Жаңалықтар

Лифт өндірісін жолға қойған



Елордадағы Sky Elevator KZ жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – еліміздегі лифт және эскалатор өндірісімен айналысатын бірден-бір кәсіпорын. Шағын және орта бизнесті дамыту мемлекеттік бағдарламасының арқасында серіктестіктің өнімдеріне бүгінде сұраныс жоғары.

Осыдан 15 жыл бұрын іске қосылған кәсіпорында қазір жылына 1000 лифт, 300 эскалатор, 100 мұнаралы автокран құрастырылады. Өндіріске қажетті шикізаттың дені Ресей мен Қытайдан әкелінеді. Сонымен бірге Қазақстанда жасалған қосалқы бөлшектер де кәдеге жарайды.

– Шикізат термиялық және механикалық өңдеуден өтеді. Жұмысшылар оларды бекітілген көлемде кесіп, жинақтайды. Лифттер құрастырылып болған соң, оның сапасы тексеріледі. Ақау болған жағдайда дереу жөнделеді. Әрі қарай өнімдеріміз сұраныс жасаған құрылыс нысандарына жөнелтіледі. Жалпы лифт өндірісінде түрлі металдар қолданылады. Негізінен, жолаушыларға және жүк тасымалдауға арналған лифтілер көптеп шығарылады, – дейді серіктестіктің техникалық директоры Самат Нұрманов.

Серіктестіктің өндірістік ғимараты Қосшы қаласындағы бұрынғы Ақмола лифт құрастыру зауытында орналасқан. Сонымен қатар елордадағы индустриал­ды паркте де серіктестіктің өндірістік кешені бар.

Мұнда құрастырылған эскалаторлар мен лифтілер елордамен бірге Семей, Атырау, Ақтау қалаларындағы тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен әкімшілік ғимараттар орнатылған. Сонымен бірге EXPO көрме кешеніндегі ғимараттарда Sky Elevator KZ жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрастырған 88 эскалатор мен 77 лифт бар.

– Осыдан екі жыл бұрын «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен мемлекеттік бағдарлама аясында шикізат қорын толықтыруға қаражат алдық. Қор «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несиеге кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қолдау көрсетті, – дейді Самат Нұрманов.

Мемлекеттік бағдарлама арқылы нарықта сұранысқа ие өндірісті жолға қойған серіктестік қазір маман тапшылығын сезініп отыр. Өндірістік процесс, негізінен, дайындау, жинақтау және дәнекерлеу цехтарында жүреді. Сол себептен кәсіп­орында инженерлер, құрастырушылар, дәнекерлеушілер, операторлар, технологтар жетіспейді.

Бұл мәселені шешуде серіктестік басшылығы қазірден қаладағы арнаулы орта білім орындарымен байланысты жолға қойып, студенттерді өндіріске баулып жатыр.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button