ҚоғамМәдениет

МАЙДАНДА ТУҒАН ӘНДЕР



Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов ұлы Жеңіс күніне арнап Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма теа­трының сахнасында «Майдан әндері» моноспектаклін қойды. Жазушы Роллан Сейсенбаевтың әңгімесінің желісімен сахналанған спектакльді лирикалық драма жанрына жатқызсақ болады.

68768

Кез келген соғыстың адам жанына салған жарасының жазылуы екіталай. Етігімен су кешіп, Берлинге дейін жеткен майдангер Садыр Байбарысовтың да Екінші дүниежүзілік соғыс көрініс­тері көз алдында жиі көлбеңдеп, мазалайды. Сол кезде Германия жерінде оққа ұшқан қарулас досы Григорий Авиловты сағынады. Ал Днепрден өткенде фашистің оғынан жараланып қалған орыс қызын тауып, жарасын таңғаны, сосын арқалап барып партизандарға тапсырғаны жадынан мәңгі өшпестей болып жазылып қалды. Соны еске алған кезде әндетіп салатыны бар. Алайда майдан әндерін ғана шырқайды. Сол кезде жарасы сәл жеңілдегендей болады.

Моноспектакльде «Кестелі орамал», «Дариға, сол қыз», «Тос мені, тос», «В землянке», «Темная ночь», «Синий платочек», «Дороги» сынды бас-аяғы 10 шақты ән айтылады. Садырдың рөлі Тілектес Мейрамовтың әншілік қырын ашқанын айта кетейік. Бұл бейнені әртіс Әуезов теа­трында жүргенде алғаш рет сахнаға алып шығып, сахна саңлағы Әзірбайжан

Мәмбетовтің ризашылығын алған. Ал «Майдан әндерінің» Астанадағы премьерасы осыдан екі жыл бұрын ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында өтті. Бір сағатқа жетер-жетпес қойылым арқылы актер аталар рухына тағзым етіп, тірі жүрген майдангерлерге құрмет көрсетті. Бұл жолы моноспектакльге келген көрермендер де негізінен қарттар болды. Спектакль олардың көңілінен шыққан сияқты. Әйтеуір, біз қойылым біткенде көпшілігінің көзінен бір мұңды байқадық. Шындығын айтқанда, елімізде сұрапыл соғыс оты шарпымаған отбасы кемде-кем. Тіпті, жоқ та шығар. Жеңіс күндері майдангер аталарымызды да жиі еске түсіреміз. Көрермен де спектакльді тамашалай отырып, сондай сезімді бастан кешірген шығар…

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button