Басты ақпаратДенсаулықЖаңалықтарҚоғамСұхбат

МЕНІ НАҒЫЗ ДӘРІГЕР ҚЫЛҒАН – ӨМІР САБАҚТАРЫ



aksholakov2

Серік АҚШОЛАҚОВ, Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы: МЕНІ НАҒЫЗ ДӘРІГЕР ҚЫЛҒАН – ӨМІР САБАҚТАРЫ

– Өзіңізді жақсы білетіндер әске­ри ұшқыштың баласы дейді. Ауылдың шаңына аунап өскен бала­ны атақты дәрігер болуға кім баулыды?
– Мен де ауылдың баласымын. Әкем соғысқа қатысып, кейіннен әскери қызметке алынды. Сол жақтан әскери ұшқыш болып оралды. Оның жүріс-тұрысы, күнделікті өмір салты темірдей тәртіпке негізделді. Бізді ерте оятып, жұмысқа жегетін. Қаталдау кісі болған соң, көп адам сыртынан батылы бара бермейтін. Сол әкем – бір үйдің ұлдан жалғызы. Шешем де жалғыз. Айтайын деге­нім, біздің үй нағашы атамның үйімен іргелес болды. «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» демекші, өмірлік жолымды таңдауға нағашы атамның ықпалы болды. Ол кісі тегін адам емес еді. Бойында қазақы емшілігі бар, алдына келген ауруды қарайтын. Ем-шөппен емдеп, сынық салатын. Көп сөйлемейтін біртоға жан. Бір қызығы, үйге кім келетінін алдын ала біліп отыратын еді. Мен осы кісінің жанында өстім. Күнде таңертең қолына су құйып, кешкісін бірге батырлар жырын оқып, жыраулар туралы айтысатынбыз. Атамның іс-әрекетін бойыма сіңіргендіктен бе, менің де сынық салатын қасиетім болды.
Естігенде таң қалатын шығарсыз. Дегенмен нейрохирургия саласына кездейсоқ жағдайда келдім. Алғашқыда өзімді травматолог дәрігердің жұмысына даярлағанмын. Бесінші курстан бастап бос уақытымның бәрін травматология кафедрасында өткіздім. Студенттік үйірмелерге бардым, тіпті жұмыс істей бастадым. Алайда бір ғана оқиға менің кейінгі жолымды түбегейлі өзгертіп жіберді.

