Басты ақпаратБілім

Мектеп тағамы талапқа сай ма?



Жақында ғана депутат Зағипа Балиева соңғы бес жылда мектеп оқушыларының түрлі ауруға шалдығу оқиғалары 22 пайызға артқанын айтты. Әрбір үшінші бала сколиозбен ауырса, оқушылардың 50 пайызында ішек жолдарымен байланысты проблемалар бар. Бұл дегеніңіз – оқушы иығындағы ауыр сөмке мен мектеп асханасындағы ахуалдың жайы ушығып тұр деген сөз. Әсіресе, балалардың денсаулығына қатысты стандарттар мен ережелерді қайта қарау керек. Күні кеше «Әділет» тұтынушылар құқын қорғау қоғамдық бірлестігінің мамандары қала мектептерінің асханаларына тексеру жүргізіп, бірқатар асханалардағы ахуалдарды жайып салды.

Соңғы уақытта дұрыс тамақтанбаудың салдарынан асқазан, ішек ауруы, қан аздық, әлжуаздыққа шалдыққан балалар көбейді. Депутат Зағипа Балиева айтқандай, мектептердегі бүгінгі ахуал білім ошағын сау болып аттаған баланы ауру қылып шығарады. 11-сыныпқа қарай оқушылардың 72 пайызында көру қабілеті нашарлайды екен. 34 пайызы сколиоз, 50 пайыздан астамының ішкі ішек аурулары бар. «Осындай проблемаларды көре тұра, санитарлық ережелер мен нормаларды қайта қарастыруға асықпай отырғанымызға не жорық?» деген еді депутат. Расында да, балаларымыз мектеп қабырғасында уақытылы тамақтанып, сапалы білім алып жүр ме? Мектеп асханалары осы үдеден толық шыға алмай отырса, ата-аналар кімге сенуі керек? Десе дегендей, «Әділет» ұйымы астаналық 47 мектептің асханасына тексеру жұмыстарын жүргізіп, олардың арасынан 27 мектеп асханасының талапқа сай жұмыс жасамай отырғанын анықтапты.
Мұндай заң бұзушылықтардың қатарында асханалардың тамақ беруге, жұмыс жасауға қажетті басты қорытынды құжат актілерінің болмауы мен арнайы толтырылған мәзірдің жасалмауы, балалардың денсаулығына қажетті диеталық тағамдардың жоқтығы, дәмсіз, салқын тағамдар, ыдыстардың кір, таза еместігі, асхана қызметкерлерінің арнайы жұмыс киімдерінің болмауы сынды толып жатқан қателіктер анықталған.

Бір оқушыға – 319 теңге

Қазіргі таңда мемлекет қазынасынан бастауыш сыныптардың әрбір оқушысына шамамен 319 теңге бөлінеді. Қазақ тағамтану академиясы құптаған бұл сомаға бала толық, құнарлы тамақ іше ала ма? «Әділет» ұйымы бұл қаржының да өсіп, мектептерді тамақтың құнарлылығының артқанын құнттап отыр. «Бұл жылы Астана қаласы бойынша же­ңілдіктермен қамтамасыз етілген балаларға және бастауыш сыныптың балаларына бөлінген қаржы 3,5 миллиард теңгені құрады. Бұл аз қаржы емес. Осы ретте айта кететін жайт, кәсіпкерлік қызмет түрлерінде мектеп асханалары табыстың бір көзі деуге негіз бар. Онда неге біз балаларды жақсы, құнарлы аспен қамтамасыз ете алмай отырмыз?» дейді «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйым төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова.

СЭС-тен ешкім сескенбей ме?

