Жаңалықтар

Мектеп медицинасы ерекше назарда



Мектептегі медицинаны білім беру саласынан денсаулық сақтау жүйесіне беру туралы бастаманы Астана қаласы бірінші болып қолдады. Елорда әкімі Әділбек Жақсыбековтің тапсырмасымен күллі мектептегі медициналық кабинеттерді Денсаулық сақтау басқармасына беру туралы Жол картасына қол қойылды.

Мектеп медицинасы – үлкен сала. Соңғы жыл­дары оқушылардың арасында әртүрлі аурулар көбейіп кеткен. Мысалы, профилактикалық тек­се­рулердің нәтижесі бойын­ша соңғы үш жылда жет­кіншектердің арасында тыныс алу органдарының аурулары бірінші орынға шыққан. Екінші орында ас қорыту жүйелерінің сырқаты болса, үшінші орында – көз аурулары. Сондықтан мектептегі медицинаны кәсіби ма­мандардың қолына тапсырып, ерекше көңіл аудару қажет.

Астана қалалық Ден­саулық сақтау басқар­ма­сының басшысы Ерік Бай­жүнісовтің айтуынша, бұл мектептегі медицинаның сапасын арттырып қана қоймай, онда жұмыс іс­тейтін медбикелердің жүк­темесін де азайтпақ. Айталық, негізгі норматив бойынша мектепте жұмыс істейтін бір медбикенің қарауында 600 бала болуға тиіс. Қазіргі жағдай бо­йынша бір медицина қыз­мет­кері 3 мыңнан астам оқушыны қарауға мәжбүр. Ал Білім басқармасының басшысы Эльмира Сухан­бердиеваның айтуын­ша, мектеп медицинасы Ден­саулық сақтау басқар­ма­сының қарауына өтсе де басқарма бұл мәселеге жауапты болып қала бермек. «Соңғы жылдары мек­теп­тегі медициналық кабинеттерге тиісті лицензиялардан бөлек, қа­жетті құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер алынды. Бұл өзгерістер ең алдымен еліміздің бола­шағы – бала­лардың денсау­лығын жақсар­туға бағыт­талған» дейді ол.

Мектеп медицинасын Денсаулық сақтау бас­қар­масының қарауына беру кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Осыған сәйкес, мұнда жұмыс іс­тей­тін медицина қызмет­ке­рі­нің қызметтік міндеттері мен рөлі қайта қаралып, штаттық нормативтерін есептеу жүргізіледі.

Қымбат Тоқтамұрат

Материалды «Астана ақшамы» газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button