Басты ақпаратҚала мен СалаҚала тіршілігі

ЕЛДІК ПЕН ЕРЛІК СИМВОЛЫ

Елордамыз еңселі ескерткіштерімен де көрікті. Солардың ішінде еліміздің егемендігі мен елдігінен хабар беріп тұратын ескерткіштер халыққа ерекше ыстық. Біз Ұлы Жеңістің қарсаңында ерлікті әспеттейтін ескерткіштерді тізіп шықтық.

Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің ескерткіші 1995 жылы 9 мамырда Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай салтанатты түрде ашылды. Қоладан жасалған жауынгерлер бейнесі Жеңіс даңғылының бойында орнатылды. Ескерткіш неміс-фашист басқыншыларымен болған соғыс­та қаза болған 310, 387, 72 гвардиялық дивизиялардың жауынгерлеріне арналған. Туынды авторы – мүсінші В.Пирожков пен сәулетші В.Тоскин. Ескерткіш өте қарапайым болғанымен, мағынасы терең. Әскер қатарына өз еркімен аттанған жас жауынгерлердің бейнесі сұрапыл соғыстың естелігі болып қалмақ.

Астананың қақ төріндегі «Отан қорғаушылар» мемориал-ескерткіші Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы аясында 7 мамырда Тәуелсіздік және Қ.Мұңайтпасов даңғылдарының қиылысындағы алаңда тұрғызылды. 2000 жылы Елбасының өзі туындының эскизін сызып, ақ қағазға түсіріп, сәулетшілер мен суретшілер қауымына ұсынды. ҚР Суретшілер одағының мүшесі Мақаш Әлиақпаров бастаған қарағандылық шығармашылық топ сәулет композициясын орнатты. Президент мемориалға «Отын өшірмеген ержүрек аталарымыз бен шаңырағымызды шайқалтпаған мейірбан аналарымыздың қадірі мен қасиетіне қойылған кие­лі белгі» деген баға берді.

5675

Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш батыр есімімен аталатын даңғылдың бойында бой көтерген. Бұл жер бекер таңдалған жоқ: ескерткіш Ақордадан, Сенат пен Мәжілістен көрінеді. Оны 2008 жылы Астананың он жылдығына Жамбыл облысы сыйға тартқан. Батырдың ескерткішіне байқау жарияланып, аймақтағы мүсінші Темірхан Қолжігіт пен сәулетші Бақытжан Сыздықов жеңімпаз атанды. 11 метрлік мүсінге үш тоннаға жуық таза қола пайдаланылды.7687

 Соғыста ерлік көрсеткен қазақтың қаһарман қыздарының бірі – Әлия Молдағұлова. Аты аңызға айналған сұрмерген қыздың 4 метрлік қола мүсіні Жеңіс даңғылы бойында бой көтерді. Ескерткішті елорданың 10 жылдығына орай ақтөбеліктер тарту еткен еді.

456455

Екі жыл бұрын 7 мамырда Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Иван Панфиловтың ескерткіші ашылды. Оған Президент Н.Назарбаев қатысқан болатын. Монумент батыр басшылық еткен 316-атқыштар дивизиясына мәңгілік құрмет белгісіне айналды. Қоладан жасаған генерал Панфилов ескерткішінің биіктігі – 2,5 метр. Монументтің авторы – мүсінші Ренат Әбенов.

45633

Рейхстагқа бiрiншi болып жеңіс жалауын тiккен, соғыс­тың соңғы нүктесін қойған қазақ батыры – Рақымжан Қошқарбаев. Оған арналған 11 метрлік монумент Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында биыл ғана бой көтерді. Ескерткіштің ашылу салтанатында жауынгердің қызы Әлия және лейтенант Қошқарбаев туралы кітаптың авторы Қасым Аппасұлы қатысты. Мүсіндік композицияның биіктігі – 6 метр, ал гранит тұғырдың биіктігі – 4,5 метр. Ескерткіштің авторы – «Қазақ Елі» монументін жасауға қатысқан белгілі мүсінші Асқар Нартов. Батыр­дың есімі өскелең ұрпақтың жадында ерліктің символы ретінде сақталады.

567

Сондай-ақ, Астана қаласының орталық зиратында Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткіш те көпшіліктің тағзым етер орнына айналып отыр. Елорданың Абылай даңғылы бойындағы Ауғанстан соғысында қаза тапқандарға арналған мемориал-ескерткіш те ерліктің бір символы болып тұр.  Ескерткіштер жеңісті жақындатқан жауынгерлердің ерлігін мәңгілік ету үшін тұрғызылады. Ал тарихи ескерткіштерді қорғау, сақтау – келер ұрпақтың еншісінде.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button