ЖаңалықтарҚала мен СалаҚала тіршілігі

АЛАШ ӘСКЕРІНІҢ АЙБЫНЫ

Астанадағы ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінде биыл құрылғанына 100 жыл толатын Алаш партиясы мен Алашорда үкіметіне арналған экспозиция­да Алаш әскерінің тарихынан сыр шертетін деректер де жинақталған. Алаштың арда ақыны Мағжан Жұмабаев өз заманында «Қайтсек жұрт боламыз? Жауап біреу-ақ, әскеріміз болса ғана жұрт боламыз» деген тұжырымды алға тартқан. Соның алғышарттары осыдан бір ғасырдай бұрын жасалды. Тәуелсіз Қазақстан әскерінің ширек ғасырлық тойы қарсаңында Алаш әскері немесе оның екінші атауы Алаш милициясы туралы сөз қозғағанды жөн көрдік.

Әскери-тарихи музейдің ғылыми қызметкері Алмагүл Сағындыққызының айтуынша, 1917 жылы өткен Бірінші жалпықазақ сиезінде Алаш әскерін құру идеясы көтерілді. Алайда ол сөз жүзінде ғана қалды. Сол жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ сиезі ұйымдастырылды. Бұл жолы қабылданған Алаш партиясының бағдарламасының төртінші бабында милиция құру жөнінде айтылды. Осы мәселеге қатысты баяндаманы Халел Ғаббасов жасады.

8979

Нақты жұмыстар 1918 жылдың қаңтарында басталды. Алдымен еліміздің әр аумағында ашылатын милиция бөлімдері анықталды. Мәселен, Түркістан қаласында 6-9 қаңтар аралығында өткен Сырдария облысы қазақтарының сиезінде бұл аймақта милицияға адам жинауға шешімі қабылданды.Алаштың астанасы Семей қаласы болғаны мәлім. Бұл шаһарда 1918 жылдың қысында Алаш милициясының басшысы болып Қазы Нұрмұхамедұлы тағайындалды. 6 наурыз күні сарбаздарды жаттықтырып жүрген Қазыны қызыл әскер солдаттары атып кетеді. Небары 22 жасында ажал құшқан оны келесі күні ерекше құрметпен жерлейді. Сонда Шәкәрім Құдайбердіұлы елдің алдында сөз сөйлеп, Міржақып Дулатұлы күңіреніп, Алаштың алғашқы құрбанына арнап өлең оқиды. Біреу білер, біреу білмес ұлы Абайдың перзенті Тұрағұл да Алаш әскерінің сапында болды. Т. Орманов екеуі атты әскерді басқарған олар Рубцов стансасында «қызылдармен» ұзақ уақыт бойы шайқасты. Ал Алтай бағытындағы соғыста атты әскер полкі жеңіске жетіп, Қазының кегі қайтты деп санайды.

Сол уақытта шығып тұрған «Свободная речь» басылымы 1918 жылдың маусым айында Семейде Алаш жасақтары жиналғанын жазады. Сол кезде Никольск шіркеуінің алаңында 300 милиция адамы Уақытша өкімет өкілдері мен әскери билікті қарсы алған. Алаңға Алаш орда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан да келген. Сонда подполковник Хамит Тоқтамышев бастаған Алаш әскері оған ерекше құрмет көрсеткен.

Жалпы Алаш әскері бірнеше бөлімше мен жасаққа бөлінген. 1918 жылдың 25 маусымында Әлихан Бөкейхан қол қойған «Әскери полк туралы» Жарлық шықты. Соған сәйкес Райымжан Мәрсеков 1-ші Алаш атты әскери полкінің ұйымдастырушылардың бірі болды. Ол Жетісуда большевиктерге тойтарыс беру үшін ұлттық полкті жасақтауды қолға алды.
Ал 1918 жылдың 31 сәуірі күні Алашорданың Батыс бөлімшесі мен Орал казактары әскерінің басшылығы арасында Әскери-сая­си келісімшарт жасалды. Бұл құжат 18 мамырда Жымпитыда өткен сиезде күшіне енді. Ал 1918 жылдың 16 шілдесінде Әлихан Бөкейхан Зайсан, Өскемен, Көкпекті, Қарқаралы, Павлодар, Омбы, Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Атбасар, Славгород, Баян­ауылға Қазақ қарулы жасақтарын құру туралы жеделхатты жібереді.

Хамит Тоқтамышев 1918 жылдың маусымында 1-ші Алаш атты полкінің командирі болып тағайындалды. Оның қоластында 38 офицер мен 750 жауынгер болды. Сондай-ақ, Алаштың әскери бөлімін басқарған ол сол жылдың жазында Сібірдің уақытша үкіметінің әскери министріне екі рет хат жазған. Онда ол жалпы жағдаймен таныстырған.
Сібірдің уақытша үкіметі Алаш әскерін қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырғанын айта кету керек. Жалпы Алаш әскері генерал-лейтенант ­М.Ханжин басшылық еткен 3-ші Орал корпусы мен генерал-майор А.Дутов бастаған Орынбор армиясымен тығыз қарым-қатынаста болды. Торғайдағы Алаш полкін Міржақып Дулатұлының, Атбасардағы Алаш атты дивизионын подъесаул П. Белов пен Дәрмен Сұлтанбековтің қоластында болды. Алаш әскерінің белсенділерінің қатарында Имам Әлімбекұлы, Әбікей Сәтбаев, Отыншы Әлжанов, Молданияз Бекімов есімдерін де атауға болады.

Бақытжан Қаратаев өзінің естелігінде Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер, Ғұбайдолла Әлібеков, Нұрғали Ипмағамбетов Самараға келіп, Комуч (Құрылтай жиналысының комитеті) басшыларынан 600 мылтық, бірнеше пулемет алып, оны Орынбор арқылы Жымпитыға жөнелткенін, сондай-ақ, Комуч Ойыл уалаятына екі «Мерседес» көлігін де сыйға тартқанын жазады. Алашорда басшылары Қытайдың Шәуешек қаласынан да қару-жарақ алған.

Әскер қатарына 20-35 жас аралығындағы адамдар алынған. Олардың жалпы саны 13500 адам болып белгіленді. Жүсіпбек Аймауытов «Ғаскер маршы» атты ұран да жазды. Алайда Алаш орда үкіметі таратылған соң әскердің жұмысы да тоқтатылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button