Мәдениет

Күй қанатында қалықтаған



Елордада «Күй анасы» республикалық қорының бастамасымен, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Дина Нұрпейісова атындағы «Астана – күй қанатында» атты домбырашы-күйшілердің I қалалық байқауы ұйымдастырылды. Кеше Достық үйінде аталмыш байқаудың қазылар алқасының отырысы мен қатысушыларды тыңдау өтті.

Отырыс алдында Дина Нұрпейісова рухына тағзым етіліп, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Айдана Қамзаева қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл байқау қалалықтан республикалық деңгейге көтерілуіне тілектестігін білдіріп, басқарма тарапынан қолдайтындарын жеткізді.

– Күй өнерінде қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, рухани байлығы, киесі мен қасиеті жатыр. Қазіргі заманда ұлттық кодымызды жастарға жеткізіп, насихаттайтын бір құрал, – деді Айдана Бақытжанқызы.

Байқаудың бастамашысы, «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев аталмыш қордың жұмысына тоқталып, ұйым ашылғанда біраз іс жоспарланғанын, соның бәрі қазір рет-ретімен жүзеге асып жатқанын атап өтті. Астана әкімдігі алда да осындай ұлттық байқауларды қолдайтындарына сенім білдірді. Мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Ирак Елекеев «домбыра – харам» деген желікпе сөзге осындай байқаулармен тойтарыс бере алатынымызды айтты. Белгілі күйші, өнертанушы Абдулхамит Райымбергенов қатысушыларға Алматыдан бейнеқұттықтау жолдады. Қазылар алқасының төрағасы Айтолқын Тоқтаған байқаудың мақсатын айтып өтті.

Байқау 14 пен 35 жас аралығындағы жас орындаушылар арасында ұйымдастырылды. Көптеген өтініш түсіп, солардың арасында 18 қатысушы іріктелді. Бүгін Музыкалық жас көрермендер театрында жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтеді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button