Басты ақпаратСұхбат

Марат ІЛИЯСОВ: Халық кімді көп көрсе, тыңдаса, соны жұлдыз санайды



Биыл аса көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі Әсет Бейсеуовтің туғанына 80 жыл толды. Бес жүз ән, оның сыртында бірнеше спектакль мен кинофильмге музыка жазған тұлғаның артында «Батыр Бауыржан» операсы қалғаны көпшілікке беймәлім. Әсеттің шәкірті, өкіл баласы, белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Марат Ілиясовпен бұл туындының тағдыры туралы, эстрада өнерінің бүгінгі жайы мен өзінің шығармашылығы жөнінде әңгімелестік.

«БАТЫР БАУЫРЖАН» ОПЕРАСЫ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН АРХИВТЕ ЖАТЫР

– Марат аға, ұстазыңыздың «Батыр Бауыржан» операсы бар екенін баспасөз арқылы жар салғаныңызға жарты жылдан астам уақыт өтті. Әлі жарыққа шықпаған бұл опера туралы жазған мақалаңызды «Батыр бейнесін опералық шығармадан көрсек қой. Бұл ұлт ұрпағына рух берер еді, санасын жаңғыртар еді. Сәті түскенде әннен операға жалғасқан сол батыр туралы туындыны сахнадан көреміз деген үміт бар. Тек күттіре бермесе екен» деп түйіндепсіз. Содан белгілі бір нәтиже шықты ма?
– Әсет Бейсеуовтің опера жазғанын осы күнге дейін ешкім білмей келді. Композиторлар одағына мүше болғандардың өзі бұл жағынан бейхабар болды. Жақында мерейтойына байланысты туған жері Алматы облысының Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш кентінде өткен ән конкурсына барып, қазылық еттім. Сол жерде сахнада опера туралы, оның әлі қойылмай жатқанын айттым. Бұл шығарма менің көз алдымда жазылды. Жазылған соң Абай атындағы опера және балет театрына тапсырылды. Әсет ағаның қасында жүріп, соның бәрін көрдім.
Әсет аға Бауыржан Момышұлына арнап алдымен «Батыр Бауыржан» деген ән жазды. Оны Ғафиз Есімов орындады. Ән мәтіні нотасымен бірге «Лениншіл жас» қазіргі «Жас Алаш» газетіне шықты. Бір күні аға «батырды туған күнімен құттықтайық» деп таң азаннан мені оятты. Жолда әннің сөзін, кейіннен операның либреттосын жазған ақын Айтжан Байғожаев­пен кездесіп, газеттің бірнеше данасын дүңгіршектен сатып алған соң, үшеуміз батырға бардық. Бұл Баукеңнің өзі көрген соңғы туған күні еді. Бізден басқа ешкім келмеді. Таңертеңнен кешке дейін кең дастарқан басында өзіміз ғана отырдық. Кетерімізде батыр қатты риза болып: «Басқа жұрт елемесе, елемесін, бауырларым, келгендеріңе рақмет!» деп көзіне жас алды. Әнге де көңілі толды. Әсет аға содан қатты әсерленіп, Айтжан Байғожаевқа: «Әнімізді батыр ұнатты, неге опера жазбасқа?» деді. Содан опера жазылған соң, шығарманы опера және балет теа­трына барып тапсырдық.
«Батыр Бауыржан» операсы әлі күнге дейін жарық көрмеді. Мақаланы сол үшін жаздым. Газетке шыққан соң көп адам, соның ішінде Мәдениет және спорт министрлігінен де «Әсет Бейсеуовтің операсы бар екен ғой» деп таңғалып, маған телефон шалды. Опера Абай атындағы театрда жатыр. Тапсырылған бетте қойылмақшы болған, бірақ тоқырау жылдарына тап келіп, қойылмай қалды. Содан бері арада 30-35 жыл өтті. Енді қойылатын жөні бар ғой. Бірақ қолға алатын адам болмай тұр.
– «Батыр Бауыржан» операсының театрға тапсырылғанына біраз уақыт өткен екен. Жоғалды деп ойламайсыз ба?
