Басты ақпарат

Көмір арзандай ма?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қауіпсіздік Кеңесінің жиынын өткізіп, Үкіметке коммуналдық төлемдер мен өзге қызмет түрлерінің құнын арзандатуға тапсырма берген еді. Сол жолы Елбасы коммуналдық тарифтерді қатты қымбаттатып, қараша халықты сүлікше сорған монополис­терді аяусыз сынады. Міне, енді, арада бір айға жуық уақыт өткенде Үкімет үйі жақтан бір жағымды жаңалықтың шеті жылт етті. Президенттің тапсырмасын орындамақ болған министрлер 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық тарифтерді арзандатуға кірісіпті. Былайша айтқанда, қарапайым халыққа мерекелік сый дайындапты.

Үкімет жиынында сөз сөйлеген Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов келер жыл­дың басынан электр қуаты, газ, жылу, су, ұялы байланыс, ғаламтор, ПИК қызметі және көмір­дің құны 15-20 пайызға дейін арзандайтынын мәлімдеді. Ол жылу мен су, электр қуатын жеткізу саласындағы 32 монополистің 1 қаңтардан бастап 20,3 млрд теңгеге тарифтерді төмендету туралы шешім қабылдағанын айтты. Қуанарлық-ақ жаңалық емес пе?!. Осылардың ішінен көмірге жеке тоқталып, қалалар мен ауылдардағы қатты отынның құнына қатысты шағын сараптама жасап көрелік.

Мәселені меморандум шешеді

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сүйенсек, көмірдің құны оның сапасы мен соңғы тұтынушыға дейінгі қашықтыққа байланысты орташа есеппен 15 мың теңгені құрайды. Сонда қатты отынның әр тоннасы қанша теңгеге дейін арзандайды? Инвестиция­лар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет жиынында көмір өндірушілер, тасымалдау­шылар, өнімді отын базасына қабылдап, сататындар және жергілікті атқарушы органдар арасында меморандумның жобасы әзірленгенін мәлімдеді. Мұндай меморандумдар Астана, Шымкент қалаларында, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында жасалған. Осы жұмыс­тардың нәтижесінде көмірдің құны орташа есеппен 15-20 пайызға немесе 2500-3000 теңгеге төмендейді, – деп сендірді Ж.Қасымбек.
Үкімет басшысының көзін жеткізбек болған Жеңіс Махмұтұлы Астананы мысалға алып, көмір бағасының қалай арзандайтынын түсіндіріп берді. Мысалы, көмір разрезіндегі баға – 5500 теңге, ол өзгермейді. Трейдерлер бағаны 60-70 пайызға түсіреді, үстеме баға 2985-тен 885 теңгеге дейін арзандайды. Бұған қоса, шойын жолдағы шығындар 1242 теңгені құрайды. Ал көмір қоймаларындағы сатушылардың үстемесі – 2000 теңге. Олар бағаны 25-30 пайызға, яғни, 1500-1700 теңгеге төмендетуге да­йын. Осылайша, 15 күннің ішін­де Астанадағы көмірдің құны 18 пайызға кемиді. Астанадан Талапкер ауылына дейін тасымалдау құнын қоса есептегенде 15642 теңге. Ал бағаны төмендету шараларынан соң ол көрсеткіш 13 242 теңгеге азаяды.
Меморандумдарға қол қою­дың нәтижесінде еліміздің те­мір­жол қоймаларындағы Шұ­бар­көл көмірінің құны 15-20 па­йызға төмендейді. Қаражыра мен Майкөбе де қатты отынды арзандатуға дайын отырған көрінеді. Осы жерде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев барлық әкімдерге арзандаған көмірдің бағасын ұстап тұруды, өнімнің соңғы тұтынушыға арзан бағамен жетуін қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. «Теміржол тұйықтарындағы баға төмендеу­де. Әрі қарай көмірді көлікпен тасу – әкімдердің жұмысы. Демек, осы жұмыс дұрыс атқарылмайтын болса, өнім құнының 15-20 пайызға дейін арзандауы тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлердің қалтасына кетеді. Тұтынушы бағаның ешқандай төмендегенін көрмейді» деді ол көңіліндегі күдікті жасырмай
айтып. Өйткені Астанада көмір сату маусымы қызған кезде кейбір жүк көлігінің жүргізушілері қулыққа басып, қоймадан тиелген көмірге 4 аялдама жерге 20 мың теңге сұраған мәлім. Ол бұл мәселені бірлесіп ойлануға шақырды.

Астанада арзандады

Бұл жолы да Астана өзге өңірлерге үлгі көрсетіп, көш бастады. 4 желтоқсандағы ахуал бойынша, көмірдің бағасы былайша өзгерді: «Шұбаркөлдікі» – 11400 теңге, «Қаражыра» – 13200 теңге, «Майкөбе» – 12500 теңге, «Богатырь-көмір» – 9000 теңге, «Кузнецкий» – 12250 теңге. Қалалық отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы хабарлағандай, ба­ғаның өсуіне жол бермеу үшін көмір сатушылармен әкімдік арасында меморандумға қол қойылған. «iKomek» талдау және жедел әрекет ету орталығының базасында халықтың шағымдарына жауап беретін жедел желі құрылған. Құзырлы мекеме елордадағы көмірдің қоры 12 174, 74 тоннаны құрайтынын, бүгінгі таңда нарықтағы ахуалдың тұ­рақтылығын хабарлады.

