Мәдениет

Композитордың жыр әлемі

Бейбітшілік және келісім сарайында көрнекті композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджановтың «Менің жыр әлемім» атты шығармашылық кеші өтті. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұйымдастырған концерт Рухани келісім күніне арналды. 

Кеште астаналық филармонияның симфониялық оркестрінің, камералық хордың және солистердің орындауындағы композитордың үздік шығармалары орындалды. Соның ішінде 1979 жылы жазылған «Махамбет» симфониялық поэмасы. Аталмыш туындыны кезінде Ресей Федерациясының Мемлекеттік симфониялық оркестрі орындады. Драмалық шығарма ұлтымыздың батыры Махамбет Өтемісұлына арналған.

Концертте композитордың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Туған жер», «Дала», «Тағзым» және басқа да шығармалары шарықтады. Төлеген Мұхамеджановтың музыкасы көркем фильмдер арқылы да танымал. Бұл кеште көрермендер Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті», «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы», Досхан Жолжақсыновтың «Біржан сал» және «Құнанбай» фильмдерінің әуендерін тыңдады.

Шығармашылық кеште Қазақстанның және Татарстанның халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаева, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Алтынбек Әбілда, скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, күйші Айбек Бекбосын өнер көрсетті.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button