– Ол жоғалмайды ғой. Көркемдік кеңестен өткен шығарма міндетті түрде архивте жатады. Тек қана режиссер дайын партитураны алып, операны қоюы керек. Егер тиісті орындар қолға алса, бұл қиын шаруа емес деп ойлаймын. Дайын опера ғой. Түптің түбінде қойылатыны анық. Алайда тым созылып кеткені де болмайды.
– Елордада бір жақсы дәстүр бар еді. Осында жыл сайын Астана күніне орай дүниеден озған белгілі бір композитордың шығармашылығына арналған кеш өтетін. Мысалы, кейінгі жылдары Шәмші Қалдаяқов пен Сейдолла Бәйтерековті еске алу концерттері ұйымдастырылды. Биыл Әсет Бейсеуов неге еленбеді деп ойлап қоям, 80 жылдығына орай өткізуге болар еді ғой. Бұрындары өтіп жүрген «Әсеттің әсем әндері-ай» концерті де тоқтап қалған секілді.
– «Әсеттің әсем әндері-ай» концертін Ұлжан Айнақұлова бір өткізді. Одан кейін Сұлушаш Нұрмағамбетова ұйымдастырды. Бұл әншілер Әсет ағаның қасында жүріп, талай әндерін шырқады. Қазір жастары біразға кеп қалды. Композитордың туған жерінде мерейтойы еленіп жатыр. Алматының өзінде де бірнеше іс-шара өтті.
– Елге ортақ тұлғалардың мерейтойын туған жерінде ғана өткізуден аса алмай келе жатырмыз. Әсет Бейсеуов әндерінің республикалық конкурсын Ұзынағашта емес, Астанада өткізу керек еді ғой…
– Оныңыз жөн. Конкурсты Алматы облысының әкімдігі ұйымдас­тырды. Республика көлемінде Әсет ағаға қатысты ауыз толтырып айтарлықтай басқа бірдеңені әлі байқаған жоқпын. Бұл Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей жұмысы ғой. Министрлік жоспарласа, Астанада өтіп, қала әкімдігі де қарап қалмас еді деп ойлаймын.
– Әсет Бейсеуовтің қасында қай уақыттан бері жүрдіңіз? Композитормен алғаш танысқан күніңіз туралы айтып берсеңіз.
– Мектепті бітіріп, 16-17 жасымда ауылдан Алматыға П.Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға келдім. Сол кезде Әсет ағамен студенттердің кездесуі болды. Ұстаздарым: «Бізде Марат деген аздап ән жазатын бала бар, тыңдап көресіз бе?» деді. Әсет аға әнімді тыңдады да, сол күні өзіне өкіл бала етіп алды. Кейіннен жатақханаға бірнеше рет келіп, «студентсің, қарның аш қой» деп ақша беріп кетіп жүрді. Ұялып, алуға бас тартсам да, болмай қолыма ұстататын. Бір күні жатақханадан үйіне көшіріп алды. Содан өмірден өткенше қасында жүрдім. Үйленіп, отбасыммен жеке тұрғанда да кешкі асты күнде сол үйден ішетінбіз. Бармай қалсақ, ренжитін. Содан бала-шағамызды ертіп баратынбыз. Ұйықтардың алдында ғана үйімізге қайтатынбыз. Әсет ағамен талай сапарларға, гастрольдерге шықтым. Қазақстанның көп облысын бірге араладық. Әсет ағаның достары көп еді. Қасында жүріп, Мұқағали Мақатаев, Оспанхан Әубәкіров, Нұрсұлтан Әлімқұлов секілді біраз белгілі адамдармен таныстым. Аға мені «балам» деп таныстыратын.
– Сонда Мұқағалиды көріп үлгердіңіз бе?
– Иә, Әсет, Мұқағали, Оспанхан, Нұрсұлтан – төртеуі қатты дос болатын. Мұқағалиды екі-үш мәрте көрдім. Олар таңертең ұйқыдан тұрып, бірін-бірі телефон арқылы іздеп отыратын. Содан Оспанханның үйіне барамыз немесе олар Әсет ағаның шаңырағына келетін. Нұрсұлтан ағаға талай бардық. Осындай аралас­тық-құраластық жақсы екен ғой. Соның арқасында Оспанхан аға Әсет ағаның «Мұңайма», «Ағаларым» секілді қаншама әндеріне, Нұрсұлтан аға «Алтыным», тағы басқа осы сияқты вальстерге сөз жазды. Бірақ Әсет пен Мұқағали бірге неге ән жазбағанына әлі күнге дейін таңғаламын.