Коноваловпен кездесу

– Ол қандай оқиға еді?
– Бір күні өзім жұмыс істеп жүрген Ақтөбе қаласына Мәскеуден академик Н.Н.Бурденконың Ғылыми-зерттеу институтынан жас академик Александр Коновалов келді. Мен ол кезде 26 жастамын. Енді ғана Медициналық академияны аяқтағанмын. Бұл кездесу мен үшін жай ғана сәттілік емес, жоғарыға деген жолдама болды. Біз жақсы араласып кеттік, ол менің үйімде бес күн бойы қонақта болды. Бір сөзінде: «Серік, маған кел, нейрохирургияны үйретемін» деді. Коноваловтың осы сөзі соңында менің тағдырымды анықтады.
– Яғни, Мәскеуден бір-ақ шықтыңыз ба?
– Мен травматолог болғым келетінін айттым әрі Мәскеудегі Травмотология және ортопедия инс­титутына оқуға түсуге көмектесуін сұрадым. Бұған Коновалов күліп жіберді. «Алдымен кел, содан кейін шешім қабылдайсың» деді. Осы әңгімеден кейін, тәуекел деп ештеңеге қарамастан, ешкіммен ақылдаспастан, бейтаныс қалаға тартып кеттім.
Мен сол кезде өз арманымды өзгерткен жоқпын, керісінше, іздегенімді таптым. Хирургиядағы бұл кәсіп анағұрлым күрделі, анағұрлым жұмбақ және ең бастысы біздер үшін, қазақстандықтар үшін, жаңа кәсіп еді.
– Сол кездері біздің елдегі жағдай қандай еді?
– Қазақстанда 80-жылдардың басында дәл мұндай нейрохирургия болмаған. Бұл – игерілмеген тың сала. Еліміз бөлімшелерді ашуға енді ғана бел буып жатқан. Ал мен мұнда қызметті жаңа ғана бастаған дәрігер бола тұра, академик Н.Н.Бурденконың Ғылыми-зерттеу институтының директорының кабинетінде отырмын! Иә, мен тіпті өзімнің осы жерде отыратынымды елестетіп те көрген емеспін. Себебі бұл араға тіпті ғылым докторларының өзі де кіре алмайтын. Мен мұны қазір түсінемін, бұл ойға сыймайтын жағдай – ешқандай аға-көкесіз осындай беделді адамның алдына келу және нейрохирургияға қатысты барлық сұрақтарға толық жауап алу.
Барлығын көріп-білгеннен кейін директор маған жыл сайын келіп тұруды тапсыра отырып, алғашқы екі жыл Қазақстанда нейрохирург болып жұмыс істеуді ұсынды. Содан бері мен жыл сайын демалысымды Мәскеу ҒЗИ-де өткіздім және институт үшін ақ халат киген өз адамына айналдым. Бұл мен үшін барлық арманымнан да жоғары еді.
Тәжірибеден өткеннен кейін аспирантураға түсуге бел будым. Дәл сол кезде біздің елімізде бір орын бөліне қалды. Бірақ осы сәтте екі жылдағы жақсы жұмысым үшін мені мақтап жүрген Коновалов аспирантурадан айнытып тастады. «Өз қызметіңді бұлайша бас­тама. Аспирантура – бұл ғылым үшін. Сенің дәрігер болуың керек, мен саған екі жыл клиникалық ординатураны ұсынамын, ал содан кейін аспирантураға түсе бер» деді жанашырлықпен. Бәлкім, осы адамға «гипноздалған» болармын, әйтеуір, ойланбастан келісімімді бердім. Сол кезден бастап мен отандық нейрохирургия саласына қызмет етіп келемін.

