Майкейіптің хаты
Сәбетбай шал бүгін де таңды кірпік айқастырмай атырды. Енді көзі іліне берсе, шыңырау құзға құлап бара жатады; айқайлайын десе, тілі-ауызы күрмеліп, үні шықпайды; енді көзі іліне берсе, қой бағып ескі зираттың қасына таман барған екен дейді, әлдеқашан жермен-жексен болған моладан біреу басын қылтитып, ыржия қарайды. Сол-ақ екен, мұның аяқ-қолынан жан кетіп, үстінен бір шелек мұздай суды құйып жібергендей болады. Енді бір сәтте тамыр-тамырын қуалай, өн бойына тоқ жүгіреді. Мұның бойынан суқаны ұшқанын сезе ме, анау одан сайын езуін кере түседі де, ымдап шақырады. Тағы сәлден соң қол бұлғағандай болады. Еш жауап болмаған соң, өң-сұрық жоқ әлгі қабірден атып шығады да, тұра ұмтылады. Осы кезде бұл құлын даусы шырқырап, шошып оянады…
Сәбетбай шал бұның бәрі тегіннен-тегін көрініп жүрмегенін әу бастан сезген. Содан да болар, көптен ат ізін салмаған алыс-жақындағы ағайын-туысты түгел аралап шыққан. Қарыз-қауғасының бәрін жапқан. Жалғыз ұлы Тоққұлды жарық дүниеге әкелісімен жантәсілім еткен жары марқұм Ақғайшаның басына белгі тасын қойдырып, атынан ораза тұтқан. Малымның басы деп отыратын жирен айғырды да құрбандыққа шалып, жоқ-жітікке жіліктеп таратып берген. Бұрын-соңды өкпе-реніші болған кісілердің бәрінің үйіне бас сұғып, ыммен байырқаласып, іштей кешірісіп қайтқан. «Алда-жалда қандай бір жағдай болса» дегенді әңгімесінің арасында қайта-қайта қыстырып отырғанын олар да байқап, «ол не дегеніңіз, Сәбеке, жаман ырым бастамаңыз» дескен қойдай жамырасып. Ойлап қараса, аяқ астынан «ана жақтың» елшісі келе қалса, мына дүниеде қия алмайтындай ештеңесі жоқ секілді. Ұл аяғынан тұрып, шаруасын дөңгелентіп жүр. Келіні ылпың-жылпың, пысық. Екеуі тату-тәтті, әй-шәй деспей-ақ күн кешіп жатыр. Басқа не керек? Бәрі-бәрінің ию-қиюы келіп тұр. Тек, тек…
Тек, күн сайын өзіне қайта-қайта қоятын жалғыз сұрақ «енді не қалдының» алдынан кесе-көлденеңдей беретін жауап қана мұның мазасын алатын. Сол есіне түссе «мұны қайтсе болады ей, а» деп, күбір ете қалатын. «Нені айтасыз, әке?» деген Тоққұлдың сөзіне де сүле: «Ә, жай, әншейін» дейтін де қоя салатын. Бір жолы ғана: «Тоқай, әлгінің аманаты…» дей беріп, кілт тоқтаған да, кейін қанша қолқаласа да жұмған аузын ашпай қойған.
Жатса-тұрса ойынан кетпейтін «әлгінің аманаты» Сәбетбай шалдың қартайған шақта серігіне айналған жетім ойы секілденіп кеткені сонша, бір сәт те есінен шыққан емес. Кей-кейде тым мазасы қаша ма, «Атаңа нәлет, Майкейіп, сені ме!» дейтін оңашада. Мұнысын ызытқа толы тістеніспен емес, қатпар-қатпар әжім түскен маңдайын жаза ерекше сағынышпен айтатын.
