Басты ақпаратСұхбат

МЕКТЕПТЕГІ ОРТАҚ КИІМ ФОРМАСЫ – ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ ТАЛАБЫ



Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қатысты бұйрығы қоғамда біраз пікір тудырған еді. Онда мектеп формасына қандай да бір дінге қатысты айқындайтын киім элементтерін қосуға жол берілмейтіні айтылған. Жалпы, мектептегі хиджаб мәселесіне байланысты Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкинмен әңгімелескен едік.

??????????????????????????????????????????????????????????

ӨЗ ЖОЛЫН МЕКТЕПТЕН СОҢ ТАҢДАЙДЫ

– Ғалым Нұрмағамбетұлы, оқушылардың хиджаб киюден, тыйымдар мен шарттылықтан аулақ жүргені қаншалықты маңызды?
– Елімізде хиджаб кию мәселесі қоғамнан парасатты көзқарасты талап етеді. Қазір Қазақстанда азаматтарымыздың білім алу үрдісіне мейлінше көп көңіл бөлінген. Себебі білім беру жүйесі арқылы тұтас қоғамның келешегі қаланады. Бүгінгі мектеп оқушысы – еліміздің ертеңгі болашағы. Сондықтан оқушының бойына қазір қандай құндылық ұялататын болсақ, ертеңгі еліміз сондай болмақ. Осыған орай, балаларымыз білім мен мектеп тәрбиесін алу кезінде кез келген діни шектелуден, тыйымдар мен шарттылықтан аулақ жүрсе дейміз. Балаларымыздың жан-жақты білім алып, әртүрлі мәдениеттер мен дүниетаным өкілдерімен араласу мүмкіндігіне барынша ашық болуы шарт. Тек содан кейін ғана, мектептегі оқуын бітірген соң, жастарға өз бетімен дін жолын немесе дамудың зайырлы бағытын таңдауға болады. Нақ осындай даму жолы Қазақстанда көркейген және білімді қоғам, құқықтық және демократиялық мемлекет құруға көп көмек тигізері сөзсіз. Жалпы, мемлекетіміздің зайырлы құрылымы азаматтарымыздың діни немесе басқа да әлеуметтік-мәдени өзгешеліктеріне қарамай, мүдделері мен құқықтарын қор­ғайтынын түсіну ерекше маңызды. Сондықтан еліміздің діндар азаматтарын аталған мәсе­леге сабырлықпен қарап, заң нормаларын қадағалауға үндейміз.
– Қазір әрбір азамат қалаған дінін ұстануға құқылы. Оған елімізде барлық жағдай жасал­ған. Осы орайда, діндар азаматтар Конституция мен заңдарды орындауға міндетті емес пе?
– Әрине. Елімізде 3,5 мыңнан астам діни бірлестіктер еркін және ашық жұмыс істейді. Олар 18 конфессияға бірігіп, тең құқыққа ие. Бір мезгілде, кез-келген азамат құқық пен діни сенімінен бөлек, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарын орындауға міндетті.
– Ал бірыңғай мектеп фор­масына қатысты Діни басқар­маның ұстанымы қалай?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірыңғай мектеп киімінің үлгісіне қатысты мемлекет саясатын қолдайтын ұстанымын бірнеше рет жария­лағанын айтуымыз керек. Олар өз ұстанымында ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектеп киімі­не қатысты талаптары Конс­титуция мен ел заңдарының ая­сын­да қабылданғанын, сон­дық­тан қатаң сақталуға тиіс деп көрсеткен.
Сонымен қатар, Діни басқарма қыздар мен әйелдерге қара көйлек жамылмай, қазақ халқының салт-дәстүріне сай салмақты киінуді ұсынады. Ислам діні мектеп табалдырығын жаңа аттаған қыз балаларға орамал тағуды мін­деттемейтінін ескертеді. Ата-анаға болашақта баласына қажет болатын толыққанды зайырлы білім алуына ерекше назар аударуға кеңес береді. Және оқу­шылардың діндар ата-аналарын білім беру мектептерінің талаптарын орындауға, өз елінің заңдарына құрметпен қарауға, ел басшылығының шешімдерін құрметтеуге шақырады.
– Бұл заң нормалары барлық конфессия өкілдеріне ортақ қой?
– Аталған заң нормалары бар­лық конфессия өкілдеріне ортақ. Бұл талаптар оқушылардың дін еркіндігіне құқықтарын шектемейді және діни сезімдеріне нұқсан келтірмейді. Діндар адамдар өзгелер секілді еліміздің азаматтары саналады, сондықтан ел заңдарының талаптары оларға да міндетті. Оқытудың зайырлы сипаты оқушыларды ұлттық, діни, әлеуметтік немесе тағы басқа белгілеріне қарай жіктелуден сақтайды.
Конституцияға сәйкес ар-ұждан бостандығын пайдалану құқығы жалпыадамзаттық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге шарт қоюға немесе оларды шектеуге тиісті емес. Елдің заңдарына сәйкес ешкімнің жеке діни нанымдары мен сенімдеріне қарай Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарында белгіленген міндеттерді орындау­дан бар тартуға құқығы жоқ.
Жалпы, басқа да қоғамдық құрылымдар тәрізді діни бірлес­тіктер де еліміздің заңдарын сақ­тауы және құрметтеуі тиіс. Діндар азаматтардың басқа да азаматтар тәрізді құқық пен жауап­кершіліктері теңдей. Өйткені құқық бар жерде міндетті түрде жауапкершілік бар екенін және бұл екі ұғым бір-бірінен бөлінбейтінін есте сақтаған жөн.