Орталықта 15 мыңдай операция жасалды

– Қазіргі уақытта нейрохирургтарды даярлау деңгейі қалай дамып келеді?
– Әрине, бүтіндей өзгеріске ұшырады, бұл бағыттың өзі ғаламдық өзгерістерді басынан кешірді. Отыз жылдан астам уақыт жұмыс жасайтын отандық нейрохирургияның дамуы туралы айтар болсам, бізде адам өмірін сақтап қалған «алтын қолды» хирургтар болды. Адам өмірін құтқару аса қымбатқа түсті. Ескірген құрал-жабдықтар, қарабайыр жабдықталған операция жасау залдары, дәрі-дәрмектердің тапшылығы… Хирургияның әлемдік соңғы әдістемелеріне қол жеткізу арман болатын. Аллаға шүкір, соңғы он жыл ішінде нейрохирургия саласында айтарлықтай ілгерілеу орын алды.
Мемлекет басшысының қол­дауымен денсаулық сақтау сала­сындағы өзгерістер біздің сала­мызға тың серпін әкелді. Нақты айтсам, Ұлттық нейрохирургия орталығы құрылғалы 8 жыл ішінде Орталық Азия мен біздің елімізде бұрын-соңды қолданылмаған 60-тан аса жаңа технология енгізілді. Орталықта шамамен 30 мыңға жуық науқас емделді, 15 мыңдай операция жасалынды. Оның 70%-ында жаңа технологиялар қолданылды.
Кадрлардың әлеуеті туралы айтсам, мұнда 93 дәрігер жұмыс істейді, оның 44,4%-ы – жоғарғы санатты. 17%-ы бірінші санатқа ие болса, 230 орта медициналық персонал бар. Дәрігерлеріміз АҚШ, Италия, Швейцария, Австрия, Германия, Израиль және Ресейдің үздік клиникаларында тағылымдамадан өткен. Қазіргі уақытта дәрігерлердің көбі ағыл­шын тілін upper-intermediate дең­гейінде меңгерген. Ғылыми қыз­меткерлер 4 медицина ғылым­ы­ның докторы, 3 PhD докторы, 16 медицина ғылымының кандидаты бар.
– Жалпы, нейрохирургиялық аурулардың ерте кезеңін қалай анықтауға болады, әлде тез арада дәрігерге көріну қажеттігін сездіретіндей нақты сырқат белгісі пайда бола ма?
– Нейрохирургиялық патоло­гияның түрі көп. Ол әртүрлі сырқат белгілерімен көрініс беруі мүмкін. Әрбір нейрохирургиялық сырқат үшін, әсіресе аурудың ерте кезеңдерінде өзіне тән нақты бір белгілері болады. Мәселен, ауру барысындағы клиникалық сурет алуан түрлі. Барлық көріністер мен сырқат белгілері бас миының қай тұсы немесе қай бөлігі аурумен зақымдалғандығына байланысты. Әдетте, бастың әртүрлі бөліктеріндегі ауру, бастың айналуы, жүрек айну, лоқсу, қатты шаршау, ұйқы басу, жады мәселесі, галлюцинациялар, эпилептикалық талма, қозғалыс үйлесімінің бұзылысы тәрізді белгілер байқалады.
Бас ауруы, шуыл және бастың айналуы, жадының төмендеуі, естудің нашарлауы, шаршаудың жоғарылауы, жұмыс қабілеттілігінің төмендеуі тәріздес сырқат белгілері тек қана кәрі адамдарда ғана емес, тіпті орта жастағы адамдар мен жастарда да кездеседі.
Көбіне науқастар, тіпті кейбір медициналық қызметкерлер де мұндай шағымдарға баса назар аудармайды. Жұлын патологиясы барысында неғұрлым жиі шағым белдің ауруына, мойынның ауруына, аяқтардағы созылмалы аурулар, қол-аяқтың жансыздануы, шаншу, жауырын арасының ауруы және басқа да сырқат белгілері болып табылады.
– Орталықта нейрохирур­гия­лық оталардың барлық түрі жүргізіле ме?
– Қазір Қазақстандағы нейрохирургия өте белсенді дамып келеді. Алайда қысқа уақыт аралығында үлкен жарылыс жасау мүмкін еместігін ескеру қажет. Қалыптасу кезеңі болады. Медицинадағы кез келген бағыттың дамуы үшін белгілі бір уақыт қажет. Дегенмен Қазақстан нейрохирургиясындағы әлемдік табыстар басқа елдерге қарағанда ерекше қарқынмен енгізіліп жатқандығын сенімді түрде айта аламын. Біз үздік әлем­дік тәжірибеге қол жеткіздік. Дәрігердің біліктілігімен қоса, қазіргі заманға сай жабдық пен техника да маңызды рөл атқарады. Біз жаңа жабдықтар алуға, тұ­рақ­ты түрде жаңа қызметтер енгізіп тұруға және технология­ларды жетілдіруге тырысамыз. Бүгінгі таңда біз гамма-пышақ қолданылған операциялардан басқа, оперативтік араласулардың барлық түрлерін жүргіземіз. Осы бағытты практикаға енгізу орталықтың жоспарында бар.

