Басты ақпаратМәселе

Малшының мұңын кім тыңдар?

Ресми мәлімет бойынша елімізде 184 млн гектар жайылым бар. Мұның 82,4 млн гектары егін шаруашылығы мақсатында пайдаланылса, 15,9 млн гектар жер басқа санаттағы, яғни орманды алқап, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіпке қажетті жерлер саналады. Былайша айтқанда, жайылым көлемі жағынан әлемде 5-орында тұрмыз. Мал басына шақсақ, әр мал басына 20 гектардан тура келеді. Бірақ осындай кең байтақ елде, ұлан-ғайыр жайылымы бар баябан далада жасап отырсақ та, сол 184 млн гектар жайылымның тек 21 млн гектарын ғана шаруалар пайдаланып отыр. Ал қалған жерлер бос жатқан жоқ, әлдеқашан әртүрлі жолмен қалталылардың, шенді-шекпенділердің меншігіне өтіп кеткен.

Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі мол. Жері кең, табиғаты шаруашылық жұмысын жүргізуге ыңғайлы. Қазық қақсаң тал шығатын, түгін тартсаң май шығатын тусыған даласында мыңғыртып мал бағып, ата кәсібімізбен айналысқан малшының да, жайқалтып егін салып, жер емшегін емген диқанның да маңдай тері өтеусіз қалмайды. Алайда біз сол мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз. Егістік жерлеріміздің түсімі төмен болса, жайылым саласында да қордаланған мәселе аз емес.

Жер көп, жайылым аз

Жайылым мәселесі – айтыла-­айтыла әбден жауыр болған тақырып. Үкімет 2018 жылы жайылым мәселесін шешеміз деп уәде бергенмен, арада аттай желіп 6 жыл өтсе де, ешқандай үлкен өзгеріс болған жоқ. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында жайылым мәселесіне арнайы тоқталып, «Жайылымдық жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Жайылымның 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде болғанмен, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, жыл соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын» деген еді.

Мемлекет басшысының «Ауыл тұрғындары мал жаятын жер таппай қиналып отыр» деген сөзі – шырылдаған шындық. Алысқа бармай-ақ, осы елорда төңірегіндегі ауылдарды бір айналып шықсаңыз да бұл сөздің текке айтылмағанын түсініп қана қоймай, тағы да толып жатқан мәселелерге тап боларыңыз сөзсіз.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 20 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылуы керек. Бірақ қазірге дейін соның тең жартысы, яғни 10 миллион гектары ғана мемлекет меншігіне қайтарылған. Дейтұрғанмен малшылардың жайылымға болған мұқтаждығы қайтарылған 20 миллион гектар жермен шешіле салмайтыны бесенеден белгілі. Ол үшін жайылым заңына қатысты заңдарға да өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, қарапайым халықтың қажетін ескермесе, күрмеуі көп бұл мәселенің түбегейлі шешім табуы қиын. Міне, осы түйінді ескерген Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қолға алып, «Жайылымдар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, оны өткен жылдың соңында Сенаттың қарауына жіберген болатын. «Сәлемнің де сәті бар» дегендей, осы арада бұл заңның атауына байланысты өз пікірімізді айта кеткіміз келеді. Жайылымдар туралы» заң деп созбақтамай, «Жайылым заңы» дей салса да ұғынықты болар еді. «Жайылым» сөзі онсыз да көптік мағына береді. Яғни «жайылым» деген сөздің өзі әртүрлі жайылымды қамтиды. Ендеше оған көптік жалғауды қосудың, «туралы»-ны тіркеп ұзартудың түк қажеті жоқ. «Жайылым заңы» десе, соған қатысты заң екенін есі дұрыс қазақ бірден түсінеді. Бүгін «жайылымдар» десек, ертең «сулар», «ормандар» деген атаулар алдымыздан шығады. Сондықтан тіл тазалығын сақтайық!

Жаңа заң жарылқай ма?

