Құқық

Мас жүргізуші – қылмыскер



Астана – бас қала. Оның үстіне тек ресми тіркелген 391 мың автокөлігі бар еліміздегі ірі мегаполис. Әрине, көлік мінген жақсы. Уақыт үнемдейсіз, шаруаңыз тез бітеді. Сондықтан бүгінде автомобиль халық арасында байлық емес, қажетті қозғалыс құралы ретінде қабылданады. Осындай бір миллионнан астам тұрғыны бар қалада өмір сүріп, жұмысыңызға баруға, балаңызды балабақшаға немесе мектепке апаруға көлігіңіз болмаса, қалай қиындық көрер едіңіз… 

Құдайға шүкір, сіздің тұрмыс­тық қажетіңізге керек машинаңыз бар екен. Енді онымен қала көшелерінде жүргенде, жол жүру ережесінің барлық талаптарын сақтайсыз ба? Асықсаңыз, жол жүру ережелерін бұзсаңыз, онда сіз басқа адамдардың өміріне де қауіп төндіресіз. Осыны мықтап қаперіңізге сақтаңыз.

Мәселен, Астана қаласында тек маусым айында ғана 72 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 27 адам мас күйінде машина жүргізгені үшін жазаланыпты. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде (345-бап) мас күйінде көлік жүргізгені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Арақ ішіп немесе есірткі қолданып, жол көлік оқиғасын жасасыңыз, сөйтіп адам денсаулығына орташа дәрежеде зақым келтірсеңіз, 40 күнге қамауға алынып, екі жылға дейін көлік жүргізу құқынан айырыласыз.

Егер сіздің кінәңізден болған жол көлік оқиғасында адам денсау­лығына ауыр зардап келсе, жүргізуші екі жыл бас босандығынан айырылады. Ал кісі өлімі болса, бес жылдан он жылға дейін түрмеге қамалып, жеті жыл көлік жүргізу құқынан айырылады.

Мас күйінде жол көлік оқиғасын жасау жүргізушінің кінәсін арттыра түседі. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 1-тармағы, 347-бабы бойынша көлік руліне алкогольді ішімдік ішіп отыру, сөйтіп адам денсаулығына орташа дәрежеде зиян келтіру – бір жылға дейін бас бостандығынан айырып, көлік құралдарын он жыл бойы басқаруға тыйым салады. Ал жол көлік оқиғасы орнын өз бетінше тастап, қашып кетсе, жүргізуші екі жылға түрмеге жабылып, үш жыл көлік жүргізе алмайды. Ал егер жүргізушілік куәлігінен айырылған жүргізуші мас болып, көлік жүргізсе, (ҚР ҚК 346-бабы) бес жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы көлік жүргізуге тыйым салынады.

Астана қаласында жыл басынан бері арақ ішіп көлік жүргізген 28 жүргізуші істі болды. Бір өкініштісі, олардың арасында әйел адамдар да бар.

Бір ғана мысал келтірсек, өткен мамыр айында елордадағы Сарайшық көшесінің бойындағы көпірде Н. атты азамат араққа тойып алып «BMW X1» маркалы машинасымен жылдамдықты шамадан тыс асырып, басқара алмай жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарында қарсы бағытта келе жатқан «Toyota Camry 70» маркалы көлігіне соқтығысқан. Әрі тағы бір «Ravon Nexia» маркалы автокөлігін де соққан. Алған жарақаттан екі көліктің де жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Есіл ауданының №2 аудандық сотының үкімімен жүргізуші ҚР ҚК 345-бабы 4-тармағы және 347-бабы бойынша сегіз жылға сотталып, жеті жылға көлік жүргізу құқынан айырылды.

Мас жүргізуші – қылмыскер екенін ұмытпайық.

Елдар НҰРМАХАНОВ,

 Астана қаласы

прокуратурасы

 2-ші басқармасының бастығы, заң кеңесшісі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button