«СҰЛУЫМ» ҚАЗІРГІ «ҚЫЗЫЛ ӨРІКТЕН» КЕМ ЕМЕС ЕДІ

– Ақын Серік Тұрғынбекұлымен де Әсет арқылы танысқан боларсыз. Сіздің «Сұлуым» атты халық арасына кең тарап кеткен танымал әніңіздің өлеңін Серік аға жазды ғой. Осы ән тарихын білгіміз келіп отыр.
– Әсет ағаның әндеріне ең көп өлең жазған Серік Тұрғынбекұлы ғой. Екеуінің үйлері жақын, арада жаяу жүруге болатын. Серік аға композитордың үйіне келетін. Ақын келмесе, Әсет аға шақырып алатын. Сол үйде жиі кездесіп, ақынмен дос боп кеттім. Әлі күнге дейін жақсы араласамыз. Бір жылдары ол кісі Қазақ радиосында редактор болып жұмыс істеді. Мен консерваторияны бітіріп, телевидениеге қызметке орналастым. Серік ағаны күндіз жұмыста, кешке Әсет ағаның үйі­нен көретінмін. Сондай бір күні «Сұлуым» деген ән шығардым, сөз жазып беріңізші» деп сұрадым. Серік аға: «Тақырыбын өзің қойып қойыпсың, сөзін өзің жаза салмайсың ба?» деді. «Сіз тұрғанда қайдағы сөз?» деп құтылдым. Әнді тыңдап көргеннен соң ұнатып, жазып беруге келісті. Бірақ біраз уақытқа созып алды. Бір күні түнгі он екілерде өзім телефонмен хабарласып, мұның жайын сұрадым. «Тағы бір ойнап берші» деп сұрады. Ол кезде қалалық телефон ғой, мұны пианиноға қойып, бір-екі рет айтып бердім. Сол жерде қолма-қол екі-үш шумағын жазып қойды. Түнгі екілерде хабарласып, тағы ойнап беруін өтінді. Ақынның үйіндегі Жанна жеңгеміз кейіннен «Түнімен сен екеуіңнің сұлуларың таусылмады ғой» деп қалжыңдайтын.
Бұл әнді марқұм Талғат Кеңесханов айтып, халыққа таратты. Кейіннен Ақжол Мейірбеков шыр­қады. Қазір Болат Әбдиахметов салып жүр. Ол уақытта «Сұлуым» қазіргі «Қызыл өріктен» кем емес еді, «Сұлуымсыз» той өтпейтін.
– Аға, кейінгі кезде жаңа әндеріңіз естілмей кетті. Оның белгілі бір себебі бар ма? Қызметіңіз қолбайлау боп жүр ме?
– Жаңа әндерім баршылық. Жаңа жылдан кейін соларды бірден, екіден жайлап шығарсам ба деп отырмын. Рас, қаншама жылдардан бері әндерім, өзге музыкалық туындыларым жиналып қалды. Оларды жарыққа шығару үшін де қолың бос болып, біраз жүру керек. Бұрын шығармашылық демалыс деген болатын. Кейбір ақындар, композиторлар бес жылдап, он жылдап жұмыс істемей, демалыс алып, таза шығармашылықпен айналысатын. Бұл бір тамаша заман болды.