* * *
Майкейіп пен Сәбетбай егіз қозыдай тете өскен, айнымас дос еді. Шын аты Майкеев Владислав Иванович-ты. Кішкенесінен сүтке тойған қозыдай томпиып жүретін ол жоғары сыныпқа көшісімен үрген қарындай домаланып сала берді. Әуеліде ауыл балалары оны «торсық», «боққарын» деп, келеке ететін. Өзінің де құдай сүйер қылығы жоқ, қайда жүрсе қолынан бір тілім нан түспейтін. Қолындағысы таусылса, қалтасынан тағы бір тілімін шығарып жататын. Кейде мектептің дәретханасынан да со күйі шығып келе жататынын қайтесің?! Бірақ, бұл ауыл қарасирақтарының қойған қай атына да мыңқ етпейтін. Тіпті, естімеген адамдай елемей отыра беретін. Содан да, бұның аты жиі ауы-сып тұратын: бір күні – «торсық», екінші күні – «нансоғар», үшінші күні «пыс-пыс»… Осылардың ішінен өміршең шыққан жалғыз лақап есім – Майкейіп болды (Оған себеп өзінің «май кейпі» болуы керек).
Бозбала шаққа жете бере Сабырбай да, Майкейіп те бір-ақ түнде той жасап, бас-басына шаңырақ көтерген. Атадан жалғыз екеу – бір-біріне дос та, туыс та, аға да, бауыр да бола білді. Екі үйге бір ат, бір арба: шөпті бірлесіп шауып, отынды да бірге түсіріп алатын. Үйдегі екі шүйкебастың да ым-жымдасып, тез табысып кеткеніне іштей шүкіршілік ететін. Кезек-кезек қонаққа шақырысып, кезек-кезек монша жағысып, мынау дүбара дүниенің ауыртпалығын ұлы достық пен береке-бірліктің табанына салып беретін де, тауқымет атаулыға пысқырып та қарамайтын.
Осынау жүрегі егіз жаралған екі достың өмір сапарындағы жолдарын Мәскеуден жеткен үшбу хат бір-ақ күнде қақ айырды. Майкейіпті сондағы туыстары ұзақ жылдардан бері іздеген дей ме, соғыста жүріп, әкесі соларға жалғыз ұлын аманат етіп кеткен дей ме, өлерінде Мария апа да сондай бірдеңе айтып кеткен бе, әйтеуір пыш-пыш әңгіме көп. Оның үстіне, баяғыдай бір Одақ емес, Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел болды. Есім барда елімді тауып алғаным жөн бе? Оу, сонда бұл менің елім емес пе? Мені мұнда өгей санап жатқан кім бар? Әлде туыстарым бірдеңе біліп айтып отыр ма екен? Майкейіп ұзақ ойланды. Ақыры, ағайынын тауып алуға бел байлап, бір-ақ күнде жүгін жинады. Кетерінде қорасындағы жиырма-отыз қойын айдап әкеп: «Әй, Сабеке, мынау кезінде сенің әкең маған атаған егіз қозыдан өрген мал. Қыста бағып отырды демесең, жем-шөбін де өзің дайындасып келдің. Жаз болса, тағы сен бағасың. Менен гөрі осылардың өсуіне сеп болған сенсің. Бұларды сатып, жарымаспын. Одан да саған тастап кетейін. Егер, о жаққа жерсіне алмай жатсам, қайтып келгенде тігерге тұяғым болады. Оған дейін төлін алып, керегіңе жарат». Сәбең со кезде неге басын ала қашпағанын өзі де түсінбейді. Ол да: «Егер сонда қоныс теуіп қалсам, малымның сұрауы жоқ» демеген. Сонысына қараған да, өзі де сонда жерсініп кететініне сенбеген сыңайлы.
Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Өткен жазда қолы қалтылдап отырып, Сәбең досының ескі әдрісіне былай деп хат жолдаған:
– Амансың ба, Майкейіп?! Ел-жұрт, ағайын-туысың тегіс аман ба? Дені-қарның сау ма? Бұл хат бәлкім жетер, бәлкім жетпес, сонда да үміт дүниесі деп жазып отырмын.
Біз әлі сол Сырдың бойындағы ескі ауылда отырмыз. Баяғыдай дәурендеп тұрған сапқоз жоқ, ел түгел қалаға көшіп, оншақты үй ғана қалдық. Есесіне қаламыз көркейіп, әдемі болып кетті. Айтпақшы, сенің тракторың баяғыда Қытайға темірге өтіп кеткен, тамтығы да жоқ. Үйлеріңнің қалқайып қабырғасы ғана қалды, сенен кейінгі иесі бұзып әкеткен…
Жә, көп созбайын, әлгі өзің аманат етіп кеткен қойларың өсіп, бүгінде жүзден асты. Жалғыз ұл жұмыста, мен болсам қартайдым, малыңа қарайтын шамам жоқ.
