Рухани жаңғыру

Ортағасырлық өркениет және отырарлықтар

(Соңы. Басы газеттің №99 (4068) санында)

Ол – араб өркениетінің дамуына өлшеусіз зор еңбек сіңірген ұлы ғұлама. Ол араб елдерінде жүргенде 164 трактат (200 дейтіндер де бар) жазған.
1) Ол – араб және Еуропа ғалымдары мойындаған музыканың атасы.
2) Ол – араб ғалымдары мойындаған Шығыс философиясының атасы.
3) Ол – алғаш рет ғылымды жіктеген энциклопедист-ғалым.
4) Ол – замандас Бағдат медиктері мойындаған ұстаз әрі қазір медицинаның атасы саналатын Ибн Сина мойындаған ұстаз.
5) Ол – математика саласында көптеген үлкен жаңалықтар ашқан, астрономия саласында құнды еңбектер жазған, физика, химия, минералогия салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған еңбектер жазған ғалым.
6) Ол – поэзия туралы еңбек жазған ақын.
7) Әбу Насыр бабамыздың Отырарда, Орта Азияда жүргенде жазған еңбектері сақталмаған. «Әт-Тағлим әс-Сани» атты еңбегі де бізге жетпеген. Қазір араб елдерінде жүргенде 164 трактат жазғаны белгілі.
Әбу Насыр әл-Фараби ғұлама араб елдерінде көне грек ғалымдарының ойларын тереңірек түсіну үшін грек ғалымдарынан грек тілінің логикасы мен грамматикасын үйренгенінен басқа барлық білімді Отырарда, Орта Азияда алған.
ӘБУ ИБРАҺИМ ИСХАҚ ­ӘЛ-ФАРАБИ
Атақты неміс шығыстанушысы Карл Броккельманның (1868-1956) «Араб әдебиетінің тарихы» атты еңбегінде: «Әбу Ибраһим Исхақ бин Ибраһим әл-Фараби Түркістан өлкесіндегі Фараб қаласында туған. Біраз уақыт Забидте тұрды. Сонда жүріп ол біздің заманымызға жеткен негізгі еңбегін жазды. Кейінірек туған қаласында (Отырарда – Б. Б.) ұстаздық етті де, соңыра 350/961 жылы осында дүниеден өтті» дейді.
Оның атақты туындысы «Диуан әл-адаб» («Әдеби жинақ») деп аталады. «Диуанды» баспаға әзірлеген – профессор, доктор Ахмед Мухтар Умар. Көрсеткіштерді дайындаған – араб тілі академиясының мүшесі, доктор Ибраһим Анис. Алғысөздегі тағы бір төрт беттік мақаланы доктор Ахмед Мухтар Умар жазыпты. Ол Отырар перзенті шығармасының араб филологиясы үшін теңдесі жоқ дүние екенін қадала айтады.
Отырар ғалымының аталған жинағын Каирде төрт том етіп ­(1-том – 481 бет, 1974 ж; 2-том – 501 бет, 1975 ж; 3-том – 470 бет, 1976 ж; 4-том – 259 бет, 1978 ж.) бастырып шығарды. Соңғы кітапқа қосымша ретінде 1979 жылы 705 беттен тұратын тағы бір том жарияланған.
ИСМАИЛ ӘЛ-ЖАУҺАРИ ­ӘЛ-ФАРАБИ
Ливандық әдебиетші Ханна әл-Фахури оны араб тілінің лексикография саласының білгірі ретінде таныса, ортағасырлық оқымысты Әбу Мансур ас-Сағалиби (961-1038): «Түркі шаһарларының бірі Фарабтан шыққан Әбу Насыр тамаша да ғажайып адам, араб тілінің нағыз білімпазы еді» деп жазған.
Ас-Сағалиби әл-Жауһариді тек тілші-ғалым ғана емес, сонымен қатар ақын да болған дейді. Шынында да, ол өзінің ең алғашқы ғылыми еңбегі «Китаб әл-арудта» («Өлең өлшемі жайлы кітап») араб поэзиясын терең зерделеп, өзіндік теория жасауға тырысқан. Әл-Жауһаридің бұл дүниесінің өзі тұстас ғалымдардың осы тақырыптағы туындыларынан мазмұны жағынан асып түспесе, кем соқпайтынын айтады.
…Араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен жағрафиясының білгірлері өз туындыларында Отырар азаматы тілдің кейбір мәселелерін сөз ететін «Китаб әл-мұқаддима фин-н-наһу» («Грамматикаға кіріспе кітап») деп аталатын сүбелі еңбек жазған дейді.
Әл-Жауһари өмір сүрген тұс – араб тіл білімі саласында көптеген еңбектер жазылып, аталған тілдің сан қырының белгісіз жақтары ашыла бастаған кез. Сондықтан да Отырар перзенті араб тілінің лексикография саласын зерттеумен тереңдей айналысады. Соңыра ол, жоғарыда айтылғандай, «Тадж әл-луға уа сихах әл-арабийа» («Тіл тәжі және дұрыс араб тілі) атты, бірақ ғалымдар арасында қысқартылып «ас-Сихах» («ақиқат», «дұрыс») деп аталып кеткен атақты еңбегін жазған. Бұл еңбекті ол бәдәуи тайпалары арасында тұрған кезде бастаған сияқты, өйткені оған өзі жинаған қырық мыңға жуық сөз кіргізген.
…Әбу Мухаммад ан-Найсабури (ортағасырлық оқымыстылардың бірі – Ә. Д.) ғұзырындағы кітапханада: «ас-Сихах» – адаб жайлы өзіне дейін жазылған дүниелердің мырзасы. Ол адабтың барлық түрлерін қамтып, басқа кітаптарға шашырап кеткенінің бәрін бір жерге жинап, топтастырған» деп ескерткен. Соған қарағанда әл-Жауһари өз дүниесін жазу үстінде, шынында да, өзіне дейін жазылған еңбектердің бәрін қарап, араб тілі сөздіктерін жасау жұмыстарының тәжірибесін ғылыми тұрғыдан қорытындылап, ешкімді қайталамай, ештеңені де ұмыт қалдырмауға тырысқан.
ӘЛАМ АД-ДИН ӘЛ-ЖАУҺАРИ (ӘЛ-ФАРАБИ)
Ол – жоғарыда сөз болған әл-Жау­һаридің баласы. Ұлы жерлесіміз баласының «Әлам ад-Дин әл-Бағдади» деген тағы бір ныспысына қарап оны Бағдадта туған деп ойлаймыз.
Г.Зутер де Әбу-л Хасан Әлиді «Математика саласындағы аса күрделі еңбектері мен астрономиялық аспаптар жасауда және пайдалануда асқан шеберлігімен танымал ғалым, оның тамаша шығармалары кең таралған» деп жоғары бағалаған.
Әлам ад-Дин жайлы деректі жоғарыда аталған XІІІ ғасырдың орта кезінде өмір сүрген Ибн Сайд әл-Қифти еңбегінен ғана ұшыраттық. «Ибн Исмаил Әбу-л Хасан әл-Жауһари әл-манғұт Әлам ад-Дин әл-Бағдади деген ныспысымен белгілі. Ол «белгілі әскербасы», ғалым, Бағдадтың даналары мен тамаша ойшылдары арасында геометрия мен математика саласында алғыр ақыл иесі, өте зерек еді» деп жоғары бағалаған.
Әлам ад-Дин негізінен астрономия, геометрия, математика, филология секілді ғылым салаларына қатысты еңбектер жазған.
Осы отыздан аса фарабтық-­отырарлық ғалымдар түрлі салада: математика, астрономия, тарих, филология, діни (хадисші, фикх) және поэзия-ақындық өнерлерімен тарихта аттары қалыпты. Олар өз еңбектерімен араб өркениетінің қалыптасуына өлшеусіз қызмет етті. Мысалы:
1) Аббас әл-Жауһари түркі текті ортаазиялық ғалымдар Хорезми, Ферғани, Марвазимен бірігіп Бағдад обсерваториясы мен «Даналық» үйінің негізін қалаушылардың бірі болса;
2) Әбу Насыр әл-Фараби көптеген салаларда: музыка, Шығыс философиясы, медицина, ғылымдарды жіктеу, астрономия салаларында теңдесі жоқ ұстаз болды;
3) Ал Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фараби жазған атақты туындысы «Диуан әл-адаб» («Әдеби жинақ») араб филологиясы үшін теңдесі жоқ дүние екенін зерттеушілер жазып кеткен.
4) Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби туралы ливандық әдебиетші Ханна әл-Фахури оны «араб тілінің лексикография саласының білгірі» деп атаса, оның ғалымдар арасында қысқартылып «ас-Сихах» – «ақиқат» аталған еңбегі туралы «Әбу Мухаммад ан-Найсабури «ас-Сихах» – адаб жайлы өзіне дейін жазылған дүниелердің мырзасы. Ол адабтың барлық түрлерін қамтып, басқа кітаптарға шашырап кеткенінің бәрін бір жерге жинап, топтастырған» деп жазып кетіпті.
Ғылым-білім мен өркениеттің дамуы үшін мемлекеттің күш-­қуаты мен мемлекетті басқару ісі де өте маңызды екені айтпаса да түсінікті. Осы жағынан алып қарасақ, араб халифатының әскери күш-қуаты мен ислам дінінің әлемге кең таралуына түркі текті әскерилердің (салжұқтар, мамлюктер, оғыздар, қыпшақтар, османлылар және т. б.) қосқан үлесі өте зор.
Осы салада Отырардан шыққан тұлғалардан: 1) Әбу Насыр әл-Фарабидің кезінде Бағдат халифіне уәзір болған аты белгісіз (сақталмаған) отырарлық кеңесшілерді; 2) моңғол шапқыншыларынан ислам дінін қорғап қалуда өлшеусіз еңбек сіңірген отырарлық әл-Мұзафар Сайф ад-дин Құттызды ерекше атап кетуге болады.
Құттыз қыпшақтың текті әулетінен шыққан. Бала кезінде Отырар маңында моңғолдардың қолына тұтқынға түсіп, Сирияда Мысыр әмірі Айбекке сатылады. 1250 жылы Мысырдың сұлтаны болған Айбек 1253 жылы Құттызды көмекшісі етіп тағайындайды. 1257 жылы Айбек қайтыс болған соң, Мысыр билігі Айбектің ұлы – жас әл-Мансұр Әлидің қолына көшеді. Осы кезде моңғолдар Бағдадты құлатып, Сирияға шабуылын бастап, бүкіл ислам әлеміне қауіп төнеді. Осындай бүкіл мұсылман әлемі үшін қауіпті кезеңде жас Әли тақтан түсіріліп, 1259 жылы Құттыз Мысыр сұлтанының тағына отырады. Ол таққа отыра салысымен моңғолдарға қарсы одақтастар іздейді. Ол дөрекі моңғолдардан ығыр болған палестиналық крест жорықшыларымен келісімге келіп, өзінің бұрынғы досы, кейінгі қарсыласына айналған Бейбарыспен бірігіп моңғолдарға қарсы шығады. Моңғол ханы Хулағудың сөзсіз бас ию туралы талап етіп жіберген елшілерін қырып салып, моңғолдарға қарсы соғысты өзі бастайды. 1260 жылдың 3 қыркүйек күні Сирияның Айн-Жалуд деген жерінде моңғолдарға күйрете соққы береді. Бұл жеңістің арқасында моңғолдардың беті қайтарылып, Сирия мамлюктердің қолына көшеді.
Бұған дейін ешкімнен беті қайтып көрмеген моңғолдарға алғаш болып қарсы шығып, алғаш рет моңғолдарды жеңген билеуші осы Отырардан шыққан Мысыр сұлтаны Құттыз болды.
Мысырға қайтар жолда Құттыз­ға бұрыннан кегі бар Бейбарыс мамлюк әмірлерімен бірігіп, 30 қазан 1260 жылы аң аулап жүргенде Құттызды қастандықпен өлтіреді.
Осы мысалдардан көрініп тұрғанындай, отырарлықтар мемлекетті басқару ісі мен араб ғылымының негізін қалаудан бастап, тіпті араб тілі мен филологиясының ғылыми негізде қалыптасуына да зор еңбек сіңірген.

Бекжан БЕЙСЕНБАЙ,
отырартанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button