КӨРКЕМДІК КЕҢЕСТІҢ ЖОҚТЫҒЫНАН САПАСЫЗ ӘНДЕР ҚАПТАДЫ

– Бұрын қаламгерлер бір кітап шығарып, көлік сатып алатынын қазір естеліктерден оқып жүрміз…
– Иә, ол рас, кеңестік кезеңде шығармашылық адамдарының жағдайы өте жақсы болды. Қазір ондай қаламақы жоқ, шығармашылық одақтардың өзі күндерін әрең көріп жүр.
– Ал ол кезде композиторлардың жағдайы қалай болды? Ән үшін қаламгерлерге секілді төлеуші ме еді?
– Ол кезде шыққан әндер неге сапалы? Музыкалық шығармалар көркемдік кеңестің қатаң сұрыптауынан өтетін. Әсет, Шәмші ағалардың өздерінің талай әндері қайтарылғанын өз көзіммен көрдім. Ағаларымыз ренжімей, сол әндерін қайтадан жазып жататын. Сөйтіп шығармаларын әбден пісіретін. Қазіргі кезде ондай көркемдік кеңес атымен жоқ. Радиодағы көркемдік кеңес дайын шығармаларды эфирге беру үшін ғана алады. Қаламақы төлемейді, ол жерде шығармашылық жөнінде әңгіме мүлде қозғалмайды. Бұрын көркемдік кеңестен әнің өтсе, қыр­уар қаржы алатынсың. Ол минис­трдің жалақысынан кем емес болатын. Шәмші ағалар өмір бойы сол қаламақымен күн көрді, Әсет аға оны алып, шалқып жүретін. Жастау кезінде бұл кісілер қызмет істеген шығар, мен көргенде ешқайсысы жұмыс істемеді.
Қазір көркемдік кеңестің жоқтығынан сапасыз әндер қаптады, кім көрінген композитор болып жүр. Музыка жазатын адамда алдымен Алла берген дарыны болуы керек. Оны әрі қарай оқып, жетілдіру қажет. Белгілі бір музыкалық аспапта ойнай білу, ән өңдеу – бөлек дүние. Композиторлық дарын жоқ болса, әнді қалай жазуға болады? Бүгіндері сондай дәлдүріштердің әндері эфирді бермей жатыр. Түбінде бұған тыйым болар, бірақ ол заманға жеткенше халықтың, жастардың талғамын әбден бұзады. Ән де – тәрбие. Ал қазіргі көп әндерден қандай тәрбие алуға болады? Не әуені жоқ, не сөзінде мағына жоқ, бүгін бар, ертең жоқ әндер.
– «Театрда қазір драматургия жоқ, бұған керісінше жап-жақсы актерлер бар» деген сөзді жиі естимін. Сол сияқты, сіздіңше, әндер дұрыс болмаса да, жақсы әншілер бар ма?
– Өнерге қатысты «жұлдыз» деген сөз шықты. Сол жұлдыз болуға лайық әншіде дауыс болса, жарайды. Табиғат соған сай дарын берсе, келісуге болады. Оқумен, тоқумен оны жетілдіру де керек. Теледидардан бірақ дарынсыздар көп көрсетіледі. Есекті күнімен бақыртып қойшы, ол ең танымал әнші болып шығады. Қазір сол сияқты жағдай болып жатыр. Халық кімді көп көрсе, тыңдаса, соны жұлдыз санайды. Оған да тосқауыл қоятын уақыт келді.
Өзім әндерімді кез келген әншіге бергім келмейді. Расын айтқанда, дарынсыздарға қимаймын. Олардың аттарын атамаймын, себебі Бибігүл Төлегенова Қайрат Нұртас туралы айтқандай, сөзім ертең жыр болып кетеді. Ойымда жүрген бірен-саран әншілер бар, соларға үйретсем бе деймін. Ал Маржан Арапбаева, Төреғали Төреәліде дауыс бар деп есептеймін. Димаш Құдайберген – тума талант.
– Фонограммаға тыйым салса, жағдай түзеледі деп ойлайсыз ба?
– Онда қазіргі әншілердің көпшілігі әншілікті тастап, басқа салаға ауысып кетеді. Өткенде «Qazaqstan» мен «Хабар» телеарналары жанды дауыспен ән айтылатын жобаларды берді. Соны қарап отырып, өз-өзімнен ұялдым. Әншілерінде мүлде дауыс жоқ.