Сатып, құртайын десем, көрімде сұрайсың ба деп қорқам. Келіп, қойыңды санап ал. Сәлеммен Сәбетбай.
Арада бір жыл өтсе де Майкейіп жауап жазбады, жазып жіберген үйдің нөміріне де қоңырау шалмады.
* * *
Сәбетбай шал бүгін де атар таңды көзімен атқызды. Жұмсақ төсек жамбасына тастай батып, ұршығы ойылуға айналғалы қашан. Бір сәт бүгін таң атпайтындай, түнді тас төбеге таңып тастағандай сезілді. Дала бозамықтана бастағанда ғана үзілуге шақ қалған үмітіне жан кірді. Сәлден соң ас үйдегі жасқана шыққан дыбыстан келіні дәрет суын дайындап жүргенін сезді де, орнынан тұрды. Таң атқанша сегіз көзі сырқырап шыққанына қарамастан, өзін күндегіден сергек сезінгендей. Намаздан кейін әдеттегідей дастархан жайылып, буы бұрқырап қызыл күрең шай келді. Сораптай ішіп, тамыр-тамырына қан жүгіре бастағаны сол еді, келіні: «Айтпақшы, ата, мынаны сізге кеше мектептен беріп жіберіпті» деп ақ конвертті қолына ұстата салды. Тағы да жиналысқа шақырып жатқан шығар деп, төсегінің басына қоя бергені сол еді, «Майкеев Владислав Иванович» деген жазу көзіне оттай басылды. Жалма-жан конвертті ашып, былай жолданған хатты оқыды:
– Сабеке, амансың ба? Хатыңды алып, балаша еңіреп жыладым. Сені жақсы білем деп ойлаушы едім, бірақ жақсы танымаған екенмін. Осынша жыл аманатың деп… Сенің жолыңда садаға! Сендей адал достың жолында құрбан, андағы жүз қой түгіл мына жалпақ дүниені сенің жолыңда тәрк етер ем. Бекер кеткен екенмін қасыңнан…
Менің бұл хәлімді білмей-ақ қойсын деп, жауап жазбап ем, кеше ғана батылым жетіп, қолыма қалам алдым.
Сәбеке, киесі атты мені туған жердің, Сыр ананың, біздің туған ауылымыздың киесі жібермеді. Қарызын өтемей кеткенім үшін, сатқындығым үшін…
Мұнда келе сап, ел қатарлы өмір сүрдік. Бірақ, бұл жақта әлгі көк шөлмекке құмарлар көп екен. Қалай солардың біріне айналып кеткенімді білмей қалдым. Өзімді ақтап қайтейін, менің салынып ішкенімді Лена көтере алмады. Міне, осымен он жеті жыл, жалғызбын. Жан серігім – көк шөлмек.
Сәбетбай, егер шамаң болса, мені келіп алып кет. Барып, анамның қасында жатайын. Сырдың бойында! Туған ауылымда! Сенің босағаңда өлсем де арманым жоқ, бауырым. Өз жерімнен өзім жеріп, бекер кеткен екенмін. Енді жалған намысқа жеңілер жайым жоқ. Туған жеріме жеткіз мені, досым! Кеш те болса барып, кешірім сұрайын.
Күтем. Сәлеммен Майкейіп.
* * *
Пойыздың терезесінен ұсақ шоқылы сары дала жөңкіліп жатыр. Еңсесі еңкіш тартқан қарт кісі сырт жаққа үзіле қарайды. Сона-а-ау, алысқа үздігеді. Мәскеуге дейін әлі үш күндік жол жатыр. Осы үш күнге тағат табар ма екен қария?! Жоқ, әлде, жіңішкерген төзімнің қылы шың етіп үзіліп тыншыр ма екен? Жамыраған ойларын жинай алмай келе жатқан қарт келер сәт ерекше жымиыспен: «Әй, атаңа нәлет, Майкейіп», – дейді күбірлеп. – Шыда, Сырдың тастай суық суына салып есіңді жиғызайын…».
Иранғайып КҮЗЕМБАЕВ