ЖаңалықтарҚоғамТаным

САҢЛАҚ САРДАР

1153440733_big

Ұлтымыздың ұлы тарихында өз есімдерін тасқа мәңгі қашап жазған тау тұрпатты тұлғалар жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі – армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, еліміздің алғашқы Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов. Ардақты атамыз көзі тірісінде қаншама марапатқа ие болды. Соның ішінде батырдың туған елі деп айтуға болатын Астана қаласының да құрметті азаматы атанды.

АҚКӨЛДЕН ҰШҚАН АҚИЫҚ

Көреген қолбасшы 1924 жылы Ақмола облысы, Ақкөл ауданындағы Қосым деген ауылда дүниеге келеді. Батырдың балалық шағы бақытты болды деп айта алмаймыз. Ол өмірге келерден бір ай бұрын әкесі Қожахмет өмірден өтеді. Анасы Айсаға осы қайғы қаншалықты ауыр болса да, қиындыққа мойымай, екі баласын бетінен қақпай өсіреді. Алайда ағасы екеуі ержетіп келе жатқан шақта анасы дүние салады. Онда Сағадат жеті жасқа енді толған еді. Енді оған жалғыз ағасы Сағит қамқор болады. Жастайынан ауыл ақсақалдары айтқан батырлар жырын тыңдап, солардың тәрбиесін алады. Аталас туысқаны Әлжан қарияның бұрынғы өткен бабалары туралы түн асырып айтқан әңгімелері оған қуат береді. Өскенде солар секілді батыр боламын деп талпынады. Содан бе екен, ол жасынан өжет, өткір болып өседі. Ақкөлдегі орта мектепті үздік тәмамдайды. Болашақта мектепте балаларға сабақ беретін үлгілі мұғалім болсам деп армандайды. Әсіресе, тарих пен географияны жақсы көреді. Алғашқы еңбек жолы да туған ауылында басталады. Кім біледі, сұрапыл соғыс басталмағанда атамыз ұстаздық жолдың да бағын жандырар ма еді?! Бірақ ол қазақтың әскер жолын қуған ұландарына ұлағатты ұстаз болды.

ОН ТОҒЫЗЫНДАОТ КЕШКЕН

«Соғыс басталды» деген сұмдық хабар қиырда жатқан қазақ даласын дүр сілкіндірді. Қолға қару ұстауға жарайтын ер-азаматтардың бәрі майданға алынды. Елде егде қариялар мен әйелдер қалды. Туған ауылында еңбек етіп жүрген жерінен 1942 жылы әскерге шақырылады. Алдымен ол Түркіменстандағы Күшка қаласындағы әскери училищеде оқиды. 1943 жылдан бастап қан майданның бел ортасына кіреді. Бұл жаудың әлі беті қайтпаған шағы еді. Жасынан батырлық пен батылдықты үлгі еткен қайсар азамат соғыста да осы қасиетінен айныған жоқ. Алғашқыда пулемет взводының, одан кейін пулемет ротасының командирi, 5-екпiндi армияның II дәрежелi Суворов ордендi 301-Донецк атқыштар дивизиясының, 1052-атқыштар полкы құрамында батальон командирi лауазымында жауға қарсы шайқасып, оқ пен оттың ортасында жүрді. 1945 жылы 27 ақпанда Польша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы мүлтіксіз орындаған ержүрек ерлігі үшін оған 21 жасында Кеңес Одағының Батыры атағы берiлдi. Сол кезде әскери журналист ретінде майдан газетінде жүрген белгілі қаламгер Мұса Дінішев батыр атағын алған жас Сағадат туралы баспасөзге алғаш мақала жазып, оны халқымызға кеңірек таныстырады. Сөйтіп, жиырмадан енді асқан жас азаматтың жанқиярлық ерлігі сол кездегі қазақ жастарына үлгі бола білді.
Одан кейін Нұрмағамбетов басқарған батальон рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылда да қаһармандық көрсетті. Соғыстан кейін де даңқты атамыздың өмір жолы әскери саламен байланысты болды. 1946-1949 жылдар аралығында Мәскеудегі М.И.Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдап, Орта Азиядағы Түркістан әскери округінде полк басқарады. Содан соң әртүрлі штабтық, командалық лауазымдарда, оның ішінде Қазақ ССР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары қызметін атқарады.

ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНЫҢ ҚЫРАНЫ

Еліміз егемендік алып, азаттықтың көк байрағы желбіреген шақта Елбасы тәуелсіз мемлекеттің қорғаныс саласын құрып, дамытуды әскери саладағы тәжірибесі мол Сағадат Нұрмағамбетовке жүктейді. Жасы жетпіске келген ақсақал болса да, көрнекті әскери қайраткер қырандай дүр сілкініп, туған елінің тағдыры үшін қорғаныс саласын көркейтуді қолға алады. Қорғаныс министрлігін құрды. Оған Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін әскери мамандар жетіспей жатты. Сондай қиын уақытта ол кісі жас офицерлерді әскери машыққа баулу жолында көп тер төкті. Оған жан-жақта жүрген қазақ ұлтынан шыққан әскери мамандарды шақырды. Сол кездегі жағдай туралы әскери саладан бірінші ғылыми докторлық қорғаған Ким Серікбаев ағамыз «Ол уақытта мен Президент аппаратының Қорғаныс бөлімінде меңгеруші болып қызмет еттім. Сонда Сағадат ағамның маған айтқаны: «Ким інім, маңайыңа жақсы жігіттерді жинап, қорғаныс ісінің келешегі болуы үшін және әскеріміз мығым болуы үшін қажетті құжаттарды жаз. Бізге әскери доктрина керек. Мен әскери практика жөнінен жұмыстанайын, сен әскери теория барысын бекемде. Сөйтіп, еліміздің қорғанысын нығайтайық» деген еді» деп жазады.
Бүгінде тәуелсіз мемлекетіміздің қор­ғаныс саласының іргесі мығым, айбары қуатты. Соны қалыптастыруда Сағадат атамыздың еңбегі зор. Қазіргі әскери саладағы генерал атанғандардың бәрі де алғашқы Қорғаныс министрінің шәкірттері деп айтуға болады. Елбасы халықтың ықыласына бөленген асыл азаматтың қорғаныс саласына сіңірген өлшеусіз ерлігі мен еңбегін бағалап, 1994 жылғы 23 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Халық Қаһарманы атағы мен №1 «Алтын жұлдызды» табыс етті.

ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ

Өткен жылы режиссер Сатыбалды Текеевтің даңқты дарабоздың өмірінің соңғы жылында түсірілген «Соңғы сұхбат» атты деректі фильмін көрген едік. Сонда батырдың жылы әсерге толы әңгімелерін тыңдадық. Соғыста басынан өткен оқиғалар жайында айта келіп: «Қан майданда қазақтың жігіттері өжет болды. Біз соғыстың алдыңғы шебінде жүрдік. Бабаларымыздан қалған айбын біздің бойымызда болды. Сондай қиын сәттерде халқымызға артық сөз келтірген жоқпыз. Қайта өзге ұлттың өкілдері бізге қызыға қарайтын еді» деп айтқаны жадымда қалыпты. Ол кісі өмірде жөнсіз сөйлемейтін, ұстамды, сабырлы кісі болған. Кітап пен музыканы ерекше қадірлеген. Қызы Салтанат әкесінің жаңа жарық көрген тарихи кітаптарды құмартып оқығанын айтады. Осындай туған халқының бағына туған ардақты азамат 2013 жылы 89 жасында дүниеден озды.
Бүгінде Астанада көзі тірісінде армия генералының есімі берілген Сағадат Нұрмағамбетов атындағы республикалық «Жас ұлан» мектебі жұмыс істейді. Онда батыр бабасының ерлік жолын жалғайтын қазақтың балалары білім алуда. Олардың қатарында Халық Қаһарманының тікелей ұрпағы да бар. Кім біледі, олардың арасынан да келешекте баһадүр Сағадат атасы секілді талай қаһармандардың шығары хақ. Өйткені жақсылар салған жол ешқашан өшпейді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button