Мәдениет

Тарихты тірілткен жәдігерлер

Қала күніне орай Ұлттық музей мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Қасиетті Түркістаннан нұрлы жолды Нұр-Сұлтанға» атты көрме ашылды.

Үш бөлімнен тұратын көрмеге 60-тан астам жәдігерлер қойылды. Көр­менің алғашқы бөлімі Қожа Ахмет Ясауи атамызға арналды. Онда әулие бабамыздың баға жетпес мұрасы саналатын «Диуани хикмет» кітабының қолжазбасы мен баспа нұсқалары, «Насабнама» шежіресі, ұлы тұлғаның шәкірттері С.Бақырғанидің «Диуан» қолжазбасы, Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің «Бустан уль Мухиббиннің» түркі тілінде жазылған қолжазбасы бар. Сондай-ақ Әлішер Науаидің «Ғазалдары», Софы Аллаярдың «Муслик ал-Муттакин», «Әулиенің өсиеттері» еңбегі, Қожа Хафиздің «Диуаны», Имам Мағрудидің «Қиссалары», Әулие Биделдің «Диуан» еңбектерінен та­ғылым түйесіз. Сонымен бірге Әмір Темір сыйға тартқан ХІV ғасырдың мұрасы – шырағданның түпнұсқасы, лауха және қасиетті тайқазанның көшірмесі келушілердің қызығушылығын оятты.


Көрменің екінші бө­лі­мінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолынан сыр шертетін құнды заттар ұсынылды. Сондай-ақ Ұлт көшбасшысының 1999 жылы Түркістанға келген сапарында қорық-музейге сыйға берген Құран Кәрім кітабы көпшілікке көрсетілді.
Ал үшінші бөлімде 1871-1872 жылдары жиһанкез А.Кунның «Түр­кістан альбомында» жарық көрген Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ондағы Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған ХІV ғасырдың құнды жәдігерлері мен қорық-музей қорындағы этнографиялық, археологиялық материалдар және киелі шаһардағы тарихи-рухани орындардың фотосуреттері көрме төрінен орын алған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button