Әлеумет

Мемлекеттік қызметті халықтың сенімі мен сауаттылығы үшін дамытамыз



23 маусым тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері кәсіби мерекелерін атап өтеді. Мемлекеттік қызметшілердің әрқайсысының адал және тиімді жұмысы, қорытындылай келгенде, біздің мемлекетіміздің қалыптасуына және дамуына әсер етеді. Мемлекеттік қызметші өз еліндегі тікелей міндеттерін орындаудан басқа, отбасында, қоршаған ортаға, адамдармен ортақ тіл табысуға және жан-жақтыға үлгі болуға тиіс. Бұл – біздің Елбасымыздың талаптары. Бүгін біз Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мемлекеттік  қызметтегі жас мамандарды, олардың атқарып  жатқан қызметтері мен жетістіктері  туралы бөлісуге  шақырдық.

Есіркеп Сәкен Зиябекұлы, Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары:

– Мен мемлекеттік қызметте 8 жылға жуық еңбек етіп келемін. Алғаш 2012 жылы Астана қаласы Дін істері департаментінде бір жыл жетекші маман, кейін қалалық Ішкі саясат басқармасында үш жыл бас маман, үш жыл бөлім басшысы ретінде қызмет еттім.

2018 жылы тамыз айында қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары болып қазіргі қызметіме кірістім. «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасында баяндалған «меритократия қағидатын нығайту» үдерісін жеке басымнан өткеріп келемін.

Мемлекеттік қызмет – ең әуелі үлкен жауапкершілік, біліктілік пен үнемі шыңдалуды талап етеді. Адам жеке тұлға ретінде өзін-өзі тұрақты жетілдіріп, алға ұмтылып отыруы қажет. Бұл ретте, қай салада еңбек етсек те, кейін соңымызда өзіміз ұялмайтындай, үлгі боларлық іс қалдырғанымыз жөн. Қазақта жиі айтылатын «наныңды адал тауып жеу» қағидасы осыған саяды.

Мен мемлекеттік қызметке келмей тұрып, мемлекеттік органдардың қызметін жиі сынайтынмын. Конструктивті сын бар жерде ілгерілеу, даму бар екенін жоққа шығармаймын. Бірақ өзім мемлекеттік қызметке келіп, өзім сынап жүрген салаларда теориялық емес, практикалық мәселемен айналысу біраз мәселеге жаңаша қырдан қарау мүмкіндігін сыйлады. Пайдалы ойды, саналы сынды лайықты іспен ұштай білу – іскерліктің бір сипаты.

Мемлекеттік қызметте жүріп өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімді және еңбекқор азаматтармен көп таныстым. «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деп ұлыларымыз айтқандай, ел мүддесінің үдесінен шығуды алдымызға миссия ретінде қоя алсақ, әркім өзі қызмет етіп жүрген салада үздік, білікті маман болса, елдің де келешегі кемел болмақ.

Сөз соңында, барша әріптестерімді кәсіби мерекелері – Мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтаймын!

Тастемір Ақұлан Өсерұлы, «Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасы» ММ Жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы:

– Мен жастар саясаты саласындағы мемлекеттік қызметкер ретінде өзіме артылатын жүк пен жауапкершіліктің жоғары екенін білемін. Осыған орай бойымдағы бар білімім мен тәжірибемді  пайдалана отырып, өз міндетімді адал, абыроймен атқаруға тырысамын. Себебі Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2019 «Жастар жылы» екендігін мәлімдеді, соның аясында Ел болашағы – жастарды қолдау және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасауымыз қажет.

Еліміздің барлық мемлекеттік  қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің  әлеуетінің  артып, қарыштап дамуы үшін аянбай қызмет атқарып, биік белестерді бағындырып, жетістіктерге  жетулеріңізге тілектеспін.

Серғазина Инара Маратқызы, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы:

– Аппаратта жұмыс жасауды университет бітірген соң бастадым. Алғашқы үш жыл бойы әлеуметтік сала және ішкі саясат бөлімінде келісімшарт негізінде жұмыс жасадым. Бұл жұмыс маған тәжірибе жинауға, жауапкершілікті арттыру, шешім қабылдауды үйрену, ұқыптылық, мұқияттылық секілді қасиеттерді дамытуды үйретті. Менің ойымша, жиналған барлық тәжірибе тест тапсырып, зор сеніммен конкурс бойынша әңгімелесуден өтіп, бас маман ретінде қабылдануға көмек берді.

Ішкі саясат және ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы болып жұмыс жасай келе, аталған мемлекеттік ұйымның қызметкерлері арасында персоналды басқару қызметінің басшысы бос лауазымына жарияланған ішкі конкурсқа қатысу шешімін қабылдадым. Сол уақыттан бері аталған лауазымда қызмет жасаудамын. Басындағы қиындыққа қарамастан, қазір сол уақытта басшы қызметінде болу шешіміме бірде-бір рет өкінген емеспін.

Мемлекеттік қызмет баға жетпес тәжірибеден бөлек, өзімнің көптеген жеке қасиеттерімді дамытуға, ал ең бастысы, мені күнделікті жақсылыққа ұмтылдыратын әріптестер арасында достар мен тәлімгерлер табуға көмектесті.

Әйгерім Аңсағанова, ҚР Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің  бас маманы:   

– Мамандық таңдау – әрбір адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі екені сөзсіз. Өйткені бұл таңдау өмір бойы қандай іспен айналысатыныңызды айқындап, болашағыңыз­ға бағдар береді. Әрине, мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек.

Менің бала күнімдегі арманым – мемлекеттік қызметші болу. Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Кез келген қоғам мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қыз­метшілерсіз әрекет етуі мүмкін емес. Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады.