Миллиметрлік қателесу – қауіпті

– Адамның миы – жұмбақ жаратылыс. «Ғылымның дамығаны сонша, басты теспей-ақ миға ота жасалады» деген пікір қан­шалықты шындық?
– Біз бас миының тамырлы ауруларын емдеудің төмен инвазивті әдістерін пайдаланамыз. Мұндай операциялар мидың бас сүйегін тесусіз жүргізіледі. Яғни, тамырға катетер арқылы енеді, емдеу инсульттің алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, омыртқа және жұлын миы патологиясы барысында реконструктивті операциялар жасалынады. Бүкіл Орта Азияда жоқ функционалдық нейрохирургия бөлімшесін ашқанымызды мақтанышпен айта аламын. Паркинсон ауруын, әртүрлі қозғалыстық бұзылыстарды, эпилепсияны, балалардағы бас миы ауруларын, БЦС кейбір түрлерін емдейміз. Бас миының терең орналасқан ісігіне операция жасау барысында навигациялық жүйені қолданамыз. Бұл дәл түсу мүмкіндігін береді. Мида өмірлік маңызды учаскелер орналасқан, миллиметрлік қателесу болса, адам сөйлеуден айырылады немесе ол мүлдем сал ауруына ұшырауы мүмкін.
– Ал нейрохирургияның өңірлік дамуы қай сатыда тұр?
– Өңірлік нейрохирургиялық қызметтің даму деңгейі жыл сайын жақсара түсуде. Біздің орталықта бұған шамадан тыс көмек көрсетіледі. Тұрақты түрде орталықта өңірлерге жаңа технологияларды енгізу трансферті, орталық негізінде аймақтағы мамандарды оқыту, әртүрлі конгрес­тер, семинарлар, оқу курстарын, телеконференцияларды өткізуді ұйымдастыру жүзеге асырылады. Барлық өңірлердің нейрохирургтарын басын біріктірген Қазақ нейрохирургтар қауымдастығы табысты қызмет етіп келеді.
Қазіргі күнде өңірлік нейрохирургтарымен 1-3-санаттағы күр­деліліктегі нейрохирургиялық операциялар жасалады. Алайда медициналық ұйымдардағы мате­риалдық-техникалық базадағы жеткіліксіздік аймақта неғұрлым күрделі нейрохирургиялық әре­кет­терді жасауға мүмкіндік бермейді. Сонымен бірге, бірнеше облыстар қатарындағы балалар нейрохирургиялық қызметінің жоқтығы, сәйкесінше, балалар нейрохирургтерінің жеткіліксіздігі өзекті мәселе болып отыр.

