Қала мен Сала

Көмірмен жабдықтауда қарбалас жоқ



Жалпы, Қазақстанда көмірдің бағасы оның сапасы мен тасымалдау шығынына, делдалдардың қатынасуына қарай 8 мыңнан 18 мың теңге аралығында болып тұр. Көмірдің ең арзаны – Семейде (8 мың теңгенің үстінде), ең қымбаты – Оралда (18 500 теңге).Ал астанада жыл сайын 500 мың тоннадай көмір жағылады. Бүгінгі күнге дейін оның 250 мың тоннасы тасымалданып әкелінді. Қазір теміржол тұйықтары мен қоймадағы көмірдің қоры 18 мың 300 тоннадан асады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелері, өңір басшылары бас қосқан бір жиында көмір құнының қымбаттап кетпеуін, бұл салада жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың болмауын тапсырған-тын. Сондықтан отын бағасы – Нұр-­Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің жіті бақылауында.
Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім бастығы Мақсат Есмағұлов бас қалада көмір қорының жеткіліктілігін және бағасы тұрақты екенін айтты. Оған жергілікті билік пен жабдықтаушылар арасында меморандумның бекітілуі ықпал еткен.
– Көмірдің тасымалдануы жос­пар бойынша жүзеге асырылып жатыр. Әкімдіктің ақпараттық-­түсіндіру шараларының арқасында тұрғындардың дені қатты отынды жаздың ортасынан бері сатып ала бастаған. Әрине, қар түскеннен кейін бірақ қозғалатындар бар. Оларға Қосшы, Тайтөбе, Қажымұқан, Караөткел, Талапкер сияқты жақын ауыл-аймақтардың тұтынушылары қосылғанда кезек шоғырланып қалатын кездер болады. Дегенмен, көмір сату орындарында қарбалас қараша айының соңына дейін ұласады, – деді Мақсат Есмағұлов.
Астанаға жеткізілетін көмір қорының 30 пайыздайын жақын елді мекендердің халқы тасып әкетеді. Көмірмен жабдықтау ісінде қарбалас туғызбас үшін Нұр-Сұлтан қаласының құзыр­лы органдары аталған ауылдық жерлердің халқымен, әкімдіктерімен жаздың соңғы айларынан бастап ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізеді. Сондай-ақ тұрғындар «iKomek109» орталығынан көмір сатылатын орындар, оның қоры мен бағасы, сатып алу кезегінің бар-жоқтығы, т.б. қажетті ақпараттарды біле алады.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button