Қазір ҚР Парламенті Сенатында талқыланып жатқан «Жайылым заңында» 200-ге жуық ұсыныс-талапты ескере отырып, 70-ке жуық өзгеріс пен толықтыру енгізілген көрінеді. Жаңа заңға сәйкес, жайылым­дарды конкурссыз беру нормасы алынып тасталды. Жеке және заңды тұлғаларға жер тек 5 жылға дейінгі мерзімге берілмек. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының мал жаятын аумағының мәртебесін нығайту үшін «көпшілік пайдаланатын жайылымдар», яғни «жалпыға ортақ жерлер» деген ұғым енгізіледі. Жайылым­дардың айналасында адам және жан-жануарлардың амандығына қауіп төндіретін ор қазу сияқты әдістерді қолданғандарды жауапкершілікке тарту көзделген. Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов «Жайылымдарды суландыру, түбегейлі оңтайландыру және олардың беткі қабатын жақсарту бойынша шығындарды субсидиялау арқылы фермелерге мемлекеттік қолдау нормалары көзделген. Сонымен қатар көпшілік пайдаланатын жайы­лымдарды қалпына келтіру жұмысын қаржыландыру жергілікті бюджеттерден және басқа да көздерден қарастырылуда. Енгізіліп отырған өзгерістер тұрғындардың қажетіне қарай жайылымдардың жетіспеушілік мәселелерін шешуге ықпал етеді» дейді.

Бүгінде халқымыздың 40 пайыздан астамы ауылды жерде тұратыны белгілі. Оның көбінің негізгі табысы да, күнкөріс көзі де – қолындағы аз ғана малы. Алайда соңғы жылдардағы жайылымның тапшылығы ауыл тұрғындары үшін үлкен мәселеге айналған. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған немесе бау-бақша егуге қолайлы, көрікті жердің көбі бай-бағлан мен әкімқара, ірі-ұсақ шенеуніктердің қолында. Ауылдағы ағайынның мал жаятын жайылымнан, шөп шабатын шабындықтан таршылық көретінінің бір себебі осы.

Жаңа заң қарапайым халықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының мүддесін көбірек ескеруі керек. Өйткені қарапайым халық тұтынатын ет, сүт өнімдерін ауылда мал ұстайтын тұрғындар қамтамасыз етіп отыр. Ал субсидия алып, малының жем-шөп ақысына дейін Үкіметтен алып отырған фермерлер, байлардың мал өнімдерінің көбі экспортқа кетеді немесе өздерінің мал өнімдерін мәнерлейтін орындарында қымбатқа сатылады. Яғни ауыл тұрғындары сиыр етінің келісін 1800 теңгеден сата алмай отырса, ферма құрған көлемді шаруашылық иелері сиыр етінің келісін 4500 теңгеге дейін сатады (Астанадағы көптеген ет дүкендерінде сұрыпты еттің 4500 теңгеден сатылып жатқаны – соның дәлелі). Олар Үкіметтен қосымша қаражат алдық екен деп етті, сүтті арзанға сатып отырған жоқ, сондықтан Үкімет мал өнімдерінің бағасын қымбаттатпай ұстап тұрамын десе, ауыл тұрғындарының мал өсіруіне жайлы жағдай жа­сауы керек. Болашақта еттің әр келісінің бағасы 5000 теңгеге дейін жетіп, халықтың ет жеуі барған сайын қиындауы мүмкін. Мәселен, іргеміздегі Қытайда қой етінің келісі 4000-6000 теңге аралығында болса, Қазақстанда 2200-2700 теңге шамасында. Алайда бұл салыстырмаға қарап «бізде ет арзан» деп асығыс кесім жасауға келмейді, себебі Қазақстан халқының табысымен, күнделікті кірісімен өлшегенде бізде ет қымбат. Ауыл, қалаларда сол 2000 теңгелік еттің өзін сатып алуға шамасы келмейтін отандастарымыз аз емес. Оған жыл сайын қымбаттап бара жатқан ұн мен нанның бағасын қосыңыз, табысы төмен тұрғындарға бұл қай қырынан айтсаң да үлкен салмақ.