Жарық көрмеген баланың тағдырына да жауапты болдым

– Сіздің орталыққа көбінесе қандай ауруға шалдыққан нау­қастар жүгінеді?
– Бізге көбіне бас және жұлын миының ісігіне шалдыққан, бас миы тамырларының ауруы­на шалдыққан науқастар, әр­түрлі қозғалыс бұзылыстары бар науқастар жүгінеді. Бұдан басқа, біз балалардағы әртүрлі нейрохирургиялық патологияларды емдейміз.
– Мұндай аурулардың алдын алу үшін қалай күтінген жөн?
– Тұрғындарға тек қана салауатты өмір салтын ғана емес, сонымен бірге өз денсаулығына өте мұқият қарауды ұсынар едім. Мәселен, қатерлі ісік ауруына адамдар үнемі абайсызда ұшырайды. Шылым шегу және маскүнемдік тәрізді зиянды әдеттер зақымдаушы факторлар болып табылады. Асқазан-ішек жолдарының жағдайын қадағалап отыру және азықтануда жеміс-жидектер мен көкөністерді көптеп пайдалану өте маңызды. Олар асқазан моторикасы үшін пайдалы ғана болып қоймады, оған қоса, ағзаға дәрумендер түсуіне ықпал етеді, яғни бұл дегеніміз – адамның иммунитеті тек қана нығая түседі деген сөз. Әр адам өз ағзасын тыңдай білу керек, ағза үнемі қандай мәселе бар екендігін өзі-ақ білдіреді. Бұған сену қиындау, бірақ көбіне шындыққа алып келеді. Әр азамат үшін денсаулық – оның бар байлығы. Бұл – бүтіндей мемлекеттің алдында тұрған жауапкершілік.
– Әр хирургтің өмірлік тә­жірибесінде естен кетпес оқи­ғалар болады. Сіз үшін қандай сәт әлі күнге дейін ұмытылмай келеді?
– 2008 жыл. Бір перзентхананың бас дәрігері қоңырау шалды. Қиын жағдай болған. Босанушы әйел өлім мен өмір арасында жатыр. Компьютерлік томография жасап үлгердік және артерия-веналық мальформацияның өте үлкен жарылысын және бұл әйелдің миы­на қан құйылып жатқандығын диагностикаладық. Ол 26 жаста екен. Бірінші жүктілік. Қабылдау бөлмесіне әйелді алып келгенде, тыныс алуы тоқтап қалды. Бұл мерзімінен бұрын босануға алып келді. Тіпті, талқылайтын уақыт жоқ. Әйелді бірден операция бөлмесіне көтердік және екі бригада операция­ны бастап та кеттік.
Нәтижесінде мынадай жағдай болды: мидың ісінуі басталып кетуі мүмкін болғандықтан, бас миына операция жасадым, ал гинекологтар болса баланы құтқарды. Аздаған минуттар ішінде өмірге бала келгені есімде. Бірақ балада өмір сүру белгісі байқалған жоқ – жыламады.
Бала да наркозда болып шықты. Операция 8 сағатқа созылды. Әйел 21 күн комада жатты. Содан кейін оянып, өмірге қайта оралды. Айта кетейін, ауруынан айыққан әйел нейрохирургтардың екінші съезінде біздің қонағымыз болды. Осы операция әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Бұл менің алдымдағы бір ғана адамның тағдыры емес, бірден екі адамның тағдыры, әлі мына жарық дүниені көрмеген адамның тағдырын шешетін сәт еді.
Тағы бір оқиға есімнен кетпейді. 2012 жыл. Алматыдан қоңырау шалды. Әңгіме 36 жастағы әйел туралы. Ол үш мәрте ЭКО ұрықтандырудан кейін ғана жүктілікке қол жеткізген екен. Өкініштісі, күрделі бас миының ісігі табылған. Кез келген уақытта өліп кетуі мүмкін. Дәрігерлер қорыққаннан жасанды жолмен босануды ұсынған. Біз бұл іске әйелдің жағдайын бақылап отыру үшін Ана мен бала орталығының дәрігерлерін шақырдық. Әйелді бізге алып келгеннен кейін операцияның жүру барысын талқыладық. Сол кезде әйелдің күйеуіне қарап отырып, егер бұл бала болмаса, осы отбасы күйрейтінін сездім. Әйел болса баланың өмірін сақтап қалу үшін өлімге де даяр еді. Бізге әлемдік тәжірибеге сүйенуден басқа амал қалмады. Көрші орталықтағы әріптестерім мен ісікті алғанша баланың жүрек қағысын қадағалап отырды. Әйелдің өз-өзіне келгеннен кейін ең бірінші сұрағы баланың амандығы еді. Өзінің жағдайы туралы тіпті бірде-бір сұрақ қоймады. Біз сол кезде әрекетіміздің өте дұрыс болғандығын түсіндік. Біз баланы сақтамаған болсақ, әйелдің өмірі де үзілер еді.

