Қоғам

Электронды оқулық – уақыт талабы

Бұрын мұғалімдер қауымы электронды оқулықтарды күнделікті жұмысында пайдалану туралы ойланбаған болса, бүгінде олардың көпшілігі жаңа құралдарға сүйенетіні рас.

Қазіргі уақытта электронды оқулықтар технологиясы туралы көптеген дау-дамай, алуан түрлі түсінік бар. Көпшілік бұл электронды ресурсты енгізуді қолдаса, кейбіреулері қарсы.

Сонымен, электронды оқулық дегеніміз не және оның заманауи білім беру мекемесіндегі рөлі қандай? Осыған толығырақ тоқталайық.

Электронды оқулық – оқу курсындағы білім алушыны өз бетінше оқу мүмкіндігімен қамтамасыз ететін бағдарламалық-әдістемелік кешен. Оқулық теорияны, анықтамалықтарды, зертханалық практикумды, диаг­ностикалық жүйені және басқа ұқсас компоненттерді қамтитын біріктірілген құрал болып табылады. Оқулықтарда білім алушы белгілі бір процестерді бейнелейтін бейнеклиптерді, мәтінді, статистикалық сызбалар мен диаграммаларды дәстүрлі түрде көрсету ұсынылады.

Білім беру барысында қазақстандық оқытушылар мен оқушылар TopIQ.kz платформасындағы электронды оқулықтарды пайдалана алады. Аталмыш бағдарлама Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен білім беру стандартына, оқу бағдарламасына, білім мазмұнына сай келеді. Электронды оқулық платформасы барлық пәндер бойынша 1-11 сыныптарға арналған «Оқу материалдарының кітапханасына» біріктірілген. Платформада аудио, бейне көрініс, диаграммалар, қосымша ақпарат, тапсырмалар жиыны орнатылған.

Ең маңыздысы, стартап жоба мектепке ауыр сөмке тасымай, ақпаратты онлайн алуға көмектеседі.

Электронды басылымдарда әртүрлі ақпараттық технологияларды пайдалану дәстүрлі оқулыққа қарағанда айтарлықтай дидактикалық артықшылықтарымен ерекшеленеді. Біріншіден, мультимедиялық технология ақпараттың жарқын және көрнекі көрсетілімі бар оқу ортасын жасайды, бұл әсіресе мектеп оқушылары үшін тартымды. Екіншіден, материалды оқудың жеке схемасын таңдауға болады. Үшіншіден, материалды зерттеу траекториясын қадағалауға және бағыттауға мүмкіндік береді, осылайша кері байланысты қамтамасыз етеді. Төртіншіден, мәтінде шектеусіз басқа материалға сілтемелер бар, оқулықта сабаққа қажетті бейнематериалдардың болуы мұғалімнің сабаққа ­д­­­айындалуын жеңілдетеді.

Мен үшін бұл платформа өте ыңғайлы және уақытымды үнемдейтін электронды оқулық. Сондай-ақ электронды оқулықта білім алушы материалды оқып болғаннан кейін бірден тексеруге мүмкіндік беретін бақылау сынақтары бар. Тестілеуден өткеннен кейін білім алушылар өздерінің барлық қателері мен кемшіліктерін бірден көре алады. Мұғалім бұл қателерді де көреді, бұл білім алушылардың қай жерде олқылық бар екенін және неге назар аудару керектігін түсінуге мүмкіндік береді.

Электронды оқулықтар бағытындағы тағы бір артықшылық – қағазға қарағанда салмағы аз. Бұл маңызды көрсеткіш, өйткені біз бәріміз жас ұрпақтың денсаулығын сақтауға тырысамыз. Кәдімгі оқулықтан электронды нұсқаға көшу процесінің күрделілігі әрбір мұғалімнің бұл жаңалықты тез реттеп, қабылдай алмайтындығына байланысты. Сонымен қатар, егер қазіргі мектеп оқушыларының «қысқаша ойлауын» ескеретін болсақ, онда электронды оқулықтың сөзсіз артықшылықтарының арқасында оқу процесі мектеп оқушылары үшін ең қызықты және есте қаларлық болады. Меніңше, электронды оқулық бала жанының бағбаны – ұстаз үшін де, ауыр сөмке арқалаған оқушы үшін де таптырмас құрылғы екені даусыз.

Жанар ДӘУЛЕТҚАЛИЕВА,

химия пәнінің мұғалімі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button