Тәуелсіздікке 30 жыл

Медицина қарқынды дамыды



Қазақстан тәуелсіз ел, дербес мемлекет болғалы дамудың сындарлы жолдарынан өтті. Өткен 30 жыл ішінде әлемдегі елдермен тереземіз теңесіп, халықаралық аренада мәртебеміз айшықталды.

[smartslider3 slider=1488]

Менің айтпағым, елімізде медицина саласы ерекше қарқынмен дамыды. Елбасының тікелей бастамасымен 2000 жылдардың басында елордада «Болашақ госпиталі» жоспары іске асырыла бастады. Соның арқасында сол жағалаудан үлкен медициналық кластер пайда болды. Оның қатарында қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған «Ана мен бала» орталығы, нейрохирургия, кардиохирургия, диагностикалық, жедел жәрдем орталықтары бар. Оның ішінде 2008 жылы ашылған 160 төсек орындық, 6 бөлімі бар нейрохирургия орталығын ел медицинасындағы зор жетістік деп бағалаймын. Себебі оған қажетінше қаржы бөлініп, ең соңғы заманауи технологиялармен жабдықталды, бұрын-соңды Қазақстанда болмаған медицинаның жаңа салалары осы жерде ашылды. Сол кезде ең басты мәселе осы орталыққа жас мамандарды оқытып, даярлау міндеті тұрды. Сөйтіп 40-тан астам маманды 3 айдан 6 айға дейін шетелде оқыттық.

Медицинадағы ең күрделі саланың бірі – нейрохирургия. Себебі ол адамның орталық жүйке жүйесінің, жұлынның және перифериялық жүйке жүйесінің, қан тамырлары патологияларын айқындаумен және емдеумен айналысады. Оған қоса, нейрохирургия үлкен қаражатты, жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды қажет етеді. Сондықтан нейрохирургияның дамуы мемлекет дамуының бір көрінісі десе де болады. Орталық ашылғалы қаншама жанның өміріне араша болып, аман алып қалдық. Жылына орта есеппен кем дегенде 700-800 ота жасалады. Бүгінге дейін орталықтан 54 мың науқас ем қабылдап, 39 мыңға жуық ота жасалған екен. Міне, осының бәрін мен тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткен жетістік деп толық сеніммен айта аламын.

Серік АҚШОЛАҚОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері,

нейрохирург, профессор




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button