Басты ақпарат

Санитарлық талаптарды тексереді

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар нысанды аралап, санитарлық талаптардың сақталу барысын тексерді, деп хабарлады «Елорда Инфо».

Вице-премьер бастаған топ бірінші қала тұрғындары көп жиналатын «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығын аралап шықты. Орталық ішінде жүрген жұрт бетперденің маңыз­дылығын түсінгенмен, беттұмшаны жартылай ғана кигендер кездесіп жатты. Ералы Тоғжанов бірнеше адамға ескерту жасады.
Жұмыс тобы барған екінші нысан — «Эталон» сауда құрылыс базары болды.
«Карантиндік талаптар күшейген шақта біздегі жабық нысандар жұмысын толығымен тоқтатты. Тек сырттағы сауда белгілі бір уақытқа дейін ғана жұмыс істеп тұрды. Қазір жабық нысандар ашылғанмен, қойылған талапқа сай демалыс күндері жұмыс істемейді. Кіреберістегі күзет қызметі жұрттың бетпердемен кіруін қадағалап, дене қызуын тексеріп тұрады» деді «Эталон» базары директорының міндетін атқарушы Өмірбек Меңлібеков.
Вице-премьер кіреберістегі күзеттің қолындағы аппараты аздық ететінін айтып, оның орнына тепловизорлар орнату керектігін айрықша атап өтті. Келушілер көп болғандықтан, олардың бәрін бірдей бақылау мүмкін еместігін айтқан Ералы Тоғжанов нақты тапсыр­ма берді. Бұл жерде де ол бірнеше адамның бетпердесін бетті толық жабатындай етіп тағуы керектігі жөнінде ескерту жасады.
Бұл базардың әрбір бутигінің кіреберісіне бетпердесіз кірмеуі жазылып, арақашықтық сызығы белгіленген. Келушілер осы тәртіп бойынша кезекке тұрып, сауда жасауға дағдыланғаны байқалады.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары бастаған топ қаланың Орталық базарына атбасын тіреп, мұндағы жағдаймен танысты. Күн дүйсенбі болғанмен, бұл жерде сауда қызып тұр. Бірақ демалыстағыдай қалың топтың шоғыры жоқ. Ералы Тоғжанов бұл базардың әкімшілігіне де тепловизорлар орнату керектігін тапсырды.
«Базар болған соң адам көп келеді. Әрбір адамның температурасын бақылап отыру мүмкін емес. Сол себепті кіреберістерге тепловизорлар орнатып, жұртшылықты індеттен сақтауы­мыз қажет. Індет жұқтырған адам маңынан өткен кез келген жанға зиянын тигізеді. Сақтық шараларын барынша сақтауымыз керек» деді Ералы Тоғжанов.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button