ПРОДЮСЕРЛЕР ДАЙЫН ӘНШІЛЕРГЕ ҚҰМАР

– Бұрын вокалды-аспаптық ансамбльдер әншілерді сүйе­ мелдеп тұратын. Қазір бұл үрдіс ішінара ғана көрінеді. Бұл жағдай да фонограмманың көбеюіне әсер етіп отырған сияқты. Мысалы, өз басым «МузАрт» ансамбліне көңілім толады. Олар үштіктен ансамбльге айналды. Осындай ансамбльдерді көптеп шығару қажет деп есептеймін. Мүмкін мұны мемлекеттік деңгейде қолға алу керек шығар…
– Қазір негізі ансамбльдер көп. Ішінде небір жақсылары бар. Бірақ көбісінің телеарналарға шығарып, оларды жарнамалау­мен айналысатын продюсері жоқ. Мен ел аралап жүрем ғой, сонда облыстарда талантты музыканттарды, жақсы ансамбльдерді көрем. Шетелдегі қазақтардың арасында да қаншама дарындар бар. Бірақ олар уақытысында көрінбейді, сөйтіп жастары ұлғайып, қалып қояды.
Соларды алға сүйрейтін продюсерлер болуы керек. Продюсерлердің өздері ақша табу үшін аты шыққан әншілерге жүгіреді. Негізі, оларға талантты жас әншілердің бағын ашып, халыққа таныстыру жұмыстарын жүргізу қажет. Продюсерлер содан бастау керек. Алайда олар дайын әншілерді алады. Әншіге үш-төрт бейнебаян түсіреді де, салып қойған ақшаны бес-алты есе қайтаруды ойлайды. Қазір эстрададағы плагиат, дауысы жоқ, таланты жоқ әншілердің көбейгені үлкен кеселдер боп тұр.
Бұрын көркемдік кеңестен өткен шығармаларға арнайы сертификат берілетін. Бұл құжатсыз әнді бірде-бір газет, журнал баспайтын. Телеарнаға, радио­ға алып барып, сертификатты көрсеткенде ғана шығарманы оркестрге түсіруге, музыкалық өңдеуге рұқсат беретін. Қазіргі кезде ондай талап жоқ. Көркемдік кеңес менің ұғымымда – ақылдастар алқасы. Онда музыканың, сөздің майын ішкен адамдар отыратын.
Баяғыда мейрамхана әншілерінің өзі сапалы әндерді айтатын. Онда қайдағы жоқ шығармаларға жол берілмейтін. Алматыда «Музыкалық ансамбльдер бірлестігі» деген ұйым жұмыс істейтін. Оның әр облыста филиалдары болатын. Олар бүкіл мейрамханада айтылатын әндердің тізімі, репертуары бойынша ай сайын есеп жасап отыратын. Басты талап, сол тізімнің ішінде көркемдік кеңестен өтпеген әндер болмау керек еді. Ол кездің музыка мәдениеті қазіргіден әлдеқайда жоғары болды.
Қазіргі проблемалар осыдан 20 жылдай бұрын басталған. Екі мыңыншы жылдары көркемдік кеңесті жаңғырту, плагиат, дарынсыз әншілер, дарынсыз композиторлар туралы айтуды бастағанбыз. Содан бері қанша қақсап келе жатсақ та, бір қозғалыс болмай тұр. Мәдениет және спорт министрлігі бұл салада кеңестік жүйені үлгі етіп алу керек.

