Басты ақпаратДенсаулық

Коронавирустан кейінгі оңалту әдісі



Қазір біз коронавирусты тұмаудан немесе ЖРВИ-дан қалай ажыратуға, ПТР-сынақты қайда және қалай тапсыруға болатынын жақсы білеміз. Сонымен қатар өзіңіз немесе жақындарыңыз ауырып қалса не істеу керегі, коронавирустың өкпені зақымдайтыны баршаға мәлім. Алайда көптеген адамдар тыныс алу функцияларын қалпына келтіру үшін оңалтудың қажет екенін біле бермейді.

ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасы пациенттерді гипербариялық оксигенация сеанстарына қабылдауды қайта бастайды. Президенттік клиника қабыр­ғасында пациенттерді коронавирустан кейінгі оңалту, яғни гипербариялық оксигенация әдісі қолданылады.
– Гипербариялық оксигенация немесе ГБО – бұл шамадан тыс барометрлік қысым кезінде ағзаны газбен қанықтыру әдісі. Бұл әдіс COVID-19-бен байланысты пневмониямен ауыр­ған пациенттерге сәтті қолданылуы мүмкін, себебі мұндай пациенттерде ұзақ уақыт бойы субфебрильді температура, ентігу, әлсіздік және тершеңдік сақталады. Сондықтан біз президенттік клиника қабырғасында пневмония мен коронавирус­тан кейінгі оңалтудан өтуді ұсынамыз, – дейді медицина ғылымдарының докторы, президенттік клиника директорының емдеу-диагнос­тикалық жұмыс жөніндегі орынбасары Раушан Қарабаева.
ГБО негізінде қысым арттыру кезінде сұйықтықтағы газдың ерігіштігін арттыратын физикалық заңдылықтар жатыр. Осылайша, атмосфералық қысымның артуы қандағы оттегінің ерігіштігін арттыра отырып оны қанықтырады. Гипербария­лық оксигенация әдісі маска арқылы оттегіні беруден әлдеқайда тиімді, ал ағзаны оттегімен қанықтыру, әсіресе, коронавирустық инфекция­мен ауырған науқастар үшін маңызды.
– Коронавирустық инфекциямен байланысты пневмониямен ауыратын жүздеген науқастарды оңалтуда ресейлік әріптестеріміздің ГБО-ны қолдану тәжірибесі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Пациен­ттер иіс сезу қабілет мен температураның тез қалпына келгенін, сондай-ақ жұмысқа қабілеттіліктің артқанын атап өткен, – дейді президенттік клиниканың гипербариялық оксигенация бөлімшесінің меңгерушісі Балқия Әбдіқалықова.
Барокамераларға белгілі бір талаптар қойылады. Аталған ауруханада емдік қысымның үлкен диапазоны бар және негізгі гемодинамикалық параметрлердің мониторинг жүйесімен жабдықталған, таза оттегімен жұмыс істейтін стационарлық бір орындық барокамералар қолданылады. Пациент дәрігерлерді көріп жатады, сондай-ақ мамандар да олармен сеанс кезінде сөйлесе алады.
Гипербариялық оксигенацияны қолдануға абсолютті қарсы көрсетілімдер жоқ. Сонымен қатар, ГБО сеанс­тары созылмалы обструктивті өкпе ауруы, демікпе, қант диабеті, артериялық гипертензия және инсульт сияқты қосалқы аурулары бар пациент­терге ұсынылады.




Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button