Басты ақпаратҚала тіршілігі

Көшелер келбеті қалай өзгереді?



Алдағы бес-алты жылда елорданың бірқатар көшелерінің келбетін өзгерту жоспарланып отыр. Жақында қабылданған Нұр-Сұлтан қаласының 2020-2025 жылдарға арналған абаттандыру бағдарламасына сәйкес бірінші кезеңде жалпы ауданы 24,75 шақырым жаңғыртылмақ. Тиісті жобаны қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы «Фейсбуктегі» парақшасы арқылы тұрғындардың талқысына шығарды. Бұл туралы газетіміздің өткен сандарының бірінде жазғанбыз. Сонда қала әкімдігі алдындағы Орталық алаң аумағы мен Бейбітшілік көшесі, Бөгенбай батыр даңғылы қалай өзгеретінімен таныстырдық. Бұл бағдарламаға «Евразия» сауда үйінің айналасы да кіріп отыр.

Бағдарлама бойынша «Евразия» маңайындағы Сафарбеков, Петров, Қажымұқан, Жирентаев көшелері мен Тәуелсіздік даңғылы, тұтастай алғанда ұзындығы 15 шақырымды алатын аумақ жаң­ғыр­тылмақ. Көшелерді өзгерту бойынша ең ауқымды жұмыс осы ауданда жүргізілмек. Салыстырмалы түрде алғанда, Бейбiтшiлiк көшесінің 2 шақырымы, Бөгенбай батыр даңғылының 2,1 шақырымы, Ш.Қосшығұлұлы көшесінің 1,65 шақырымы, К.Әзірбаев, Ш.Қошқарбаев және Т.Жүргенов көшелерінің 4,1 шақырымы түрлендірілмек.
«Евразия» сауда үйі және «Орбита» ауданында бірнеше корпусы бар ірі университет, жеті мектеп, он балабақша, «Студенттер» және «Жерұйық» саябақтары, «Отан Ана» мемориалы, Ақ бұлақ жағалауы, екі спорт кешені бар. Жалпы алғанда осы аумақта 180 мың адам немесе қала тұрғындарының 10 пайызға жуығы тұрады.
Тұрғындарға жайлы жағдайларды тудыру мақсатында мұнда Нұр-Сұлтан қаласының қатал климатына арналған аязға төзімді көптеген ағаш отырғызу, кедергісіз ортаны қалыптастыру және жаяу жүргіншілерді көбейту үшін қолайлы жағдай жасау жоспарлануда.
Ал Ш.Қосшығұлұлы көшесі мен Сарыбұлақ жағалауының ұзындығы – 1,65 шақырым. Тұрғындар саны – 80 мың адам. Бұл аудан адамдарды тартатын орталықтың біріне айналмақ. Бұл көшеде әлеу­меттік бағдарламалармен көптеген тұрғын үйлер салынғандықтан, алғашқы кезеңде аумақты абаттандыру жоспарланып отыр.
Бұл ауданда қоғамдық кеңістік жетіспейді. Сондықтан жаңғырту жұмыстары айтарлықтай өзгеріс­тер әкеледі. Сарыбұлақ арнасының кеңейтілуіне байланысты, уақыт өте келе су ағыны жылдамдығын жоғалтты. Бұл судың лайлануына әкеп соқты. Жоба бойынша ренатурализация және арнаны тарылту жағдайды түзетіп, қоршаған ортаны жақсартуы тиіс.
К.Әзірбаев, Р.Қошқарбаев және Т.Жүргенов көшелерінде де мемлекеттік бағдарламалармен біраз үй бой көтерген. Мұнда болашақта бірнеше саябақ салынбақ. Елорда тұрғындары мен қонақтарының жаяу серуендеуі үшін барлық жағдайлар жасалады. Адамдар демалатын орындықтарды орнатып, веложолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын салу жоспарланып отыр. Бұған қоса, ойын алаңын, ақпараттық белгіні, субұрқақ орнату жоспарланған.
Қазіргі кезде эскиздердің нұсқаларымен танысып, бұл көшелердің болашақтағы келбетіне қатысты пікірді қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының «Фейсбуктегі» ресми парақшасына (@saulet2019) қалдыруға болады.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button