Мәдениет

Жайдарманшылар жүлдені бөлісті

Жуырда Астана қаласының 25 жылдық мерейтойына арналған «Elorda kubogy – 2023» республикалық жайдарманшылар сайысы өтті. Қазақстан көңілділер мен тапқырлар клубы (КТК) одағы ұйымдастырған мерекелік кеш Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен биыл 14-ші рет жалауын желбіретті.

«Астана» концерт залы мерекені тойлауға келген қала қонақтары мен тұрғындарға лық толды. Жарысқа қазақстандық 11 танымал команда («Созақбай», «Медиум», «Тұран», «Жуалы», «Шатыр», «Шапалақ», «Ақпен бірге» және басқалары) және көршілес Қырғызстаннан келген «Келечек» көңілділер мен тапқыр­лар командасы қатысты.

Қазылар алқасы құрамында алғаш рет Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, тележурналист, блогер Динара Сәтжан, актер, 2011 жылғы «Жайдарман чемпионы» атағын иеленген Ғалым Махамбетов тартысты бәсекеге төрелік етті. Республикалық дәрежедегі ойынды Қазақстан КТК одағының президенті Есен Елеукен жүргізді. Жайдарманшылардың қағытпа қалжыңдары мен өткір әзілдері саяси жаңалықтарға, қоғамдағы өзекті мәселелерді нысанаға алыпты. Ал ойын залдағы көрермендердің де, телекөрермендердің де көңілінен шыққаны анық.  Бұған әлеуметтік желідегі мыңдаған пікірлер мен жазбалар дәлел.

Ақтық сында қазылар алқасының шешімімен сайыстың бас жүлдесін талдықорғандық «Шапалақ» командасы жеңіп алды. Жеңімпаздарға кубокпен бірге 2 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді. Биыл сыйақы көлемі екі есе артты. Бұл қатысушыларға үлкен мотивация болды деп ойлаймыз. Күміс жүлде және 500 000 теңге ақшалай сыйлықты тараздық «Медиум» командасы иеленсе, Жоғары лиганың былтырғы финалистері астаналық «Ақпен бірге» қыздары  ІІІ орын мен 300 000 теңгені қанжығасына байлады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button