МӘСЕЛЕ – ӘННІҢ САНЫНДА ЕМЕС, САПАСЫНДА

– Қазір Авторлар қоғамдары да көбейді. Осыншама қоғам бізге керек пе? Бұл ұйымдар түпкілікті нені көздейді?
– Мен Байғали Есенәлиев басқаратын Қазақстан авторлар қоғамын ғана мойындаймын. Негізі, бір Алматының өзінде 8 авторлар қоғамы бар. Жеке кәсіпкерлер белгілі бір ұйымды тіркейді ғой, бұл сол сияқты дүние. Істеп жатқан жұмыстары жоқ, бірақ қаламақы жинауға шебер. Композиторға, ақынға берілетін қаламақының 40-50 пайызын кертіп алып, қажеттеріне жаратады.
Кеңес заманында Бүкілодақтық авторлар қоғамы деген болды. Тәуелсіздік алғанымыздан кейін Қазақстан авторлар қоғамы жеке отау құрып, сол жүйені сақтап қалды. Олардың алатын пайыздары да аса жоғары емес. Ал қалған авторлар қоғамдарының басшылары бұл ұйымның не екенін де білмейді. Әйтеуір, табыс табамыз деп шапқылайды. Оның үстіне «біздің қоғамға кіріңіз» деп үгіттейді. «Мен баяғыдан Қазақстан авторлар қоғамына мүшемін, аты да, заты да белгісіз қоғамға неге кіруім керек» деп жауап берем.
– Әсет Бейсеуов бес жүз ән жазды дейміз ғой. Әріптес ініңіз Нұрлан Еспанов бір сұхбатында: «Қазірдің өзінде бес жүз ән жаздым» деп айтқан еді. Өзіңіздің қанша әніңіздің барын санап көрдіңіз бе?
– Әндерімді санап жатқан жоқпын, санайтын болсам, біраз болатын шығар. Бірақ өзімнің пайымдауымша, мәселе әннің санында емес, сапасында болуы керек. Жүз немесе екі жүз ән жазса да, бір әні халықтың есінде қалмайтын авторлар бар. Бұған керісінше, жақсы бір ән жазып, тарихта қалуға болады. Тіпті, жұрт халық әні деп қабылдайтын шығармалар кездеседі. Өзімнің жұрт аузында он шақты әнім болса да, мақтанбаймын. Жаңа әндерімнің арасында да халықтың аузына ілігетін туындылардың барын білем.
– «Алтынай» деген әніңіздің сөзінің де авторы – өзіңіз. Айтайын дегенім, қазір әуенді де, мәтінді де өзі жазып, әнді өзі орындайтын авторлар көбейді. Өзіңіздің сондай қанша әніңіз бар?
– Негізінен, жұрт аузында жүрген үш-төрт әнімнің сөзін де өзім жаздым. Бірақ бірге жүрген ақын достар өңдеуге көмектесіп, бір-екі шумақ қосты. Солардың бәрін сол достардың атынан жібердім. Себебі кәсіби композитормын, маған әнге сөз жазу қызық емес. Шынымен қызығатын болсам, ән жазуға жарайтын ақындығым бар. Серік Тұрғынбекұлы, марқұм Асқар Егеубаев сынды тамаша ақындардың жанында жүргенде сөз жазып не керегі бар деп те көп ойладым. Әркім өз шаруасымен айналысуы керек. Ақын сөз, композитор ән жазып, әнші соны орындауы қажет.
Қазір өзім жұмыс істейтін «Қазмедиа» орталығында жүргенде кездескен ақындардан кітаптарын сұраймын, өлеңдерін электронды поштама жіберуді ұсынамын. Қолға түскен өлеңдердің бәрін оқып шығам. Біздің мекеменің ішінде Қалқаман Сарин, Танакөз Толқынқызы, Талант Арынғали сияқты ақындар да бар. Олардың кітаптарын да алып алдым. Газет, журналдарды да өлең шыға ма деп қарап тұрам.
Күнде таңертең жұмысқа келгенде жұмыс орнымның бірінші қабатында тұратын баспасөзді бір-бір данадан іліп алып кетем. Бұрынғы ақындардың да кітаптарын оқимын. Ішінен әнге лайық жақсы өлеңдер кездеседі. Бірақ бір «әттегенайы», ол өлеңдерге ән шыққаны анықталады.
– Ұстазыңыз Әсет Бейсеуов сияқты опера жазуға талаптанбадыңыз ба?
– Біраз жыл бұрын «Алматы-Астана» атты оперетта жаздым. Либреттосын белгілі жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевқа жаздырдым. Бірақ бұл шығарманы шығаруға мүмкіндігім болмай жүр. Бұйыртса, бір күндері жақсылап қолға алармын.

Әңгімелескен
Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button