Бүгінгі таңда аталған мемлекеттік органның Сыбайлас жемқорлықты алдын алу басқармасында қызмет етудемін. Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғандығы шындық. Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсеміздің бек көтеріліп жүру үшін, жемқорлық індетімен белсене күресіп, түп-тамырымен жою қажет. Бұл – індет адамзат баласына жат қасиет. Мен қызмет ететін басқармада жемқорлық атты кеселді алдын алу үшін әртүрлі форматтағы   іс-шаралар өткізіледі. Жас мемлекеттік қызметші ретінде мемлекеттің гүлденуіне, аталған індетпен күресу жолында өз үлесімді қосып жүргенімді мақтаныш көремін.

Өз елімнің гүлдену жолында қызмет ету мен үшін үлкен мақтаныш және абырой деп білемін. Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі елдің ертеңі бізге байланыс­ты. Бір сөзбен айтқанда, билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналуы тиісті. Бүгінде мемлекеттік саладағы мамандардың білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілік асыл қасиет пен ананың сүтімен келетін тәлім-тәрбиені де талап етілетіндігі анық. Менің ойымша, мемлекеттік қызметші тек білімді ғана емес, жоғары моральдық жауап­кершілік пен өз ісіне деген әділдік, адалдық, адамгершілік қасиеттері қағидаларды қатаң ұстанғанда ғана елдің ертеңі нұрлы болады.

Барлық әріптестерімді 23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтап, атқарып жатқан жұмыстарына табыс, мемлекетіміздің көркеюіне бірге үлестерімізді қосуға шын жүректен тілектеспін!

Серік Гүлжан Серікқызы, ҚР Қаржы минис­трлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің бас маманы:

– Мен әкімшілік мемлекеттік қызметке магис­тратураны бітірген кезде, яғни 2016 жылдың күзінде келдім. Бұл қызметке келуіме ешкім де, ештеңе де себеп болмады. Мен мұны жүрегімнің қалауы деп білемін. Ең алғаш рет Медеу ауданы әкімдігіндегі өткен бос лауазым орнына конкурсқа тапсырдым. Шыны керек, конкурстық процестің қалай өтерінен мүлдем бейхабар болдым. Өзім де дайындалмағандықтан, конкурстан оң нәтиже алмадым. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Келесі жолы Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында өткен бос лауазым орнына өткен конкурсқа бардым. Бұл жолы менде тәжірибе болды. Мен конкурстан оң нәтиже алып, алғаш рет әкімшілік мемлекеттік қызметкер атандым. Менің мемлекеттік қызметім кадр саласынан басталды. Кадр саласын әрбір органның жүрегі деп білемін. Себебі кадр қызметкерлері – ҚР Заңдары бекіткен талаппен жұмыс істей отырып, бүкіл органның тиімді жұмыс істеуіне қызмет істейтін кадрларды жинақтап, органдағы жұмыс ахуалын қалыптастыратын бірден-бір сала. Алып шаһар Алматының баурайында өткен жұмысым сапалы қызметкер ретінде қалыптасуыма өз пайдасын тигізбесе, зиянын еш тигізген емес. Мен мемлекеттік қызметте жұмыс істей отырып, өз ойымды 180 градусқа өзгерттім. Неге десеңіз, мемлекеттік қызметке келмес бұрын мен органдағы қызметкерлерде жұмыс жоқ деп ойлаған болатынмын. Құлақпен естігенге емес, көзбен көргенге сен деген сөздің жүз пайызға дұрыс екендігіне көзім жетті. Мемлекеттік қызмет – нағыз қайнаған қазан ортасы. Мемлекеттік қызмет – халықпен тығыз байланыс орнататын орда.

Мемлекеттік қызмет деген менің түсінігімде – Отанға қызмет ету. Жас әкімшілік мемлекеттік қызметкер бола отырып, елімнің алпауыт мемлекеттермен иық теңестіре алуына қызмет етіп жүргеніме, өзімнің тамшыдай болсын септігімнің тиіп жүргеніне қуанамын. Қуанышым өзге адамдарды түсіну, жұмысқа деген махаббат, мол жауапкершілікті сезіне отырып жұмыс істеу сынды қарапайым қағидаларға сүйенген. Аталмыш қағидалардың барлығын өз қызметімнен тауып та жүрген жанмын.

Өзімнің және әріптестерімнің мемлекетіміздің өркендеуіне қызмет етіп жүргендігі қуантады. Мемлекеттік қызметкер болғаным үшін мақтанамын. Бұл – менің таңдауым, бұл – менің жолым!

Дюсембин Еркебұлан Ерболұлы,  «Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ газ инспекция және көтергіш құрылымдарын бақылау бөлімінің бас маманы:

– Қазіргі қоғамда жастардың мемлекеттік қызметке деген пікірі әртүрлі. Көбі жеке кәсіпкер болуды, өз-өзіне жұмыс істеуді немесе алпауыт корпорацияларға барып мол табыс табуды ойлайды. Мен мемлекеттік қызметті таңдадым. Осылайша еліміздің игілігі мен мүддесіне еңбек етуді жөн көрдім. Мемлекеттік қызмет, бұл – тұрақтылық, ертеңгі күнге деген сенімділік кепілі. Мен өз жолымды, болашағымды дұрыс таптым деп ойлаймын. Бәріңе тек сәттілік тілеймін!

Құрметті әріптестер, жыл сайын мемлекеттік аппараттың жұмыс сапасы жақсаруда, оған қоса мемлекеттік қызметкерге қойылатын талаптар да жоғарылауда, сондықтан барлығы біздің жоғары кәсібилігіміз, жанқиярлық еңбек және таңдаған ісімізге деген адалдығымызға, патриотизм мен белсенді азаматтық ұстанымымызға байланысты. Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасы амандығын және кәсіби өсу тілейміз!

Ізгі тілекпен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button