбек жасақтарының республикалық қозғалысы», «Жас Отан» жастар қанатының қалалық филиалы секілді танымал жастар ұйымдарын жұмылдырып, қан тапсыру шарасын да ұйымдастырып жатырмыз. Одан түскен қаржы толықтай Арыс қаласына көмек ретінде аударылады. Күн сайын орташа есеппен 30 шақты адам қан тапсыруда, – дейді «Қазақстан медицина жастары» ұйымының төрағасы Абылайхан Әбдірәш.
Сондай-ақ #НұрСұлтанқаласыАрыспенбірге, #Елордаданкөмек және #По­мощьотстолицы хештэгтері бойынша арыстықтарға киім-кешек, азық-түлік, тұрмыстық заттармен көмек елордадағы қай жерлерде қабылданып жатқанын да білуге болады.
Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар мекеме қызметкерлері өздерінің бір күндік еңбекақыларын зардап шеккен тұрғындарға жіберді. Олар желідегі жазбаларына жоғарыда аталып кеткен арнайы хештэгтерді тіркеу арқылы басқа да астаналықтарды өздері жасағандай игі іске атсалысуға шақырды.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button