Ауылдың халқы бүрсеңдеп отыр

Премьер-министрдің алаңдауы негізсіз емес екен. Жуырда ауылға барғанымда көмірдің тапшылығынан тарыққан, қымбаттығына қынжылған адамдарды көріп, жағамды ұстадым. Астанадан алыс жатқан жерлердегі жағдай министрлер мен әкімдер айтқандай емес. Өйткені жылы үйде ұйықтайтын ұлықтар ауылдың хәл-күйін біл­мейтіні рас. Білгісі де келмейді. Тек жоғары жаққа «Бәрі та­маша» деп есеп береді. Жоғарыда көмірдің бағасын арзандату жөніндегі меморандум жасалған облыстардың тізімінде Қарағандының да барын сөз еттік. Алайда «Көмір қашан келеді?» деп күнде жолға қарап, бүрсең қаққан ауыл адамдарын көріп, көңілім пәсейді. Сонда жергілікті жердегі әкімдер Елбасының, Үкімет басшысының тапсырмасына пысқырып та қарамағаны ма?
«Қызыл от қысырамайды» дейтін марқұм әкем. Бірақ біздің бала күнімізде көмір арзан, сапалы, мол болатын-ды. Қыс түсерде әкем Қарағандының Пришахтинск қаласына үлкен жүк көлігімен барып, 2 күн жүріп, ең сапалы, қызуы керемет, ірі көмірді сатып әкелуші еді. Оны жүк көлігінен көмір қораға кіргізу деген бір кішігірім мейрамға айналады. Ал бүгін ауылдарда көмір тапшы. Арқаның сақылдаған сары аязы қаһарына мінгенде көмірі жоқ үйлер бір-бірінен шелектеп қарызға алады. Қарағанды кезінде бұрынғы Одақтағы көмір өндіруден үшінші үлкен орталық саналатын. «Өзіміз көмірдің үстінде отырмыз. Бірақ үйіміз азынап тұр. Бұл мұңымызды кім тың­дайды?» дейді шарасыз күй кешкен ауыл тұрғындары.
Ауылда көмір мүлдем жоқ емес. Ауылға жеткенше, қымбаттап кетеді. Қаладан таситындар бар. Бірақ Қарағандының көмір қоймаларынан әр тоннасы 9900 теңгеден босатылатын қатты отынның құны ауылдар­ға жеткенде 17-18 мың теңгеге, яғни, екі есе қымбаттайды. Бұ­ған қарап, арзандаған көмірді ауылдағы жұрттың көрмейтініне көз жеткізесің.
Ауылдас ағам Марсты Қара­ғанды-Алматы тас жолының бойындағы дәмханада жолық­тыр­дым. Қыстыкүні көмір тасумен күн көретінін жасырған жоқ. Ақшиде көмір жоқтығын, ауыл адамдары жолға қарап, бүрсеңдеп жүргенін жеткіздім. Оның айтуынша, көмірдің бағасын облыс әкімдігіндегі қызметкерлер белгілейтін көрінеді. «Мен «Шұбаркөлдің» көмірін Қарағандыдағы ХМК деген жерден аламын. Әр тоннасын бұрын 11 000 теңгеден босатылатын. 3-4 күнде 9900 теңгеге төмендеді. Қалада одан басқа да көмір алатын жерлер көп. Тек «Шұбаркөлдің» ірі көміріне сұраныс жоғары. Сол себептен осы жерге барамыз» деді ол «кәсібінің» бір құпиясын ашып. Өзі сияқты «сатушылар» Қарағандыдан тиеп алған көмірдің әр тоннасын 120 шақырым жердегі Ақсу-Аюлы елді мекеніне барғанда 16 мың теңгеден сатады екен. «Ауылдарға барғанша баға неге қатты шарықтап кетеді?» деген сауалыма ол: «Мұның себебі көп. Біріншіден, жанар-жағармай қымбаттап кетті. Одан әріде МАИ, кеден бекеттерінен өтеміз. Тегін емес. Ішетін ас-суымызға да біраз қаражат қажет. Әр тоннаның бағасын облыс әкімдігіндегі қызметкерлер белгілеп береді. Өзіміз қоймаймыз. Мысалы, Қарағандыдан 300 шақырым қашықтықтағы Қарқаралы, Ақтоғай аудандарына апарғанда 18000-20000 теңгеге дейін қымбаттайды» деп түсіндірді ол мәселені.
Елбасыдан қатаң ескерту алған Үкімет бұл жолы берілген тапсыр­маларын орындай алар ма екен? Ол үшін әкімдер Үкімет басшысының ескертуінен қорытынды шығаруы керек. Нақты бақылау болса, нәтиже шығады..

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button