Басты ақпаратБілім

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» – БАЛАЛАРДЫҢ МЕРЕЙІ



Кеше еліміздің барлық өңірінде жыл сайынғы жалпы республикалық «Мектепке жол» ак­циясы басталды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Шара осымен бесінші жыл өткізілуде.

Күнкөрісі төмен және көп балалы отбасылардан шыққан балаларды жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсету мақсатындағы шара биыл «Қайырымдылық жасауға асығыңдар» ұранын ту етпек.

Акция барысында білім беру органдары мен ұйымдары тамыз және қыркүйек айлары аралығында қауіпті топтағы балаларды анықтау бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізеді. Рейдтердің қорытындысы негізінде қауіпті топтағы балалардың, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасы­лар мен балалардың мекенжайлар бойынша арнайы тізім жасалады. Осы балалар туралы мәліметтер білім беру органдарына, демеушілер мен меценаттарға тапсырылады. Сондай- ақ, балалардың құқықтарын қорғау департаменттерінің сайттарынан көмекке мұқтаж балалар туралы ақпарат алуға болады. Төрт жылда акция шеңберінде 802 мыңнан астам балаға жалпы көлемі 4,3 миллиард теңгенің материалдық көмегі берілді. Сонымен қатар, демеушілер мен ме­ценаттар тарапынан да 1,7 миллиард теңгеге қолдау көрсетілді.

Акция кезеңінде Балалардың құқықтарын қорғау комитетінде 74-25-28 шұғыл желісі қызмет атқаратын болады. Қажетті ақпаратты комитеттің www.bala-kkk. kz сайтынан алуға мүмкіндік бар. Акция қорытындысы облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың отырыстарында қаралады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button