Жаңалықтар

Мандела қорымен меморандум жасалды



Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Тембекиле Мандела қоры өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен Тембекиле Мандела қорының негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Ндилека Мандела келісімен Нұрсұлтан Назарбаевтың қорына барды. Қордың атқарушы директоры Қанат Жұмабаевпен кездесу өткізді.

Ндилека Мандела Нұрсұлтан Назарбаев қорының қызметімен танысып, өз қорының жұмысы жайлы әңгімеледі.

Ндилека Мандела – Оңтүстік Африка Республикасының Тұңғыш Президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Нельсон Манделаның үлкен немересі. Ол БҰҰ қамқорлығындағы халықаралық бағдарлама аясында «Лидеры как Мандела» (Leading like Mandela) және әкесінің құрметіне арнап Тембекиле Мандела қорын құрған.

Оның айтуынша, аталған қор 2014 жылы құрылған. Қордың басты міндеті – Нельсон Мандела мен оның ұлы Тембекиле Манделаның ізгі істерін жалғастыру һәм насихаттау.

Өз кезегінде Қанат Жұмабаев Нұрсұлтан Назарбаев қорының қызметіне тоқтала келе, екі ұйым­ның көптеген бағыты ұқсас екенін ерекше атап өтті. Екі қор да әлеуметтік және білім беру саласындағы жобаларды, жастардың өзін-өзі дамытуы сынды өзге де ілкімді істерді жүзеге асырады.

Қоғамдық әрі саяси қайраткер ретінде Ндилека Мандела Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын белсенді түрде қолдайтынын атаған жөн. Бұл қолдау игі шараны жүзеге асырудан байқалады. Елбасының бастамасымен қолға алынған «G-Global» халықаралық жобаның Африкадағы өкілдігінің басшысы болып табылады.

Ндилека Мандела «G-Global» халықаралық қорының төрайымы «БҰҰ-2030 күн тәртібі мен ТДМ іске асыруға жастардың үлесі», «Жібек жолы жаһандық сыйлығы» / «Global Silk Road Award» халықаралық кеңесінің мүшесі, ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін көшбасшылардың жаһандық альянсы қызметін атқарады.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button