Ең үлкен бақыт – науқастарыңды сау қалпында көру

– Мойындау керек, кейде пенде болған соң айналамызда арзан күлкі, бос әңгіме, орынсыз қалжыңдар орын алып жатады. Ал мұнда сіз секілді адамдар жан тебіренерлік түрлі жағдайды бас­тан кешіруде. Сіз үшін өмірдің ең басты құндылығы неде?
– Мен үшін өмірдегі басты марапат – өз науқастарымды дені сау және бақытты қалпында көру. Өзім бір кездерде көмек берген адамдарды кездестіргенде қандай қуаныш сезімі билейтіндігін көрсеңіз! Олардың есімдерін білмеймін де, ал олар болса үнемі мені естеріне алып, арнайы келіп амандасып, алғыстарын айтып тұрады.
Мені нағыз дәрігер қылған – өмір сабақтары. Мен де мүм­кіндігінше бар білгенімді, білімімді беруге тырысамын. Осы жылдар ішінде 5 медицина ғылымының докторын, 25 кандидатын, 30-дан астам клиникалық ординаторларды, резиденттерді даярладым. Менің бақытыма орай, командамда жаңа технологияларды жылдам игере білетін, ағылшын тілінде танымдары жеткілікті, дарынды нейрохирургтар жұмыс істейді. Олардың жаңа білімге деген құштарлығы тым жоғары. Менімен бірге жұмыс атқарып жүрген мамандар – АҚШ, Израиль және Еуропа елдерінде білім алған, сол елдерде әзірліктен өткен, өз істерінің нағыз кәсіпқойлары. Мен өз шәкірттерімді мақтан тұтамын. Мен үшін ең басты құндылық – осы.
– Кәнігі маман ретінде нейро­хирургияның болашағын қалай елестетесіз?
– Менің ойымша, қазақстандық нейрохирургия қызметі қазіргі таңдағы нейрохирургияда кез­десетін барлық әлемдік тренд­ке сай дамитын болады. Олардың қатарында қазірде нейрохирур­гиялық диагностиканың идеалды әдіс белгілеріне жақындауын (ауырсынусыз, қансыз, қауіпсіз бас және жұлын миы патология­сын бірден және тікелей көре білу), паллиативті операциялардың радикалды операцияларға ауысуы, жеңіл инвазивтілігі төмен операциялардың таралуын атауға болады. Сонымен бірге, орталық жүйке жүйесінің ошақты патологиясын хирургиялық және нейрохирургиялық жаңа емдеу тәсілдерін енгізу, реконструктивті және косметикалық нейрохирур­гияның дамуы және тағы басқалары да бар. Бұл бағыт Қазақстандағы нейрохирургияны дамытудың басым бағыттары болмақ. Сонымен қатар, аймақтардағы нейрохирургия саласының тиісті түрдегі қалыптасуына, кадрлар даярлау мәселесіне, осы саладағы медицина ғылымының дамуына басты назар аударуымыз қажет.

Туған ауылыма жиі жол тартамын

– Сіздің алдыңызға көмек сұрап келетіндердің санында шек жоқ. Сонау туған ауылдың адамдары да жиі іздеп келетін шығар?
– Егер сенің қолыңнан ешнәрсе келмейтін болса, саған келмес еді және де көмек көрсетуге мүмкіндігің болса, жақсы. Мен әлгінде ауылда өскенімді айттым, бірақ қалада тұрғаныма қаншама уақыт өтті, былайша айтқанда ауылдағылардың арасынан танитыным саусақпен санарлық. Бірақ мен туған ауылда тұрып жатқан адам­дар орталыққа келген кезде, ме­нің кабинетіме есік қақпастан кіреді.
Ауылда өзімнің 90 жасқа келген аяулы анам бар, оның жағдайын білу үшін кіндік қаным тамған ауылыма жиі барамын. Ауылға барған сайын мектеп пен ауруханаға бас сұғамын. Менің кеңесімді алуға тілек білдіргендер үйдің ауласына жиналады. Күніне 10-15 адам келеді. Мен олардың барлығын қабылдаймын, әрине келген адам­дардың көпшілігінің мәселелері нейрохирургияға қатысы жоқ, алайда бұл маңызды емес, қолым­нан келгенше көмектесуге әзірмін.
– Сіздің жолыңызды кім қуып келеді?
– Менің отбасым – мен үшін берік қорған. Жұмыста қанша қиын болғанымен, бәрібір үйге ораласың. Үйде жаныңа жайлылық сыйлайтын жағдай орнаса, онда барлығы жақсы болады. Менің жұбайым да дәрігер, сондықтан ол мені әрқашан түсіне біледі, әрдайым қолдау көрсетеді. Біз Баян Төлеуқызымен студенттік шақтан біргеміз. Біздің есейген екі ұлымыз және төрт немереміз бар. Немерелеріміздің үлкені – Райымбек мектеп бітіргелі отыр, кішісі Едігенің жасы – бірде. Екіншіміз Алдияр 13-те болса да, нейрохирург болуды мықтап жоспарлауда. Менің кішкентай немерем Айбибі де ақ халат киіп, адамдарды емдегісі келеді. Олардың да арманы орындалса екен деп тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button