Жаңалықтар

КОРЕЯ ПАВИЛЬОНЫ: СУТЕГІМЕН ЖҮРЕТІН «ХЮНДАЙ»



Корея павильоны аумағы жағынан «ЭКСПО» қалашығындағы ең үлкен Германия, Жапония, Ресей елдерімен қатар тұр. 1804 шаршы метрді алып жатқан нысан қос қабаттан тұрады. Бірінші қабатында көрме залы орналасса, екінші қабатында Корея елінің мәдениеті паш етілмек. Жалпы, халықаралық көрме кезінде 250-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. 

ee27dc40f3d530e59c8c7e9d9545a772-kopirovat

Оңтүстік Корея – «жасыл» технологияның дамуы жағынан алдыңғы қатарлы ел. «Болашақтың энергиясы. Ақылды өмір» деп аталатын көрмеде баламалы энергия саласындағы соңғы технологияларын таныстырады.

Кәрістердің арнайы да­йындаған анимациялық шоуында біздің ел туралы көрсетіледі. Ұшаққа мінген «Астана» есімді қазақ баласы жер әлемді шарлап келеді, ұшағынан аққан дизельді отынымен жер-көкті ластайды. Кенет бір жерге келгенде ұшақтың майы бітіп, тоқтауға мәжбүр болады. Осы кезде тасадан шыққан кәріс қызы бос ыдысын алып, бермей қояды. Шоудың шешімі де сол, кәріс қыз қазақ баласы көрмеген өз еліндегі тың технологиямен таныстырады. Табиғатты құтқарудағы жаңа баламалы қуат көздерінің өзектілігін көрсетеді. Оңтүстіккореялық танымал суретші Ким Джонг Ги қойған туындыда баламалы энергия көзінің пайдасына ел назарын аударады.

hyundai-fuel-cell-cars-kopirovat

Дамыған технологияларын паш етуге келген бұл елдің елең еткізер жаңалықтарының бірі – энергетикалық орман. Келушілерге мұнда бір-бір планшеттен беріледі. Күншығыс елінің инноваторлары дайындаған бұл жобада жаңа энергия көздеріне саяхат жасауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, көрмеде энергия көздерін тиімді сақтау технологиясы мен сандық технологиялары таныс­тырылады. Олардың кейбір элементтері Астанадағы «Хайвилл» тұрғын үй кешенінде қолданысқа енген.

Павильонға келушілер үшін әлемге танымал Hyundai маркалы автоконцерннің сутегі отынымен жүретін жаңа көлігі қызығушылық тудырды. Оңтүстік Корея павильоны директорының орынбасары Ким Джунг-Хуннің айтуынша, Астанаға арнайы теңіз жолымен әкелінген салмағы бір жарым тонналық сутектік автомобиль экологиялық жағынан тиімді.

19025048_849099605255576_4889101252735577591_o-kopirovat

«Оңтүстік Корея павильоны энергия саласындағы ең соңғы технологиялар мен кәріс мәдениетін кеңінен таныстырды. Біз қолымыздан келгенше түрлі контент қалыптастыруға тырыстық. Халықаралық павильондар ішінде танымал болғанымызды мақтанышпен айта аламыз. Оңтүстік Корея ТМД аумағында ұйымдастырылған көрмеге алғаш рет қатысып отыр. Бұл қадамымыз Орталық Азия елдерімен арадағы қатынасты жақындатады деп сенемін» деді Корея павильонының басқарушысы Бён Йон Соп мырза.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button