Мал баққанның бейнеті көп

Күнкөріс үшін мал ұстап отырған ауыл тұрғындары малдан пайда тауып отырған жоқ. Себебі олардың өздерінде шабындық, жем-шөп егетін егістік жер болмағандықтан, малға қажетті жем-шөпті түгелдей сатып алады. Арқа төсінде биыл бір тіркеме шөптің бағасы 75000 теңгеге дейін көтерілсе, жемнің тоннасы 70000 теңгеге жетті. Сарыарқада мал 6 ай қолға қарайтынын ескерсек, бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен ауыртпалық. Ол аздай, жазда да күндіз-түні малдың соңынан қалмай еріп жүреді, өйткені астық өндірушілер ауылдың іргесіне дейін егін салып тастаған, ауыл тұрғындарының малы егінге түссе миллиондап айыппұл салады. Ал олардың егінді айналдыра қазған орына мал түсіп өлсе, оған бір тиын төлем бермейді. Әрине, жаңа заңда осы мәселелер де қарастырылған дейді депутаттар. Алайда бұл заңда да әр ауылдың төңірегінде пәлен шақырым аумаққа дейін егін салынбауы керек деген ашық талап жоқ, яғни «жалпыға ортақ жер қалуы керек» деген талап айтылғанмен, іргесіне дейін егін салынған ауылдарға «жалпыға ортақ жер» қалдыру мәселесі нақтыланбаған. Оны әр ауыл жағдайына қарай өзі белгілейтін көрінеді. Демек, жаңа заңда да ауыл тұрғындарының мәселесі толық шешім табады деп айта алмаймыз. «Жер конкурссыз берілмейді» деген талап енгізілгенмен, ауыл әкімдерімен астасқан пысықтар оның да амалын табады деп ойлаймыз.

Кей өңірлердегі малшылар мал бағып бір, мал дәрігерлерінің қабағына қарап екі қиналатынын айтады. Неге десек, «Мал дәрігерлері малда ауру бар-жоғын қадағалап отыру үшін жылына малдан екі рет қан алады. Егер малыңнан індет байқалса, бітті, қоралы малыңды қырып тастайды. Оны қайта тексеріп көрмейді, егер бір рет қан алғанда мәселе байқалса, малдың көзін құртуың керек. Ең қызығы, сол ауру байқалған малдарды дәрігерлер жоғары жақтағы біреулермен хабарласып, солар алып кетеді. Ал олардың қайда апаратынын ешкім білмейді. Ел аузында былай апарып етке өткізіп жібереді деген дақпырт бар. Егер шынымен ауруы бар мал болса, осы арада неге көмбейді? Осы жері бізге жұмбақ» дейді бізге кездескен малшылар. Бұл біз ашып отырған жаңалық емес, жұрттың айтуына қарағанда, мұндай жағдай Қазақстанның кез келген өңірінде бар көрінеді. Демек, мал басы өссін десек, біреудің адал малын осындай тәсілмен жоқ қылып жіберетін зымияндыққа да заң бойынша тосқауыл қойылуы керек. Ал малшыларға маза бермейтін мал ұрылары туралы айтып та, жазып та жүрміз. Өнімі болмай келе жатыр еді, тек Мемлекет басшысы барымташыларға жазаны күшейтуді тапсырған соң мал ұрлығы аздап бәсеңдеді, бірақ түбегейлі тыйылған жоқ.

Қолданыстағы заң бойынша ауыл тұрғындары баққан малына Үкіметтен қосымша қаражат алуы үшін шаруа қожалығын құруы шарт. Алайда өзіне тиесілі жері болмаса, олар шаруа қожалығын құра алмайды. Міне, сосын да ауылдағы қорасында 50-60 мал бағып отырған тұрғындар Үкіметтің тиімді саясатынан игілік көре алмайды. Жаңа заңда осы мәселе ескерілді ме? Егер ескерілмесе, онда ол заң да «баяғы жартас – сол жартас» болғалы тұр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button