Жаңалықтар

Күркіреп күндей өтті ғой соғыс!



Дәл осылай сыршыл үнді Сырбай ақын жырлап еді. Иә, бүгін екінші дүниежүзілік сұм соғыстың басталған күні. 1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат 4.00 шамасында фашистік герман әскері  Кеңес Одағының батыс шекарасына тұт­қиылдан басып кірді. Сөйтіп, адамзат тарихында қисапсыз қан төгілген сұрапыл соғыс басталды. 

0_7e64bc_df4d6894_orig

Биыл оған жетпіс алты жыл толды. Зымырандай зымыраған уақыт. Бүгінде алапат қырғынға қарсы тұрған Кеңес Одағы да жоқ. Оның құрамында болған елдердің бәрі тәуелсіз мемлекет атанды. Қазірде «Бізге сол соғысты дәріптейтіндей не қажеті бар» деген түрлі пікірлер айтылады. Меніңше, бұл дұрыс сөз емес. Тарихты ешкім қолдан жасамайды. Ол біздің жүріп өткен жолымыз. Тасқа қашалған жазу секілді мәңгі қалады. Әрі-беріден соң сол соғыста қару жастанып көз жұмған қыр­шын боздақтардың әруағына тіл тигізгеніміз. Бұдан артық қатты айтуға болмайды.

Жеңіс туы қолға оңай тиген жоқ. Адам айтқысыз зор қиындықпен келді. Тарихи деректерге жүгінсек, қанды қырғынға 61 мемлекет қатысқан. Соғыс қимылдары 40 елдің жерінде жүрді. 110 млн адам әскерге алынды. Соның ішінде Қазақстанның әрбір бесінші азаматы майданға аттанды. Ел экономикасы соғыс жағдайына бейімделді. Алыс және майданға жақын аймақтардың зауыт пен фабрикасы, кәсіпорындары Қазақстанға көшірілді. Біздің республикамыз соғыс пен тылды қару-
жарақпен, оқ-дәрімен, азық-түлікпен қамтамасыз етуші аймақ болды.

Соғыстың алғашқы күнінен бастап, қазақ жауынгерлері ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сол қанды қырғында бес жүз отандасымыз Кеңес Одағының батыры атанды. Соның ішінде жүзден аса қазақ азаматы ең жоғарғы атаққа қол жеткізді. Әйгілі ұшқыш, жаужүрек Талғат Бигелдинов екі мәрте батыр атағын иеленді. Баһадүр Бауыржан Момышұлының даңқы майдан даласында дүбірлеп тұрды. Жас өмірлерін отан үшін оққа төсеген Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың ерлігі көпке үлгі болды. Еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді. Міне, осылай батыр аталарымыздың жорық жолдарын тізе беруге болады.Соғыстың соңғы нүктесін де қазақ азаматы қойғанын мақтан тұтамыз. Барлау взводының командирі, лейтенант Рахымжан Қошқарбаев пен оның қандыкөйлек досы Григорий Булатов екеуі адам төзгісіз қиындықпен Рейхстагқа барып, алғашқы жеңіс туын қадады.

Жалпы екіншідүниежүзілік соғыстағы жеңіс Кеңес Одағына оңайға түспеді. Ел 27 млн адамнан айырылды. 600 мыңға жуық қазақстандық жат жердің топырағын жастанды.Сол кезде ел ішінде соғыс өрті шарпымаған шаңырақ болған жоқ. Бала күнімізде ауылда екі аяғынан айырылған немесе екі қолы жоқ қарияларды көзіміз көрді. Қанды қырғыннан ері немесе жалғыз баласы оралмай, қайғыдан қан жұтқан аналарды білемін. Солардың шет жағасын көріп қалған соңғы ұрпақ біз шығармыз. Оның бәрі бүгінгі жас жеткіншекке ертегі секілді. Жыл сайын Жеңіс күнін атап өтеміз. Биыл да айтулы мереке қал-қадірінше тойланды. Жыл санап соғыс ардагерлерінің де қатары сиреп барады. Көптеген ауылдарда жоқ десе де болады. Бүгінде елімізде екі мыңға жуық ардагер қалған. Бас қалада 120-ға тақау майдангер тұрады. Аталар салған даңқты жол ешқашан өшпейді деп сенемін!

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button