СЕНІМ МӘСЕЛЕСІНДЕ АҚЫЛҒА СҮЙЕНГЕН ДҰРЫС

– Бірақ мектеп формасына бола кейбір діндар ата-аналар балаларын мектепке жібермей қойғанын білеміз…
– Неке және отбасы кодексінде айтылғандай, ата-ана баласының міндетті орта білім алуын қам­тамасыз етуі керек. Сонымен бірге, олар білім беру мекемесінің жарғысында айтылған талаптарды орындауға, балаларының оқу орындарында сабаққа қатысуын қамтамасыз етуге міндетті.
Біздің мемлекет азаматтардың білім алуына ерекше мән бе­реді. Жастардың төмен діни сауат­тылығы оларға зайырлылық пен діни қағидаттардың қатар өмір сүруі жағдайында дұрыс әрекет жасауға кедергі жасайды. Ал дес­труктивті діни ағымдар болса қоғамдағы осы факторды жасанды жолмен ушықтыруды пай­даланып, азаматтарды мемлекетке қарсы қойғысы келеді… Осы тұрғыдан алғанда, мектептегі жал­пыға ортақ бірыңғай киім мәселесі айналасындағы дау-дамай да дәл сол теріс дін ағымдардың әрекеті.
Педагогика мен психология тұрғысынан алып қарар болсақ, зайырлылық өскелең ұрпаққа заманауи гуманитарлық білім беру талаптарына толықтай сәйкес.

 ҚЫЗ БАЛАНЫҢ КИІМІНДЕ «ХИДЖАБ» ДЕГЕН ҚАҒИДА ЖОҚ

– Жекелеген азаматтар мектепте хиджабқа салынған тыйымды дін бостандығын шектеу деп қабылдайды. Бұл мәселе әлемдік тәжірибеде қа­лай шешімін тапқан?
– Әлемдік тәжірибе мем­лекеттің зайырлы және демо­кратиялы құрылымын сақ­тау­дың тиімді әдістерінің бірі ретінде мемлекеттік білім беру мекемелерінде діни атрибутикаға заң жүзінде тыйым салатынын көрсетеді. Хиджабты діннің ішкі емес, сыртқы белгісі ретінде қабылдау керек. Сондықтан білім беру мекемелерінде діни орамал тағуға тыйым салуды дін бостандығын шектеу деп ұғынбаған жөн.
Ислам діні ешкімді шек­тен шыққан әрекет жасау­ға мәж­бүрлемейді. Ол жалпы-адам­зат­тық құндылық­тарды бас­шылыққа алатын асқар мұратқа сенуде соқыр сенімге үйретпейді, керісінше, сенім мәселесінде ақылға сүйенуді талап етеді. Исламда адам дінге және оның сыртқы айшықтарына қатынасын саналы түрде анықтауға құқылы.
– Дұрыс, мектеп оқушыла­ры­ның бірыңғай форма кигені – құптарлық іс. Дегенмен қар­сылық танытып жатқан кімдер?
– Мектепте діни киім киюге тыйым салуға, ең алдымен, Қазақстанды зайырлы даму жолынан алыстатуға мүдделі адамдар қарсы. Алайда Қазақстан халқының басым бөлігі, соның ішінде діндар азаматтардың көпшілігі мемлекет ұстанымын қолдайды және заң талаптарын орындаудан бас тартпайды. Осы жерде ашып айта кететін болсам, Қазақстанды зайырлы даму жолынан алшақтатып алып кету бірінші кезекте ислам дініндегі дәстүрлі емес ағым өкілдеріне керек. Бұлар өз әрекеттерінде әртүрлі амал қолданғанымен, мемлекеттің зайырлы негіздерін олардың барлығы қолдамайтынын нақты айтуға болады. Ал кейбіреулері болса өз идеологиясын пайдаланып, адам санасын улау арқылы жастарды Сирия мен Ирак жерлерінде террор жасауға көндіреді. Бұлар қашанда өз пайдаларына сәйкес экономикалық және саяси мақсаттар көздейді, ол оны дін атын жамылып, пайдаға асырады. Сондықтан бүгін мемлекет пен дәстүрлі діндер бірігіп, шынайы рухани құндылықтарды жалған діни және радикалды идея­лармен алмастыруды көздеген күштерге қарсы күрес жүргізуде.
– Бұл ретте ата-аналарға қандай талаптар қою керек?
– Әрбір ата-ана өз бала­сы­ның болашағы үшін жауапты. Үлкендер кейде дін қағида­лары­ның талабымен өмірін өзгертіп, өз балаларының да бойында сәйкесінше діни сананы қалыптастырғысы келеді. Осылайша, ата-ана баласының өміріне өзіндік түзетулер енгізеді. Мектепке хиджаб киіп бару – осының нәтижесі. Ата-ана көп жағдайда мұндай шешімді өздігінен қабылдайды да, балаға жеке шешім шығаруға мүмкіндік бермейді, оның сана-сезімі мен қоршаған ортасы есепке алынбайды. Ал ұстаздар мен психологтардың бұған араласу әрекеті ата-ана тарапынан қарсылыққа тап болады. Ақыр соңында бар соққы баланың басына келіп тиеді. Ата-анаға баласының болашағы үшін ең маңыздысы – білім алу екенін естен шығармаған дұрыс. Сондықтан діни сенім жас тұлғаның білім алуына кедергі жасамауы және баланы қоғамнан алшақтамауы тиіс.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button