Тамақтану режимінің маңызды элементінің бірі – тамақтың таза, құрғақ, салқын жерде сақталып, таза ыдыспен берілуі. Жо­ғарыдағы тексерістер­дің
нәтижесіне қарасақ, СЭС-тің осы мектептерге тексеру жүргізіп отыр­ғандығына күмәнмен қарай бастайсың. Әйтпесе, балалар тамақтанатын орынның санитарлық талаптарға да сай болмауы, оқушылар жеп жатқан тағамдарға химиялық зерттеудің жасалмауы мүмкін бе? Алайда бұған да СЭС ма­мандарының айтар уәждері бар. Егер олар тексеруді жиілетсе, жеке кәсіпкер прокуратураға шағым түсіреді. Ал мектеп директорлары ас мәзірін қадағалай алмайтынын, біреудің жеке кәсібіне араласа алмайтынын ай­тады. Тамақ өнімдеріне химиялық-технологиялық бақылау болмағаннан кейін мемлекеттік сатып алулар­ға қатысқан компаниялар азық-түлікті барынша үнемдей бастайды. Міне, осыдан шыққан арзан, сапасыз тамақтар бала денсаулығына айтарлықтай әсерін тигізуде.

Тендерге телмірген бала аш қалады

Соңғы жылдары тамақтану жүйесіне өзгерістер енгізіліп, конкурсқа қатысушылардың тамақтандыру саласындағы тәжірибесі, сапа сертификаты, аспаздардың біліктілігі, сондай-ақ, санитарлық-
эпи­демиологиялық рұқсаты бар өнімдердің тізімі талап етілетін болған еді. Бұған қоса, қызмет көрсететін мекемені, ас мәзірін мұғалімдер мен ата-аналар бірлесіп таңдайтын да болған. Білім және ғылым министрлігі «еліміздегі орта білім ошақ­тарындағы оқушыларды тамақтандыру сапасын арттырамыз» деп үйіп-төгіп уәде бергенімен, бұл сөздері де ертегі сынды есте қалып қойды. «Менің балам №74 мектепте оқиды. Сізге өтірік, маған шын, балам әлі күнге дейін мектептің тамағын ішкен емес. «Балам бүгін не жедің?» деп сұраудан мен жалықпаймын, «Ештеңе жемедім. Дәмсіз тағамды қалай жеймін?» деп ренжіп келеді. Амал жоқ, онсыз да ауыр сөмкесіне үйдің тамағын салып беріп келемін» дейді Асылзат Жайлыбайқызы есімді ата-
ана өкпесін білдіріп.
Иә, мектептегі мәзірге кө­ңілі толмайтын ата-ана көп болғанымен, олардың денінің шағым айтуға дәті бара бермейді.

Салауатты тамақтану деген не?

Бұл салауатты тамақтанудың негізі – дәрумендер, ақуыз, май, көмірсулар. Ас құрамында негізгі қоректік заттар міндетті түрде болуы қажет. Йод тапшылығы туындамауы үшін ет, балық, сүт өнімдері, жеміс-жидектер, нан секілді тағамдар күн сайынғы ас мәзіріне қосылып отырса, қаймақ, жұмыртқа, сүзбені екі күнде бір беруге болады. Әсіресе, оқушы кітап оқығанда көзі көргіш, есте сақтау қабілеті мықты, зерек болу үшін бала ет, балық, жеміс пен көкөністі көп жеуі керек. Біздегі білім беру мекемелеріндегі бала денсаулығына қатысты талаптардың қатаң сақталмауын ескерсек, мұндай тізімді түсімізде ғана көріп жүрмейміз бе? Оның үстіне соңғы уақыттағы түрлі реформалардың оқушының жүйкесіне салмақ салғанының өзі сау ұрпақ туралы сөз қозғаудың ауылы алыс екенін аңғартады. Оған дұрыс тамақтанбауды қоссақ, басқасын бағамдай беріңіз.
Оқушылардың дұрыс денсаулығы оқу процесінде жүзеге асырылатындықтан, тиісті мекеме өкілдері білім саласындағы саны көп реформаларға емес, сапалы­лықты талап ететін бала ден­саулығына назар аудару қажет. Ұрпақ саулығына төнген қауіп сонда ғана сейіледі.

Гүлжан РАХМАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button